Адамның бір қызығы бала деген,
Баласыз көңіл шіркін толар ма екен.
Дүбірлі той жасамай баласына,
Қазақтың жағасы жайлауына қонар ма екен?!
Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпақ тәрбиесі қашанда қоғам алдындағы өзекті мәселе екені мәлім. Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін ел болып ат салысуымыз қажет. Кейін опық жеп, бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқанымыз жөн. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде.
Біздің ұлттық болмысымыздың, салт-дәстүріміздің, тәрбиеміздің, жерімізді елімізді қорғаған ата — бабаларымыздың тарихының өзі балаларымыздың біздің өміріміздің мәні екендігін, өміріміздің жалғасы екендігін айқындап, анық білдіріп тұр.
Отбасы – адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Содан соң балалар тәрбиені балабақшада өз ортасында қалыптастырады.
Балабақшада былдырлап, томпаңдап келген баланы бауырына қысып, еркелету, ойнату қандай бақыт, қызық. Міне, осылардың әртүрлілігіне мән беріп, жалпы ортақ тәрбие – адамгершілік тәрбиесі беріледі. Әр түрлі ойындар, шүйіркелесу, достасу, бірге отыру, бірге тамақтану, бір-бірін құрметтеу, ұрмау, жылатпау, көмектесу сияқты жан-жақты тәрбие беру тәрбиешінің қатысуымен іске асады. Баланың ойын кезіндегі белсенділігі, өзара қатынастар жасауы оның дамуына ықпал етеді. Сөзімнің арасында «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген халқымыздың дана сөзін айтқым келеді. Демек, баланың тәрбиелі ұрпақ болып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін орын – балабақша. Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен өте тығыз байланысты. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді аямай сіңіруіміз қажет деп санаймын.
Қазақтың белгілі ақыны Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» дейді. Расында да балабақша табалдырығынан аттаған балаға тәрбие беру үшін тәрбиеші маманның өзі тәрбиелі, білімді, өнерлі болғаны жөн.
Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, өздері әсершіл келеді. Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі шындық, сұлу, әсем, жарасымды болуы керек.
Тәрбие – қалып тәрізді, егер қалып қисық, олпы-солпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады.
Бүгінгі ұрпақ – ел тұтқасын ұстар азамат. Сондықтан балаға дұрыс тәрбие беру – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Дүние есігін ашқан сәттен бастап оған ұлттық тәрбие беру, қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан хабардар ету, оның бойына отаншылдық, патриоттық сезімін ұялату – әрбір адамның борышы десек те, қазіргі таңда елімізде бала тәрбиесінің ақсаңдап бара жатқаны дәлелдеуді қажет етпейтіні айдан анық.
Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Барлық қоғам болып бала тәрбиесіне толық жауапты екенімізді ұмытпауымыз қажет, Бала отбасында дүниеге келіп, балабақшада жалғасын тапса, одан әрі мектеп табалдырығын аттап білім алады, баланың өмірге деген көзқарасы қалыптаса бастайды. Біз сол баланың бағдаршамы бола білуіміз қажет. Ол келешектің қожасы екендігін, отбасы болудың, табиғи заңдылықтарын үйрете отырып, әр баланың өзінің бойына сіңірген тәрбиесінің дұрыс жағы мен бұрысын ажырата біліп, келешегін ойлау керектігіне де үйретуіміз керек. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуын қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастырады. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты. Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі – отбасыішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Баланы адамгершілікке, қарапайымдылыққа, жақсы әдетке, әдемілікке, әдептілікке ұқыптылыққа, жауапкершілікке сөзбен жеткізе отырып тәрбиелеуге болады. Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен жастарға оқу білім беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Сондықтан да Елбасымыз XXI ғасырды білім жарысы ғасыры деп атап отыр. Баланың білімге, еңбекке, адалдыққа баулу керектігін нақтылап айтты. Тұлғаны тәрбиелеуде Шәкәрімнің: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» даналы ойын ұстанғанымыз жөн.
Қорыта айтқанда, біртұтас ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Еліміздің болашағы — жас ұрпақ. Отбасында баланың жан дүниесін рухани пәктігіне тәрбиелеген абзал. Отбасында ата-ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да мектепте де өз ісіне жауап бере алады.
Отбасымыздың жемісі, алтын тіреуі мен діңгегі – бала. Бала – біздің болашағымыз, сондықтан да бала тәрбиесін қолға алуды ата-ана борышым деп, ал біз міндетім деп бірге ат салыссақ, келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болады деп ойлаймын.
Юсупова Тазагүль Аминбайқызы,
«Ақалтын» жалпы орта мектебі жанындағы
шағын орталық тәрбиешісі,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Шардара ауданы