Home » Баяндамалар » Ұлт болашағы – ұлттық тәрбиеде

Ұлт болашағы – ұлттық тәрбиеде

«Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше құрал.   Сондықтан да біз оны халықтар арасындағы достықтың бастауы, олардың ынтымақтастығы мен береке –бірлігінің тірегі ретінде қастер тұтамыз».
Н. Ә. Назарбаев

            Кез келген халықтың ұлттық қазынасы – тіл болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Тіл ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы, рухани байлығы, баға жетпес құдіретті, қуатты қайнар бұлағы. Қазіргі кезеңде қазақ тілі мұғалімдерінің алдындағы басты мәселе болып отырған – өзге ұлт өкілдерін қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табу. Бүгін біздің алдымызда тұрған мақсат – өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірттердің туған жерінің қасиетін сезініп, Отанының алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ұлтымыздың салт-дәстүрімен таныстырыу. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген бала келешекте өз елінің іргетасын қалыптастыратын көшбасшы бола алады.  Егеменді ел атанып, өз алдымызға дербес мемлекет болғаннан кейін жасөспірім буынға дұрыс тәрбие беру, олардың патриоттық сезімін ояту, елге қызмет етуге, мемлекеттің іргесін нығайтуға, тілдің дәрежесін көтеру біздің негізгі мақсатымыз.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ана тіліне қамқорлық ең алдымен сол тілде сөйлейтін халыққа жүктеледі» демекші, қазақ тілі мұғалімдерінің парызы — өзге ұлт балаларына мемлекеттік тілді меңгерту екенін ескеру.     Өзге ұлт балаларына қазақ тілін ұтымды, қызықты үйрету үшін ойын арқылы оқыту технологиясын қолдану. Неге десеңіз бастауыш та, мектепке дейінгі тәрбиеленушілер де ойын балалары. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың : «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады емес пе. Арине сабағында тек қана ойын түрлерін қолданбай, өзге ұлт балаларына қазақ тілін ұтымды, қызықты үйрету үшін жаңа заманауи инновациялық коммуникативтік әдістер мен технологияларды пайдалану. Сонымен қатар қазақ тіліне үйреткенде балалардың жас ерекшелігін ескеру әдіс-тәсілдерді таңдаумен сай келеді. Балаларды қазақ тілін үйрету кезінде сөздік қоры болмайынша, өзге тілде сөйлеуі мүмкін емес. Пәнді оқытуда  интерактивтік әдістер: сабақ презентация, сынақ сабақ, зерттеу, жоба құру тәсілдерін  қолданып, ойынды көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер, ойыншықтар, музыка және т.б. материалдар сабақты көркемдеп отырса, балалардың сөздік қоры біршама толығады, ауызша сөйлеу түрлері кеңейеді.
Ал тілді, тіл мәдениетін игеру – баланың сәби шағынан іске аса бастайтын, біртіндеп жетілетін үрдіс. Олай болса, баланың тілін дамыту жұмысы отбасынан, балабақшадан бастап жүйелі түрде жүргізілуі. Бүгінгі таңда балабақшадан бастап, бала тәрбиесіне ұлттық педагогика құндылықтарын сіңіру заман талабының сұранысы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің сөзінде қаншалықты ұлттық тәрбие, болашақты болжаған көрегенділік жатыр. Біздің мақсатымыз балаларға балабақшадан бастап, ұлттық тәрбиені заманауи үлгіде сіңіру. Бала кезінен бүлдіршіндерге ұлттық тәлім-тәрбие беріп, баулып, қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы білетін саналы азамат тәрбиелеу. Н.Ә Назарбаев : «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» деген болатын. Оған орай  Абай атамыз «Ел салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білмей ел болмайды» демекші, ұмыт қалған, тіпті кейбір өз ұлтымыздың адамдары ұмыт қалдырған дәстүрлер. Неге десеңіз ұлттық педагогикаға халқымыздың әдет-ғұрпы да, салт-дәстүрі де, халық-ауыз әдебиеті де кіріп жатыр. Ал бұның бәрін білмей тілді меңгеру ол жоқпен бір. Себебі ұлттық педагогика мен тілді меңгеру әрқашанда егіз жүреді. Ал мектепке дейінгі оқу және тәрбиелеу жұмыстарының қай түріне тоқталсақ та, ойынсыз өтпейді. Сол себептен балаларға ұлттық ойындар арқылы мемлекеттік тілді меңгерту, сөздік қорларын дамыту, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін таныстыруды  негізгі мақсат деуге болады. Енді  осы ұлттық тәрбиені  жүзеге асыру үшін келесі талаптарды ескеру керек:
— Сабақтың өмірімен, қоршаған ортамен байланысты болуы. Сабақта қолданатын ойын түрлері, диалог, әнгімелесу тақырыбы, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылпаштардың мазмұны т.б. материалдар баланы қызықтыратын болуы қажет. Балаларға әсері жоқ, оның өмірінен алыс, өзіне тартпайтын материалдар тілді үйретуге көмектеспейді. Сондықтан оқу материалын балаға таныс, тәрбиеленуші тез түсінетін, оның өмірімен байланысты болуын есепке аламын.
—  Сабақтын тәрбиелік мәні. Оқу мен тәрбие балабақшада бірігіп жүргізіледі. Сондықтан  қазақ тілі сабағында да бұл принцип сақталады. Қазақ тілін оқытуда қолданылатын барлық материалдардың тәрбиелік мәні күшті болуға тиіс.
Қазақ халқының үлкенді сыйлау, ата-әжеге, ата-анаға, үлкенге көмектесу, сый құрмет көрсету сияқты адам тәрбиелеуде үлгі болатын әдет-ғұрыптарды балаға үйрету өте қажет. Сол себептен ата-аналармен бірігіп сабақтан тыс жұмыс түрлерін молынан қолдану. Әсіресе, жылда өткізілетін Наурыз мерекесін балалар тағатсыздана күтеді. Тәуелсіздік күні, отбасы күні, 1мамыр- Қазақстан Халықтарының  Бірлігі күні сияқты ұлттық мерекелер  ата-аналардың қатысуымен өтеді.  Мұндай мерекелерде міндетті түрде ұлттық ойындар ойнатылады.  Себебі ұлттық ойындарымыз балаларға тәрбиелік мәнімен, дене бітімінің әсем де сымбатты болып бітуге пайдасы зор. Орыстың ұлы ғалымы С.Тянь-Шанский қазақтар туралы: «Қазақ халқы – өте дана халық. Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім» деген екен. Бүгінде дамыған Еуропа елдерінен келген Монтессори, Арт-терапия, дамыту ойындары сияқты озық технологиялар мазмұнын қазақ халқы бірнеше ғасыр бұрын-ақ күнделікті тұрмыс-салт жағдайында қолданған. Халқымыз, ерте жастан бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Мысалы, «Қуыр, қуыр, қуырмаш», «Санамақ», «Асық шерту», «Шертпе», «Шекем тас», «Бес тас» тағы басқа ойындарды ойнатуда баланың ұсақ қол моторикасын жаттықтыру, есте сақтау қабілетін, байланыстырып сөйлеу тілін дамыту мақсатын көздеген.
Сонау кездерде халқымыздың ғылыми білімі, сауаты болмаса да бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұрпақтың дамуына көрегенділікпен қараған. Бала қабілетінің қайнар көзі, оның саусақтарының ұшында екенін білуінің өзі көрегендік емес пе?! Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса, соншалықты ойлауы, сөйлеуі жақсы дамиды. Яғни, бала саусақтарымен неғұрлым көп жұмыс істесе, ақыл-ой мен есте сақтау қабілеті де соншалықты тез дамиды. Осы тұста данышпан халқымыздың ұсақ қол моториканы дамытуға арналған ойындары бүгінде ұмытылып барады. Әлемді қыл қаламның құдіретімен таңғалдырған атақты суретші Әбілхан Қастеев: «Сурет салуды әжемнің киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім» дегені осыған дәлел емес пе?
Сол себепті біз ұлттық педагогика материалдарын балалардың ұсақ қол моторикасын дамытуға пайдаланамыз. Олар: асық ойнау, қамшы өру, жүн түту, шаш өру, шашбау тағу, пазл құрастыру, арқан есу, моншақ тізу, ою, құрт, ірімшік жасау және тағы басқалары. Мұндай жұмыстарды орындауда балалардың жас және жеке дара ерекшеліктері ескеріледі.
Мысалы, «Ұлттық киімдер» жобасында балалар өз қолдарымен қағаздан, матадан ұл балаларға және қыздарға арналған ұлттық киімдердің суреттерін салып, қиып, макеттерін жасайды. Атап айтқанда, зерттеу-іздену жобасында балалар халық даналықтарымен танысады, тәжірибелер жасайды, зерттейді, таниды. «Ұлттық тағамдар» жобасында сүттің айранға айналуы, айранды іріту, айраннан майдың шығуы, сүзбеден құрт жасау, қаймақтан май былғау, бидайдан ұн тарту, келіге арпа, бидай түю сияқты тәжірибелер жасау арқылы балалар дастарқанға келген дайын тағамның қалай жасалатыны туралы мағлұматтар алады. Ата-бабаларымыздың ұлттық тағамдарды қалай әзірлегені туралы дүниетанымдық білімді меңгереді.
Ересек  тобында кез келген пәнде топқа бөліп, жарыс түрінде: «Қыз қуу», «Бәйге», «Сиқырлы қоржын», «Тұр сақинам, тұр», «Құс есегім құс!»,  т.б. ұлттық ойындарын қолдану т.б. ойнатуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесін құрауға, ұйқастыруға дағдыландырады.                              Халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Елбасымыз «Елiмiздiң, ертеңі — бүгiнгi жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп айтқандай, бүлдіршіндердің ұлттық сана-сезiмiн оятып, бойына халықтық педагогиканың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиесін, салт-дәстүрі мен үлгi-өнегесін сiңiру басты міндетіміз. Сондықтан тіл тағдырына терең қарап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудегі талап, міндеттер балабақшада жақсы іске асырылуда.

Г.А.Дильдибекова
«Өрлеу» БАҰО» АҚ  филиалы  Қостанай облысы бойынша
ПҚБАИ» МБОТТ кафедрасының  аға оқытушысы,
педагогикалык білім беру магистрі 

Г. Ж.Жақсыбаева
Қостанай қ. МҚКҚ №14 бөбекжай-бақшасының
қазақ тілі мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.