Home » Жаңалықтар » Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы

Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы

Кез келген мемлекеттің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Өркениет жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына байланысты. Дені сау халық – бай халық, елінің дені сау болып тұрса, мемлекеттің де мықты болып тұрары сөзсіз. Елбасы Н.Ә. Назарбаев үстіміздегі жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті екендігіне тоқтала келіп, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырды.   Осы мақсаттарға келесі жылы республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінбек.

Сонымен қатар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшіп, 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттары жасалмақ.  Бұл өз кезегінде ұзақ-сонар кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдалана отырып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастауға көңіл бөлді.     Мұндай орталықтың қазіргі таңда өршіп тұрған онкологиялық аурулардың алдын алуға, көптеген адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізері хақ.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану – әрбір азаматтың міндеті. Елбасы өңірлік деңгейдегі резервтер негізінде бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды. Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсыра келіп, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтауды тапсырды.

Елбасы өз сөзінде: «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл – қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз. Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ. Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырамын. Келесі жылдан бастап тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастауға тиіс. Оның қызметі, ең бастысы, азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді қамтитын болады. Бұл үшін заманауи зертханалық базаны қамтамасыз етіп, білікті мамандар штатын қалыптастыру қажет»,  – деп арнайы тоқтала келіп, бұл орайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды институционалды тұрғыдан күшейтіп, оларды белсенді пайдалануға үндеді. Адамның денсаулығы мен азаматтық құқықтары – маңызды фактор. Мемлекет әкімшілік кедергілерді азайту барысында көптеген тексерістен, рұқсат беру және басқа да рәсімдерден бас тартты. Сондықтан ұсынылатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі үшін бизнес қоғамдастығы да жауап береді. Жалпы, бизнес саласы пайда табуды ғана емес, сондай-ақ, мемлекетпен бірлесіп азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлауы қажет.  Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі, тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру мүмкіндіктері үйлесімді түрде толыға түсуі тиіс.

Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіруі үшін мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға халық болып жұмылуымыз қажет.

 

Исаева Жанар Аманжолқызы,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша

педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру

 институтының аға оқытушысы, ф.ғ.к.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.