Home » Мақалалар » Ұлы даланың жеті қыры тәрбие саласында

Ұлы даланың жеті қыры тәрбие саласында

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры”, – деп аталатын тарихи – этникалық философиялық еңбегі – мәдени мұра мен рухани жаңғырудың бірден-бір жалғасы болды.

Елбасының – рухани жаңғыруы шыққанда (2012) Мекемтас Мырзахметов ағамыз “біз бұны ұзақ уақыт күттік, бұл біздің ұлттық идеямызға үлкен өзгеріспен бетбұрыс жасайды”, —  деп  қуанған еді. Тәуба, рухани жаңғыру бағдарламасы ұлттық идеология мен мәдениетімізді – тәңірдің берген тәтті сыйы – тәуелсіздігімізді баянды етуге бағытталған ұлттық көзқарастың қозғаушы күшіне айналды. Рас, әр ел өз уақытында өз елінің өркениетті елдер қатарына жету үшін халыққа анық, айқын бағдарлама, не ұран тастайды. Тарихтан белгілі жапондар “шығыстық мораль, батыстық технология”, – деп ұрандатқаны белгілі. Ал “Ұлы даланың жеті қыры” ұлттық сананың дамуы, ішкі, сыртқы сын қатерлерден – жаhандануға жұтылып кетуді қорғап қана қоймай, ұлттық ерекшеліктерді сақтап қалуға бағыт береді. Сан алуан әлемдік өркениеттердің кіндігі, тұп тамыры болған ұлы даланың көшпенділер өркениеті адамзаттық сананың қалыптасуына ұйытқы болғанын, ол “батыс пен шығысқа, күнгейлі мен теріскеге тарады”, – дейді Елбасы. Елі сүйген, елін сүйген Елбасы “ұлы даланың жеті қыры” арқылы бүгінгі ұрпақтың тегін білуге, ұлттық сананың жанғыруына бағыт берді.

Рас, кеңістік пен уақыттың құзіретіндегі ұлы дала елдерінің тағдырына жазылған бізге мәлім де, беймәлім сан мыңдаған тылсым құдіретімен құпиялары ұшан теңіз. Елбасы осылардың жеті қырына тоқталып, қалғанына жұртшылықтың өздері ізденуге зерттеп тауып, дамытуға бағыт берді.

Әлемдік өркениет негіздері Қытай, Үнді, Таяу Шығыс, Вавилон, Мысыр және Грек, Рим десек солардың бәрінің жол ашқан, негіз болған көшпенділер мәдениеті – Орта Азия мен Қазақ-түрік жерлерінің топырағынан, атмосферасынан бастау алғанын бүгінгі ойлы жас – парасат иесі білсін дегені.

Тарихтан жалпақ жұртқа белгілі, ертедегі грек жазбаларында, сақтар мен үйсін, ғұндардың тұрмыс тіршілігі қайран қалдырады. Ұлы дала тұрғындары туралы: олар ертелі кеш ат үстінен түспейді, жиналыстарда, тамақтансада, тіпті ұйықтасада ат үстінде, жақсы шыныққан, отты қажет етпейді, ыстық суыққа үйренген. Ал әйелдері соғыста ерлерімен бірдей шайқасады, оң қолында қылыш, найза, сол қолында бала, ерлерімен тең, жиналыстарға да қатысады. Қыз бала тек өзін женген жігітке үйленеді, қыздан жеңілген жігіт қыздың тұтқыны болады.

Үш мың жылдық тарихтан сыр тартқан көшпенділердің бұл үрдісі XVIII ғасырға дейін сақталды. Мәселен, М. Мағауинның “Аласапран”, Д.Досжановтың “Жусан мен гүлдер”, Ә.Кекілбаевтің “Үркер” елең алаңда Тәуке ханның мұрагері Оразмұхаммед сұлтанның ханымы (14-15 жасар) жаңа түскен келін кішкентай қайнысымен қыдырып келе жатып, садақ пен бір топ қаз-үйректің бірде біреуін қалдырмай түгел атып түсіруі асқан жылдамдықтың, мергендіктің иесі екендігін көрсетеді. Бұл атқан оғы босқа кейтпейтіндердің ұрпағы – XVIII ғасыр – отарлаушылардың уақытына дейін созылғаны тарихтан белгілі.

І. Есенберлиннің «Қаhар» романында хан Кенесарының әскерлері айшылық шөл даланы қос атпен кезек-кезек мініп, аттарына меске су құйып алып, қойдың құйрығын жұтқызып, бірнеше күнде-ақ Хиуа ханының (қамалына) күтпеген жерден қоршалуын көреміз.

Көшпенділер тарихындағы таңғажайып оқиғалар

Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген еңбегінде де көшпенділер соғысының ел мен жерді қорғау жолындағы көптеген айла-тәсілдері туралы айтылады.

Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы мен мүйізді Өзекті батыр екеуі Тая Шығыс пен Еуропаны жаяу аралап жүріп, көптеген оқу орындарын оқып, ғылым мен білімнің көп саласын тамамдаған олар көп жылдардан соң үйге келгенде халық жоңғарлармен соғысып жатқанда қаламның орнына қару таңдап ел қорғағанын көреміз. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының бұл еңбегін көп тарихшылар Еуразия тарихының кілті деп атап жүр: онда көшпенділердің соғыс тәсілінің алуан түрлері мен таңғажайып оқиғаларға куә боласың.

Ұлы даланың таңғажайып, тылсым оқиғаларын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1476 ж.ж) «Шипагерлік баяны» деп аталатын еңбегін әз Жәнібек хан мен Жиренше шешеннің тұсымен 85 жасында жазған. Ол ақын, тарихшы, этнограф, елші 95 жасында қайтыс болған. Өтейбойдақтың «Шипагерлік баяны» жүрек, ми, сөл, тамыр ұстау және шешек ауруларына қарсы вакцина егуді ағылшын ғалымы Э. Жаннерден (1796 ж) 320 жыл бұрын жазып қалдырған. Өтейбойдақ өсімдіктің 854 түрінен дәрі-дәрмек, жануарлардан алынатын емдік қасиеттің 455 түрін және адам мүшелерінің 430-ға жуық атауын, 1000-нан аса дәрі түрлерін, 4577 рецепт жазып қалдырған.

«Шипагерлік баянында» жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айырмау, деген сияқты өнегелі өсиеттерінде:

Жетіге тиіспеу

  1. Көктемде көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу.
  2. Көктемде көбейетін жорғамаларға тиіспеу.
  3. Көктемде көрінген қозғалғыштарға тиіспеу.
  4. Көктемде көз ашпаған шикілікке тиіспеу.
  5. Қай-қашан да қонаққа тиіспеу.
  6. Қай-қашан да көршіге тиіспеу.
  7. Қай-қашан да елшіге тиіспеу.

 

Қырық бірге жұғыспау

  1. Ордалы жыланға жұғыспау.
  2. Қордалы құмырсқаға жұғыспау.
  3. Жалғыз ағашқа жұғыспау.
  4. Елсіздегі жалғызға жұғыспау.
  5. Суық торғайға жұғыспау.
  6. Алдыңнан өткен қабанға жұғыспау.
  7. Елден алып кетіп көшкенге жұғыспау.
  8. Пәлелі өртке жұғыспау.
  9. Биік бетке (тауға) жұғыспау.
  10. Жаралы жыртқышқа жұғыспау.
  11. Қаралы елге жұғыспау.
  12. Ашынған қасқырға жұғыспау.
  13. Ашыққан ұрыға жұғыспау
  14. Киелі жерге жұғыспау.
  15. Дастарханға жұғыспау.
  16. Жетімге жұғыспау.
  17. Жесірге жұғыспау.
  18. Кесірге жұғыспау.
  19. Еңіреген ерге жұғыспау.
  20. Өзің шығар төрге жұғыспау.
  21. Арқаны сылдыр ерге жұғыспау.
  22. Жатқа кетер қызға жұғыспау.
  23. Көктемдегі мұзға жұғыспау.
  24. Өте шығар сызға жұғыспау.
  25. Артылып қалған асқа жұғыспау.
  26. Жарасы бар басқа жұғыспау.
  27. Парақұмар ласқа жұғыспау.
  28. Басқа елдік соқырға (қарашаға) жұғыспау.
  29. Күшіктейтін итке жұғыспау.
  30. Төбелесте арашаға жұғыспау.
  31. Тікені бар аласаға жұғыспау.
  32. Құламадағы құзға жұғыспау.
  33. Дәм атасы тұзға жұғыспау.
  34. Иесіз жатқан малға жұғыспау.
  35. Киесі бар далаға жұғыспау.
  36. Обалы бар ұяға жұғыспау.
  37. Залалсыз малшыға жұғыспау.
  38. Түтін шығар шаңыраққа жұғыспау.
  39. Ырыс келер босағаға жұғыспау.
  40. Даладағы өлгенге жұғыспау.
  41. Шыдап жерге көмгенге (өлікке) жұғыспау.

Он екіден айырылмау

  1. Жағаласпай жан қалмақ қайда, төбелесте жаныңнан айырылма
    2. Не шындық, не сұмдық, жау тисе де ақылыңнан айырылма
    3. Еркесіз ел, серкесіз отар болмас. Ел бастаушы көсеміңнен айырылма
    4. Тіл- кесілмес атқан оқ, дау туылар, шешеніңнен айырылма
    5. Арсыз мың арықтап, мың семіреді. Жаныңды алса да, сыртыңнан айырылма
    6. Өзіңді зор,басқаны осал деме. Көппен көрерсің, еліңнен айырылма
    7. Жаман деп қатыныңнан, көшем деп отыныңнан айырылма
    8. Ырызғысыз пенде болмас, даяр асың- малыңнан айырылма
    9. Ағайын, туыс, дос- жарансыз кім бар? Болымсызға өкпелеп, досыңнан айырылма
    10. Қырық найза адам көргісіз соқыр түн деп, қарақудай баспанаң- қосыңнан айырылма
    11. Пенде жан серігі- бес қаруды тастама. Шыбын жаның шыққанша намысыңнан айырылма
    12. Өте шығар сұм жалған, боқшылыққа қайырылма. Адам күні адаммен оңалмақ, өнерпаз деген ат алсаң, өлсең дағы қайғырма.

Кітаптың құпиялы, сыр-сымбаты бай болғандықтан оның бәрін бір мақалаға сыйдырып жазып шығу мүмкін емес. Өтейбойдақтың  «Шипагерлік баяны» бүгінгі ұрпаққа түгел жетпеген. Кітаптың бір бөлігі ғана қолдан-қолға ауысып жеті-сегіз рет көшірудің нұсқалары әрең жеткен, қудаланды, қуғын-сүргіннен қалғаны ғана. Өтейбойдақ Әл-Фараби сияқты бүкіл өмірін кейінгі ұрпаққа осы құнды дүниелерді зерттеп, жинап, қалдыру үшін үйленбеген.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінде «Орасан зор кеңістіктегі түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастыра отырып, өнер мен ғылымның және әсемдік сауданың орталығына айналған орта ғасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты, әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге әкелді»,-деген мақалада.

Әл-Фарабидың әлеуметтік-этикалық трактаттары:

— Бақыт жолын сілтеу

— Азаматтық саясат

— Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөзі

— Бақытқа жету жолында т. б. еңбектері жас ұрпақтың азаматтық қоғам құрудағы қоғамды ізгілендіруге, сауықтарының салтанатты болуына әсер ететін рухани қазына болмақ.

Әл-Фарабидің қоғамдық идеялық формасы әр адамның және ұлттың жетілуі арқылы әлеуметтік-экономикалық, саяси-демографиялық және мәдени сипаттары түгел қамту арқылы жетілу идеясын меңзейді.

Мақсат: «Мәңгілік ел» идеясы болып отыр.

Авторлары:

 

Алматы қаласы, Әуезов ауданы №42 жалпы білім беретін мектептің директоры
Сулейменова Лязат Умаровна

 

Алматы қаласы, Әуезов ауданы №42 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Барлыкбеков Ержан Дауытович

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.