Home » Мақалалар » Ұлыстың ұлы қүні – Наурыз!

Ұлыстың ұлы қүні – Наурыз!

Наурыз- өте көнеден келе жатқан бүкілхалықтық мейрам. Шығыс елдерінде Наурыз айы — жыл басы, халық тойы. Наурыз сөзі парсы тілінің ноу — «жаңа», «руз» деген сөздерінен қалыптасқан, жылдың бірінші күнін білдіреді. Бұл мейрамды ежелгі гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы»,ттәжіктер «Гулгардон»,«Бәйшешек», «Гульнаурыз», хорезмдіктер Наусарджи»,татарлар «Нардуган» деп түрліше атаған. Ұлыстың ұлы қүні- Наурыз — қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ол күні не қар,  не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы болады» деп қуанған.   Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, жібектей жұмсақ болады да, «ақша қар» деп аталады.Осыған орай тілімізде мінезі  балдай сұлу қызға айтылатын «Наурыздың ақша қарындай»  деген теңеу бар.  Наурыз күні ер адамдар қосқолдасып амандасып, төс соғыстырады, әйелдер болса құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе құшақ айқастырады, онысы      «өмір тірегім-төсім, тіршілік  көзім- екі қолым аман- сау болсын» дегенді білдіреді.Халық наурыз мерекесіне алдын- ала дайындалады.Жаңа жылда мұнтаздай таза үйге кірсе, ол ауру- сырқаудан, пәле- жаладан аман болады деген сенім бойынша  Наурызға дейін үй ішіндегі жиһаз- мүліктердің шаңын  қағып,жуып, тазартқан. «Береке басынан басталады» деген сенім бойынша «жыл жақсы басталса,аяғы да жақсы болады,жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп қыдыр түні ыдыс атаулыны аққа (сүт, айран, шұбат, қымыз, шалап, т.б.), ырысқа (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері,т.б.) және кәусар бұлақ суына толтырады. Бұл түні ауыл  бойжеткендері соғымның соңғы  етін уызға  салып пісіріп, «ұйқыашар» деп  аталатын жас жігіттерге арналған ерекше дәм дайындайды.
Міне, осындай мәліметтерді жыл сайын оқушыларымыздың санасына сіңіруге тырысамыз. Мектебімізде, яғни Екібастұз қаласындағы №10 ЖОМ те жыл сайын Наурыз мейрамы тойланады. Ондағы мақсат: өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттап, әр ұлт арасындағы ауызбіршілікті , татулықты нығайта түсу. Оқушыларымызды қазақ халқының ұлттық тағамдарымен, киімдерімен, салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен терең таныстырып, өлеңдер, әндер үйретіп, білім нәрімен сусындату. Наурыздың 20- шы жұлдызында қазақ тілі  мен әдебиеті пән мұғалімдері К.Р.Бейсенова, Г.Ж.Кенжебаева,А.Д.Камзина,А.С.Сергазина, Г.Қ.Жетпісбаева,А.Ғ.Қайыржанова 5а, 6в, 7в, 8б,8в, 11а оқушыларымен «Қош келдің , Әз Наурыз!» атты танымдық- концерттік іс- шара болып өтті.
Ұлыстың Ұлы күнінде , тек жақсылыққа жаршы болған наурыз айында көрермендерге шашу   шашылып, ырыс ,молшылық болсын деген тілектер айтылды.Наурыз мейрамының көркін кіргізген қазақтың тамаша билерінің бірі «Той бастар»  5 А сынып оқушылары  сахна төрінде мың бұралып  биледі. Бұл күні әсіресе, қойны қуанышқа толы қазақтың наурыз мерекесіне жүрекжарды өлеңдері  айтылмай ма, міне, біздің 5А, 7 «В»сынып оқушылары жиналған халыққа Наурыз туралы әдемі  өлеңдерін  арнады. Өлеңді  жалғастыра , Наурыз мейрамында қазақтың ұлттық салт- дәстүрлерінің бірі- «Беташар» рәсімін  8б ,11а  сынып оқушылары қатысуымен көрсетуді жөн санадық.Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Нұрпейісова А.Б., жастарға арнап әдемі қоңыр даусымен ән айтты. Қазақта әрбір жақсы іске бата берген, бізде Наурыз мейрамында үлкеннің  батасын алып, мерекемізді аяқтадық. Тәуелсіз елімізге ит жылы енді кіріп келеді. Жыл басы, Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын!

Үміт Сейтімбетқызы Ысқақова, 
                                        Динара Тілеубайқызы Копежанова, 
Арайлым Бейбітқызы Нүрпейісова,
  қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.