Home » Мақалалар » Ұлы даланың рухани мәдениеті

Ұлы даланың рухани мәдениеті

Көшпенділер мәдениеті өзінің 3 мың жылдық тарихында Жерорта теңізі мен Қиыр Шығыс елдеріне қарағанда шығармашылық эволюцияны әлдеқайда ертерек бастан өткергені белгілі. Яғни, әлеуметтік-экономикалық формациялардың алмасу, соған орай адамдардың танымдық, мәндік көзқарастарының өзгеруі мәдени-рухани шыңдалуға жағымды ықпал еткені даусыз.

Алайда, табиғатпен тіл табысу арқылы, экожүйеге бейімделудің арқасында уақыт пен кеңістіктің арақатынасын шебер меңгеріп, көшпенділер шаруашылығы-мәдени типтің ең маңыздысы болғаны анық. Алтай мен Карпат тауларының арасында керіліп жатқан Ұлы далада технократтық даму пайда болғанға дейін табиғи түрде өмір сүру үшін тек қана көшпенділік өмір салты ғана мүмкін болды. Осы жерде атақты ғалым В. О. Ключевскийдің сөзімен айтқанда «дүниенің мәнін өзгерткен мылтық пайда болғанға дейін «көшпелілер тарихтың дырау қамшысы болды», деген ой-тұжырымы орынды болып келеді.

Көшпелі халықтардың мәдениеті отырықшы елдердің мәдениетін жалғастырушы, Шығыс пен Батысты түйістіруші рөлді атқарды. Көшпелі қоғамның негізгі өмір сүру салты динамикада болғандықтан, олардың басқа мәдениеттерден оқшауланып қалмауына, үнемі жетілуіне де әсері тиіп отырды.

Қазақстан аумағы адамзаттың ертедегі дәуірлерінен, нақтырақ айтқанда, біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтың басынан бастап ХХ ғасырға дейін еуразиялық номадизмнің эпицентрі болып қызмет еткені тарихтан белгілі. Мұндағы «Еуразия»деп аталатын шартты тарихи-географиялық термин – Орталық Азияның негізгі территориясы, оның кіндігі Карпаттан Алтайға дейін созылып жатқан «Ұлы дала» деп аталатын кеңістік. Адамзат баласының тарихындағы ең ұзақ жасаған (үш мың жыл) әлеуметтік тарихи формацияның, «көшпелі өркениеттің» немесе «далалық өркениеттің» өн бойында осы территорияны мекендеген көшпелі этностардың үздік жетістіктерін бойына сіңіре отырып, өзіндік көшпелі шаруашылық-мәдени дәстүрін сақтап қалған бірден-бір халықтардың бірі қазақтар. Осы ойды ұлтымыздың бетке ұстар ғалымдары қолдайды. Сондықтан да олардың дәстүрлі этномәдениетінің негізгі архетипі – көшпенділік.

Көшпенділер мобильді өмір сүру тәртібінің нәтижесінде құрлықтың алатын кеңістіктерін – Еуразияның далалы аймақтарын, Орталық Азия мен Арабияның, Солтүстік Африканың шөлді аймақтарынан бастап, азиялық және америкалық тундраның қиыр солтүстіктеріне дейінгі жерлерді игерді. Көшпелі тайпалардың өте кең амплитудасының соған сәйкес олардың мәдениетіне таралуы Еуропа, Азия, Африка және Америка халықтарының қалыптасуына ықпалын тигізді. Үндіеуропалық, афроазиялық тіл семьяларының қалыптасуы көшпенділердің құру аймақтар кеңістігінде қоныс аударулармен тікелей байланысты. Әлемдегі Еуразия құрлығындағы Хинган мен Ефрат тауларының аралығын алып жатқан Ұлы дала кеңістігі табиғи географиялық бітім қасиеті жағынан аз күш жұмсап өнім алуға қол жеткізетін көшпелілік салттың кіндік мекені екені даусыз. Міне табиғатпен тіл табыса орныққан тамаша салт-дәстүрлерімен де дәлелдейді.

Көшпенділік интенсивтілікпен кеңестікті игеру арқылы ақпараттар алмасуын, мәдениеттердің үндестігін, ұлтаралық коммуникацияны қамтамасыз етіп, кейбір әлемдік өркениеттердің қалыптасуына ықпал етуші объективті фактор екендігін дәлелдейді. Ұлы даланың төсінде адамзат тарихында көшпенділер қалыптастырған өркениетінің белгісі болып табылатын атқа міну мәдениеті уақыт пен кеңістіктің арасын жақындатса, ұлттық зергерлік, ұсталық, металмен жұмыс істеу, құйма құю, әлемдік өнердің феномені болып табылады. Түркілердің өнер мен ғылымға деген өзіндік әмбебаптық жүйесі әлемдік ойшылдықты қалыптастырды. Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыстың арасындағы өркениеттерді байланыстыратын алтын көпір болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде бабаларымыздың қалдырған әлеуметтік-адамгершілік үлгідегі өсиеттер мен рухани мұраны терең насихаттап, қалың көпшіліктің игілігіне жарату қажет. Бұл жас ұрпақты ізгілікке, жүрек пен жанның тазалығына, білімділікке, имандылыққа, адамгершілілікке, парасаттылыққы, әсемдік пен әдептілікке баулып, тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға өзіндік үлесін қосады, қоғамды зиялылыққа үндейді.

Б.Кожамберлиев
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша ПҚБАИ кафедра меңгерушісі философия ғылымдарының  докторы, профессор

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.