Қоғамымыздың болашағы – білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке талпыну. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде 21 қараша күні «Егемен Қазақстанда» жарық көрген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының маңызы ерекше зор. Екі бөлімнен тұратын мақаланың «Ұлт тарихындағы уақыт пен кеңістік» бөлімінде Ұлы даладағы ежелгі металлургия, атқа міну мәдениеті, аң стилі, Қазақстан — алма мен қызғалдақ отаны тақырыптары қамтылса, «Тарихи сананы жаңғырту» бөлігінде Ұлы есімдер, түркі әлемінің генезисі, ежелгі өнер мен технологиялар музейі, дала фольклоры, кино мен телевизия өнері туралы айтылған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы идеяларын насихаттай отырып, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында көрсетілген көптеген бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Университетте осы бағыттардың бірі «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы табысты жүзеге асуда. Бұл жоба жастарды азаматтық және рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуде зор нәтиже беруде. Осы аталған жоба аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен ғылыми-танымдық, тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өткізіліп отырады.
Елбасы тарихта ойып тұрып орын алатын адамдар құрметіне «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды ұсынады. Міне, осы орайда мемлекет басшысының ұсынып отырған мақаланың бір бағыты «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобалары аясында түрлі іс-шараларды жүзеге асыруда шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы белсенді жұмыс істеуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық жазушысы Ә. Нұршайықовтың шығармашылығына орай «100 кітап» жобасы аясында «Әдеби жыр кешін» өткізді. Бұл шара ҚР Ұлттық кітапханасының Кіші залында болды. Әдеби кешке ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкерлері, кафедра оқытушылары мен Алматы қаласының студент жастары мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Бұл кешке Абай атындағы ҚазҰПУ, Сүлейман Демирель атындағы қазақ-түрік университетінің, ҚА Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, Нұр Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің, ҚазМемҚызПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі білім беру факультетінің, колледждің және бейіндік мектептің оқытушылары, студенттері мен оқушылары қатысып, өздері шығарған өлең жолдарын оқып, көрнекті қаламгердің еңбектері туралы ой-толғаныстарымен бөлісті.
Өмірдің сан алуан қиындығын бастан кешсе де, өзі таңдаған сара жолдан таймай, өмірінің ақырғы күндеріне дейін адамзатқа рухани азық сыйлап, ұрпақты ізеттілік пен сүйіспеншілікке баулып өткен Әз ағаның шығармаларымен сусындату – кештің басты мақсаты болды.
Жыр сүйер қауыммен профессор Ж.Ә. Нұршайықова жазушы отбасы атынан естелік әңгімелерімен бөлісті. Аға оқытушы И.И. Сапронова, доцент Г.С. Қойшыбаева жыр кешін өлеңмен бастап берді. Кешті қаламыздың ЖОО студенттері мен қонақтары жалғастырды.
Студенттер Әзілхан Нұршайықов шығармаларының танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болғаны туралы мәліметтермен танысты. Қазіргі жас буын ұрпақ Әзілхан ағаның шығармаларына терең бойлап, көкіректеріне түйген сырларын шынайы көркемдеген. Олардың арасында болашақ қара сөз шеберлері де, сөзін өлеңмен өрген болашақ ақындар да кездеседі.
Біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміздің мол қазынасы әрі «Ұлы Даланың ұлы тұлғасы» және бүгінде аты аңызға айналған Әзілхан ағаның шығармаларын әрбір жас оқуға тиіс 100 кітаптың бірі ретінде дәріптеліп, тәлім-тәрбиесі мол «Әдеби жыр кеші» жоғары деңгейде өтті.
А.Е. Саденова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасы