Бір ғасырда бір туатын, бүкіл қазақтың пірі, мақтанышы — ұлы Абайдың, һәкім Абайдың 172 жылдығына орай Астана қаласы 77 мектеп-гимназиясында «Ұлт мақтанышы — Абай» атты шығармашылық кеш өткізілді. Кеш қонағы ретінде Абайтану ғылыми танымдық орталығының директоры, Абайтанушы Алмахан Мухаметқалиқызы келді. Шара, ең алдымен, қойылымнан басталды. Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы ” эпопеясынан үзінді көрініс көрсетілді. Ақын шығармашылығы халықтың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын асыл мұра екендігінің тағы бір дәлелі ретінде Абайдың сезімге толы өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр, ал өзінің мәңгі өшпес шығармалары мен ұлы сөздерінің өлмей, халыққа нұр болып, санасын оятып, ұстаздық ете бастағанына ғасырдан астам уақыт өтіпті. Абайдың өлеңдерінің қай-қайсысын алсаңыз да тоғысқан ой-сананың жемісі айқын көрінеді. Абай Құнанбайұлының көркемдік, әлеуметтік, гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі -“Қара сөздері” болды. Даналық дүниетанымды даралап көрсететін, терең мағына беретін, шындықты шағып айтатын прозалық шығармасының бірі еді. Кеште қара сөздері де оқылды. Бүтін бір қазақ елінің мақтанышы Абай Құнанбайұлының ақындығын тұңғиығы терең мұхитпен тең десек артық айтқан емес. Нәзік жанды лирик, көркемсөздің шебері ойшыл дара ақын. Кеш соңында ақынға өз арнауын жазған мектебіміздің “жас қаламгер ұйымының” мүшесі Ернар Керимбеков тәмәмдады. Орыс халқы үшін Пушкин, ағылшындар үшін Шекспир, қазақ елі үшін Абай – болашақ ұрпақ үшін өшпес мұра, дара жол қалдырған дана.
Ділдахан Майра,
№77 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы