«Рухани жаңғыру» – мемлекеттік барлық салаларының сапалық тұрғыдан жаңаруына негізгі іргетас болатын идеялық тұғырнама. Бұған дейін тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында ұлт алдында сананы жаңғырту сияқты аса ауқымды әрі терең міндет тұрмаған еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр салада түрлі іс-шаралар жүргізілуде.
Жақында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Дімкешқызы Муканованың бастамасымен «Рухани жаңғыру – қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы идеяларын жүзеге асыруға бағытталған бір игілікті істің басы қайырылды.
Қарағанды педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының 70 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында облыстық мемлекеттік архивінде 1993-2012 жылдары институтты басқарған Сәбит Сейітұлы Қонтаевтың жеке архивтік қорының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің директоры Ж.Ж. Тұрсынова және С.С. Қонтаев өңіріміздің айрықша дамуына үлес қосқан адамдардың жеке қорына еңбектері мен құжаттарын тапсыру актісіне ресми түрде қол қойды.
Аталмыш шараға білім беру саласындағы мемлекеттік мекемелердің басшылары, С.С. Қонтаевтың жақын туыстары мен замандастары, біліктілікті арттыру жүйесінің ардагерлері, шәкірттері, БАИ қызметкерлері қатысты. Іс-шара қонақтары Сәбит Сейітұлының кәсіби және ғылыми қызметіне қатысты құжаттармен, сондай-ақ «Ресурстық орталық» идеяларын іске асырумен байланыстырылған көрмемен танысып, БАИ қызметкерлері дайындаған бейнероликті тамашалады.
Игі іске арнайы жолданған құттықтаулар легі жалғасын тапты. «Өрлеу» БАҰО» АҚ Маңғыстау филиалының директоры И.Т. Джумагалиева мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ Ақмола филиалының директоры Е.Т. Исимбаев өздерінің бейне құттықтауларын жолдаса, Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Е.Н. Иманғалиев пен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Е.М. Нельдыбаев және де ҚарМУ-дің профессоры Т.А. Көкетаев, Т.Ф. Самойлюк, М.К. Жошина, А.Б. Тукбаева, Б.Қ. Утемуратова сынды білім саласының майталмандары С.С. Қонтаевтың білім саласына сіңірген еңбектеріне ерекше баға беріп, өздерінің жүрекжарды құттықтауларын жеткізді.
Кейде белгілі бір тұлға туралы кезекті шара өткенде «Ол кім еді, нендей еңбегі бар еді?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал біз сөз етіп отырған адамға қатысты әңгіме өрбігенде, оның елге сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмайтын сияқты.
Жалпы, басшы болу үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекқорлықты қажет етеді, оның үстіне үлкен ұжыммен жақсы тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болу керегі анық. Міне, осындай ұжымды айрандай ұйытып, ынтымақтыққа бастай білген білікті басшы алдымен институттағы кадр мәселесінің тұрақталуына, педагогтердің қазіргі жаңа талапқа сай шығармашылық әлеуетінің көтерілуіне жағдай жасады. Өзінің біліктілігімен облыстық және қалалық білім беру мекемелеріндегі әріптестері арасында, тіпті республикалық деңгейде зор беделге ие болды. Осы ретте, білім саласын жаңғырту жөніндегі ұсыныстарын білдіріп, Елбасының сарабдал саясатын іске асырып, әр Жолдаудағы білімге қатысты мақсат-міндеттерді іске асыруда еш аянып қалған емес.
Институт басшысы болғанға дейінгі өмір жолына көз жіберсек, жасынан білім-ғылымға құштар жан 1974-1976 жылдар аралығында аспирантурада танымын тереңдетіп, біліктілігін арттырады. Бар саналы ғұмырында адал еңбек етті. Жауапкершілік жүгін әлі күнге абыроймен көтеріп келеді. Өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындайтын білікті маман болды. 1971-1993 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетінің жалпы физика кафедрасының тағылымгер-зерттеушісі, оқытушысы, аға оқытушысы доценті болып қызмет етті. Осы жылдары Сәбит Сейітұлының қазақ жастарына сіңірген еңбегі ерен. Студенттерді ана тілінде оқытуға күш салды. 1992-1993 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік университетінің жалпы физика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Ал 1993 жылдан бастап облыс әкімінің орынбасары Н.С. Бектұрғанов пен академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры, профессор Ж.С. Ақылбаевтың ұсынысы бойынша Қарағанды облыстық мемлекеттік және білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтын басқарады. Сәбит Сейітұлының басшылығы арқасында институттың білім беру қызметі жетілдіріле түсті: институттың стандарттық құрылымы өзгерді және оқу-тәрбие процесінің кафедралдық жүйесі енгізілді. Әсіресе, шағын жинақты ауыл мектептерінің дамуына баса назар аударды. Оның бастамасы мен басшылығының арқасында шалғайдағы 77 шағын жинақты мектеп кірген 17 ауылдық ресурстық орталық, 58 мектепті қамтитын 6 қалалық ресурстық орталық ашылды.
С.С. Қонтаев жаңашылдығымен қоса ауыз толтырып айтарлық істерге бастамашы бола білді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының басқа аймақтарынан келген білім беру қызметкерлерімен, тіпті шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып отырды. Бұл бағытта да Сәбит Сейітұлының еңбегі айрықша болды.
Ол ғылыми зерттеу және әдістемелік қызмет мәселелеріне басты назар аударды. Институт жұмысында облыс, республика және ТМД елдерінің ғалым-практиктерінің инновациялық жетістіктері ескерілді, шетелдік білім беру жүйесінің тәжірибесі қолданылды, мемлекетті тұрақты дамыту үшін ұлттық білім беру жүйесін жаңарту стратегиясы жүзеге асырылды.
Дарынды ғалым 90-ға жуық ғылыми мақалалардың авторы, 5 авторлық куәлігі және монографиясы бар. Атап айтар болсақ: «Мағыналық педагогикадағы теориялық және практикалық аспектілер», «К.Байсеитова және Шашубай орта мектептері жанындағы Ресурстық орталықтың инновациялық жұмысының жүйесі», «12 жылдық оқытуға көшу мен мектепте бейіндік оқытуды енгізу туралы жұмыстар». Бұл еңбектер әсіресе педагог ұстаздар үшін аса құнды болып табылады.
Айтулы шараның өтуіне бастама танытқан Сәулеш Дімкешқызы өз сөзінде атап өткендей, туған өлкенің тарихын сақтау, Қарағанды өңірінің белгілі тұлғаларының еңбек үлесі туралы естеліктерді жаңғырту – келер ұрпақ алдындағы біздің басты борышымыз. Осындай тағылымы мол іс-шаралармен Сәбит Сейітұлының еңбек және өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі – өнеге болары сөзсіз. Жастарымыз осындай ұлы тұлғалармен мақтанса дейміз. Елінің сый-құрметіне бөленген абзал азаматқа біз де амандық тілеп, туған халқымен бірге жарқын күндерде кемел келешекке қарыштап адымдай түсуіне тілек қосамыз. Ұстаздардың ұстазы, білім мен ғылымның сапасын арттыруға саналы ғұмырын арнаған, әлі де тұғырынан таймаған Сәбит Сейітұлы облыс педагогтері арасында абыройлы, беделді, парасатты әрі үлгілі тұлға болып қалады.
Тілеу Туғанбаева, Алуа Бухарбаева,
«Өрлеу» БАҰО АҚ Қарағанды филиалының қызметкерлері