Home » Білім және тұлға » ҰЛЫҚТАЛУ ЕМЕС, ҰСТАЗДЫҚ ЕТУ МІНДЕТІМ

ҰЛЫҚТАЛУ ЕМЕС, ҰСТАЗДЫҚ ЕТУ МІНДЕТІМ

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қанатты сөз бүгінгі біздің кейіпкерімізге арналып айтылғандай. Өз ісінің майталманы болғанға мамандықтың бәрі жақсы. Десе де, ұстаздың орны ерекше. Өзге мамандықтарға өмір өзі икемдесе, ұстаз болу туа біткен талант. Жер бетінде қанша түрлі мамандық болса, сол мамандықты игерудің басы осы ұстаз көруден басталады. Бар ғұмырын балаға арнап, өнегелі өмірімен өзіндік сара да, дара жолын қалыптастырған ұлағатты ұстаздың бірі, қарапайым ауыл мұғалімі — Өксікбаева Жамал. Қарапайымдылық оның қанына біткен қасиет. Содан болар болар ол ешқашан еткен еңбектің өтеуін ақшамен, басқамен өлшеген емес. «Менің еңбегімінің жемісі – менің шәкірттерім» деп отырады. Шәкірттерінің ізденісінен шабыт алар ол шаршап, шалдығуды білмейді. Жастай жұбайынан жесір қалса да, бес баласын аяқтан тік тұрғызған Жамал ешқашан жұмыстан жабыққан емес.

Үйде бақытты ана, отбасына пана. Сыртта салиқалы, сабырлы ұстаз.
Ол сонау 1981 жылы Жезқазған педагогикалық училищесін тәмәмдап, сол жылы Жезқазған педагогикалық институтының география факультетіне сырттай бөлімге қабылданған. Жоғары білімін жетілдіре жүріп, 1981 жылы Алғабас негізгі мектебіне бастауыш сыныбы және география пәндері бойынша мұғалімдік қызметке қабылданды. Еңбек жолын жігерлі бастаған жас маман арада бірер жыл өтпей жатып-ақ өзін көрсете білді. 1981-1984 жылдар аралығында аудандық партия және комсомол комитетінің мақтау қағаздарымен марапатталды. 1984 жылдан бері Талдыбұлақ орта мектебінде бастауыш сыныптарына ұстаздық етуде. Бір ұжымда осынша жыл еңбек еткен Жамал Өксікбаеваның алдынан талай шәкірт тәлім алды. Облыстық, аудандық білім бөлімі, басқармаларынан алған мақтау қағаздары, марапаттаулар Жамал мұғалімнің мерейінің үстемдігін көрсетеді. Алайда, мансап, марапатқа мән бермейтін Жамал үшін еңбегінің басты бағасы – әр шәкіртінің адам болып қалыптасуы. Ауылдастары оның қарапайымдылығын қашан да үлгі етеді, шәкірттері үшін ол ұлы тұлға. Бүгінде зейнет жасына жетсе де, жұмыстан қол үзген емес. Себебі, қашан да ізденіс үстінде жүретін Жамал үшін жұмыссыз отыру ол рухани тоқыраумен тең. Осынша тынбай еңбек еткенде өзгелер сынды лайықты өтеуін неге талап етпейсің, талай мәрте атақ алар мүмкінгің болды ғой? — деген таныстарына берер жалғыз жауабы — «Мен ұлықталуды емес, ұстаздық етуді мақсат еткен жанмын!».

 

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

Қарағанды қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.