2018 жылдың 1 ақпанында Жамбыл облысы, Тараз қаласының №15 бөбекжай-бақшасы МКҚК-да Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты салтанатты іс-шара өтті. Мақсаты – тарих тұғырынан бағамдап, терең зерделеу. «Рухани жаңғыру» кешенді бағдарламасының жалғасы ретінде, жаңа идеялар арқылы ел болашағын баянды ете түсу. Мықты далалық өркениетіміз, тарихымыз бен өнерімізді әлемге таныту. Өткенді сараптай отырып, бүгінмен ұштастыра білу.
Іс-шара мекеменің музыка залында өтті. Балалар «Туған өлкем» әнін әдемі орындаумен бастады.
Бүгінгі таңда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатына бүкіл әлем куә. Осыған орай көреген Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы №15 бөбекжай-бақшасында басқосуымызға себеп болды. Шынтуайтында, бұл бастама жиынға келген басқа да балабақшалар меңгерушілерінің, облыстық балалар кітапхана қызметкерлерінің, журналистердің және де мекеме тәрбиешілерінің қызығушылығын оятып, мәдени-рухани серпіліс әкелді. Елбасы: «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады», — деп айтқандай, қазіргі таңда қазақ халқының әлемдік орны айқындалды. Ал, Елбасы мақаласы арқылы ұлтымыздың жеті қыры дүние жүзіне паш етілді.
Кеш барысында ұжымымыздың қызметкерлері мен балалары «Ұлы даланың жеті қырын» көрініс ретінде көрсетті. Мәселен, қызғалдақтар шығып билеп, Ұлы Жібек жолы туралы видео көрсетілді. Сонымен қатар, сахнаға ұста, аңшы, күйші, ақын, бағбан заттарымен шығып, күй шертілді. Олар өз мұраларының мән-маңыздылығын түсіндіріп, кемел болашақ үшін ата-бабамыздан қалған мирасты мұражайға тапсырды.
Іс-шарада «Елім-ай», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Желтоқсан желі», «Тәуелсіздігім ардағым» атты тарихи маңызы зор әндер айтылды. Балалар кітапханасының кітапханашысы мен архиві мазмұны терең тарихқа толы кітаптармен таныстырып, ата-аналар комитетінің басшысы мен аналарды Тараз қаласының орталығында орналасқан заманауи кітапханаға шақырды.
Ал, өз кезегінде ұлттық аспаптарымыздың шебері болуға талпынған жас бүлдіршіндер «Азаттық туы» әнін орындап, «Батырлар биін» биледі. «Атамекен» әнін орындаған балалар да көрермен көзайымына айналды.
Маңызды жиын соңында мекеме қызметкері Изтаева Құралайдың орындауында «Туған жерім» әні әуеледі, қатысушылар да әнге қосылды.
Іс-шарада сөз кезегі қалалық білім бөлімінің әдіскері Естаева Гульфайруз Есенқұлқызына берілді.
Рухани жаңғыру бағдарламасының жалғасы ретінде қолға алынып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында көптеген шаралар қолға алынып жатыр. Ендеше біз де өз үлесімізді қосқанымыз деп білеміз. Еліміз әлем көшінен қалмай, өткені мен бүгінін байланыстыра білетін өркендеген мәңгілік ел болсын!
Нұрбекова Назира Ормаханқызы,
№15 бөбекжай-бақшасының меңгерушісі