Күні кеше ғана бүгінгі қазақ тілі, қазақ қоғамы, қазақ отбасылары, болашақ ұрпақтың ертеңі туралы тереңнен ой қозғап жүрген сөз тарланы, тіл маманы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлының кездесуінде бір азаматтың «Қазақстанда қазақ тілді мектеп жоқ?» деген сұрағы жүрегімді дір еткізген еді.
Ойланып қарасаң жаны бар сөз. Заты қазақ мектептеріндегі оқушыларымызды айтпағанда білімнің бастауы балабақшалардағы өз ұл-қыздарымыздың күйі жаныңды ауыртады. Негізі жаны, тәні қазақ деп соққан ұлттың ұрпағы өсіп шығар балғындар мекеніндегі салқындық жанға тым ауыр тимек…
Адасып жүрген жанның алдынан шыққан жарық күндей тамаша бір ортаны көрудің бақыты бұйырды. Есіктен кіргеннен төріне дейін ұлттық сананы жаңғыртар ұлттық құндылықтарымызбен көмкерілген бұйымдар, таза қазақ тілінде еш қатесіз жазылған ақпараттарды көзіміз шалғанда қуаныштан жарылып кетердей күй кештік…
Діңі берік, діні мен тілі мықты ұрпақ жаһанданудың отына шарпылмай ұлтына, еліне деген адалдығын, сыйластығын жоғалтпауы үшін міне осындай білім ордалары қажет.
Ауыз толтырып айтуға лайық бұл мекен Астана қаласындағы Жәудір Бақтиярқызы Бекжанова басқарып отырған №70 «Құлыншақ» балабақшасы.
Ақпан айының алғашқы жұлдызында аталмыш ұжым «Мектепке дейінгі балалардың рухани-патриоттық тәрбиесі» тақырыбында кластерге біріккен балабақшалармен педагогтарға арналған«Ұлтжанды ұрпақ тәрбиесі!»атты семинар өткізді.
Атының өзі адамға рух сыйлар бұл басқосу өз биігінде шырқалып, жұртына шуақ шашқан әуезді әндей есте қалар сәттерімен құнды болды.
Кейде санаңнан өшпес дүниелер болады. Ол әрине – шынайылық.
Семинарды мамандығы мінезімен үйлесе білген, қазақ тіліне қанық, бойында еркіндік, өз мамандығына деген мақтаныш сезімі жайдары жүзінен көрінер тәрбиешілер бастады.
Есіктен кіргеннен таңдап алған түрлі-түстегі асықты қолымызда ұстап біз отырдық. Жаңалық таусылған жоқ. Жиналған қауымды жоспар бойынша үш топқа бөліп алып топтарды тамашалатты. Балабақша дәліздерінде кетіп бара жатып, көзіміз қазақтың ұлттық аспаптары мен ою-өрнегін шалып барады…
Міне тамаша. Екінші кіші «Ақжелкен», ортаңғы «Еркем-ай» мектепалды даярлық «Інжу –маржан» топтарында ұйымдастырылған оқу қызметін көрдік. Барлығының тақырыбы тек қазақтың ұлттық қолөнеріне құрылған. Ересек балғындарға арналған «Халық шебері» тақырыбындағы тәрбиеші Айжан Шамшатованың өткізген сабағының негізгі мақсаты ұлдарға қазақтың қолөнер туындысы қамшы түрлерін таныстырып, қалай жасалу жолдарын түсіндіріп, қонаққа келген атасы жасалу жолын үйретті. Ал қыздарымыз ұлттық ою-өрнек түрлерін атап, оны әжемен бірге құрауға машықтанды. Қазақтың құртын жасап таңдандырған өзге топтағы бүлдіршіндерімізбен тәрбиешілерге де жиналған көпшілік риза болды.
Келесі кезекте күнделікті оқу қызметінде қолданылып жүрген таным, коммуникация, шығармашылықпен педагогтар өзара тәжірибе алмасты. Білікті тәрбиешілер Бәтила Садуақасова, Айкерім Тасболатқызы шығармашылыққа ден қойса, Салтанат Тұрысбекқызы коммуникацияға сай драмалық қойылым көрсетті. Қалған екі топтың бірі қыран бүркітке арналған биялай мен тұмылдырық жайлы дұрыс мағлұматтар берсе, екінші топ жайлау суретімен көзге түсті.
Басқосу соңы балабақшаның өнерлі бүлдіршіндерінің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. «Мен қазақпын» деп ән салып, «Батырлар биімен» жалғаған өнерлі өрендердің қызығына қанып, «Балбала», «Алтын дауыс» байқауының бас жүлдегері Өтеген Жанеркенің әсем дауысын естіп, жас мамандардан құралған бишілер тобының «Рэтро» биі көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Балабақша әдіскері Байболова Шекер Орынтайқызы өзі айтқандай ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық құндылықтар мен жалпы азаматтық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны, яғни баланы тәрбиелеу жолындағы атқарып жатқан жұмыстары өз дәрежесінде екендігімен сендіре білді.
Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, Отанын сүйетін патриот , ұлттық рухы биік парасатты азамат болып жоғары адамгершілігі мол еңбекқор болып өсетініне деген сенім мол. Бала үшін ашылған қосымша арнаулы тәрбие беру орталықтары робототехника, тұзды үңгір, құм терапиясы, шахмат, бейнелеу өнері, театр, сенсорлы алаң, сау бала және массаж дамыту орталықтарында білікті мамандар жұмыс жасауда.
Сенсорлы алаң орталығындағы жайлаудағы киіз үй бейнесі, балаларға ауылға барғандай сезім ұялатып, қазақи нақыштағы ертегілер көріп өсетіні тіптен қуантады.
Бұл күні басқосуға келген қонақтар арасында Астана қаласы білім басқармасының «Мектепке дейінгі бөлімінің басшысы Разбекова Ләззат Мұратқызы, Еуразия ұлттық университетінің п.ғ.к., доценті, профессоры Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы, кластер жетекшісі Юсупова Назгүл Гадилханқызы тәрбиешілермен өзгеде балабақшаның меңгерушілері жылы лебіздерін білдірді. Солардың арасында «Тәрбиешілердің жанашырына» айналған Фатима Ниязбекқызының семинарға өз бағасын бере келе мектепке дейінгі ұйымдардың жетілдіре түсуге тиісті тұстарына тоқталды. Әуелі білім сапасын арттыруға ден қойылса, баланың талантын ашуға, мамандардың жағдайын жасау, көңіл күйін, еңбек ақысын көтеруде «ішкі көздерден» қаражат қаралса, тіл мәселесіне баса назар аударылса, инновациялық технологияларды тиімді пайдалануға назар аударылса, жүйе қалыптастырса деген ойлары басшыларға ой, тәрбиешілерге қанат бітіргендей болды.
Көңіл толған жерде ашық әңгіме айтыларына куә болдық. Себебі «Құлыншақ» құшағында өсіп келе жатқан қазақтың ұл-қызы тек ұлттық рухты бойына сіңіріп өсеріне сенеміз. Ұжымға ұйытқы бола білген басшыға, ұрпағына ұлттық сананың дәнін сеуіп, жоғалғанымызды жаңғырта келе тек баласын ғана емес ата-анаға да дұрыс жол сілтей білген педагогтар қауымына шексіз алғысымызды білдіреміз. Осы биіктеріңізден таймай, қылығы сұлу қазақ қызымен келешегі кемел ел батырларын тәрбиелей беріңіздер дегіміз келеді.
Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы», Астана қаласы.