Мектеп – білім ордасы, оның жүрегі – ұстаз. Ұстаз – мектепте басты тұлға болып табылады, себебі ешбір заманға сай технология ұстазды алмастыра алмайды. Мен ұстазбын. Он жылға жуық Астана қаласының №56 мектеп-лицейінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс жасап келе жатырмын. Менің ұстаздық кредом: жеке тұлғаны қалыптастыруға ат салысу, жасөспірімдерді білім нәрімен сусындату, оларды өмірден өз орнын таба білуіне көмектесу және бағыт-бағдар беру.
«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау» деген ұғым нағыз жас мамандарға арналып айтылған деп білемін.
Қазақтың белгілі ағартушысы Ж.Аймауытовтың «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі – білім беруші мұғалім емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз» деген сөзі бар. Қай уақытта болмасын білімді де білікті, тәжірибесі мол ұстаздардың орны ерекше.
ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры болғандықтан оқушыларға ғылым негіздерін оқытып қана қоймай, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге үйретуіміз керек. Сондықтан да мұғалімнің басты мақсаты – оқушылардың білімі мен біліктілігінің қалыптасуына жағдай жасау, шығармашылықпен айналысу. Шығармашылықпен айналысқан ізденімпаз ұстаз қашанда шәкірт жүрегінен орын табады. Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу процесінде мұғалім басты рөл атқарса, қазір оқушының іс-әрекетімен мектептер бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын әдіс тәсілдер баршылық. Көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады»,- дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті.
Бүгінгі таңда мектептің оқу үрдісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан мен өзімнің ұстаздық міндетімді инновациялық білім беру технологияны оқытумен атқарып келемін. Бүгінгі білім бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Мұғалім заман ағымына сай өз білімін жетілдіру арқылы мектепке жаңалық әкелу қажет. Сол себепті Назарбаев зияткерлік мектептері мен Кэмбридж университетінің ұйымдастыруымен «Өрлеу» ҰБАО АҚ-да өтілген Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының ІІІ деңгейінде дәріс ала отырып, курс жаңалықтарын өз тәжірибемде ұтымды қолдану үстіндемін. Бағдарлама нәтижесінде – тәуелсіз, ғылымға қызығушылығы оянған, білім алуға бейім, сенімді, жауапты, сын тұрғысынан ойлай алатын, өзгелермен еркін тіл табыса алатын, сандық технологияларда құзыреттілігін көрсететін оқушылар дайындалады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер әлеуметтік тұрғыдан білім беру болып табылады. Ал «қалай оқу керектігін үйрету» мен «диалог негізінде оқыту және оқу» әдістері әлеуметтік-сындарлы көзқарасымен тығыз байланысты. Бұл әдіс-тәсілдер біздің білім беру жүйемізге өте тиімді. «Қалай оқу керектігін үйрету» әдісі оқушыларға оқуды өз бетінше жалғастыра алатын білім алу жауапкершілігін түсінуге және оны өз мойнына алуға қалай көмектесуге болатынын көрсетеді.
Мен осы бағдарламаның жеті модулін санама сіңіру, іс жүзінде жүзеге асыру арқылы шыңдала түстім деген ойдамын. Ынтымақтастық атмосферасын құру, сыныптағы психологиялық жағдайды қалыптастыру, оқушыға сенім білдірумен қатар қолдау көрсету, оқушыны бағалауда және оқыту үшін бағалау туралы рефлексияны пайдалану менің іс-тәжірибемдегі басты өзгерістер деуге болады. Осы аталған модульдер мен стратегияларды сабақтарымда тиімді пайдаланылып, оқушының сабаққа қызығушылығын арттыруда маңызы зор болды. Инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалану біздің оқушыларға сапалы білім беруіне ықпалын тигізері сөзсіз. Айтылған ойдың түйіні ретінде өзімнің ұстаздық міндетімді атқару барысындағы ұстанымым: «Ұлт болашағы – білімді шәкірт қолында. Шәкірттің білімді болуы – ұстаз қолында».
Шалова Айгүл Өмірқызы
№ 56 мектеп-лицейі
Астана қаласы