Home » Мақалалар » Ұлы даланың жеті қыры

Ұлы даланың жеті қыры

Мен бұл мақаланы оқи отыра Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына тағы бір мәрте қанықтым.

Жаяу жүрсе — бір қазақ, атқа мінсе — мың қазақ,- демекші ертегідей ескі заманның өзінде даланың дүлділі сәйгүлікті қолға үйретіп, адамзат баласына атқа міну мәдениетін қалыптастырып, тасты талқандап, болатты балқытып, темірден түйін түйіп, дала заңына бас ұрған данышпан қазақ екені тайға таңба басқандай жазылған бұл мақалада.

Тауында жатқан тасын түрсең тарихы сөйлейтін даламыздан Алтын адам табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен алтын етек Алтайдың Түркі әлемінің алтын бесігі атануы заңдылық деп білемін.

Ендігі осы бай тарихымызды түгендеп, өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді қайта жағу жолында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасының маңызы айтпасада белгілі. Себебі ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материалдар шаң басқан архивтермен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне осы орайда мемлекет басшысының ұсынып отырған  «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобаларды мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деп, санауға болады.

Мен бұл мақалаға көз сала отырып, қарға тамырлы қазақтың ғана емес түбі түркі дүниесінің тарихын түгендеген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевты түркі тілдес халықтарының көш басшысы ретінде таныдым.
Аталған мақалада жоғары айтылған тарихи тың деректер мен архивтерден табылған құнды құжаттар ұлттық сарындағы жаңа деректі және көркем фильмдердің сценарийлеріне арқау болатыны айтылған.

Қорыта келгенде  ұлттық санасы жаңғырып, рухани жаңғыру жолында тарихын түгендеп, атына қайта мінген қазақтың кеудесін ешкім баса алмайды. Бұл менің мақаланы оқудан түйген ойым.

Өз ойымды ел басының «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өйткені мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» екеніне сенім білдіргім келеді.

Досжан Гүлназ
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№ 102 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.