Ақсұңқар құстың сойы едің,
Қолдан ұшырып алған екенбіз.
Өңкей қарға-құзғын қаңқылдап!..
Тағдыры бірге тарланым,
Апаны бірге арланым,
Тістеулі кеткен бармағым!..
Аспаны бірге заңғарым!..
Сабыр Адай
Тәрбие сағатының мақсаты: Қара халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, рухын шыңдаған саясаткер, қоғам қайраткері — Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың тұлғасын оқушыларға таныту; ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, ұлттың абыройын асыруға, ана тілді ардақтауға қызмет еткен аяулы азаматтың еңбек жолын үлгі ете отырып, оқушыларға рухани тәрбие беру.
Тәрбие сағатының өткізу түрі: Рухани саяхат сабағы.
Тәрбие сағатын өткізу әдістері: АТК-ны қолдану, диалог, кластер әдісі, қабілетті оқушымен жұмыс, шығармашылық жұмыс.
Көрнекіліктері: слайд, буклет, компьютер
Таныстыру.
Миға шабуыл: «Сандар сөйлейді» ойыны.
Сұрақ-жауап арқылы. Ой қозғау.
Мұғалім-жолсерік: Саламатсыздар ма, оқушылар! Бүгін біздің қоғам қайраткері, саясаткер Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың 77 жылдығына орай өткізіліп отырған саяхат сабағымызға қош келдіңіздер.
(Бейнеролик тамашалау)
Оқушы-гид: Саламатсыздар ма, жолаушылар! «Маңғышлақ-Алматы» бағытындағы пойызымызға қош келдіңіздер! 1-інші бекет — «Отпанның биік шоқысы».
Мұғалім-жолсерік: (Диалогтық бөлім )
- Сайын Шапағатов қай жылы, қай өңірде дүниеге келген?
- Әкесі – Нәдір ақсақал кім болған?
- С.Шапағатов қай оқу орнын бітірген? Мамандығы қандай?
- С.Шапағатовтың спорт әлеміне қатысы болды ма?
- С.Шапағатов өндірістің қай саласында, қандай қызметтер атқарған?
Оқушы-гид: 2-нші бекет — «Әр шыңның самғап ұшқан қыраны бар»
Мұғалім-жолсерік: 1989 жылы жаз айында Жаңаөзен қаласында өріс алған, «Өзен оқиғасы» деген атпен Кеңес Одағына әйгілі болған Маңғыстау маусым оқиғасының себептері мен салдарларын Сайын Шапағатов жақсы түсініп жергілікті партия мен Совет басшыларын қатал сынға алды. Мұнайлы бай өлкеде тұрсада тұрмысы нашар, үй-күйі, жұмысы жоқ, өз туған және тұрған жерінде өзге ұлттан төмен күй кешіп, өгей атанған жүздеген жергілікті тұрғындарға, жастарға саяси тұрғыдан дұрыс бағыт беретін, оның себептерін ашып, шындықты айтатын ұйым қажет болды. Міне, «Парасат» саяси-қоғамдық ұйымы осылай дүниеге келді.
Ортаға ғаламтор желісімен жақсы жұмыс жасайтын үш оқушыны шақырамын.
1-оқушы – ғаламтордан осы «Парасат» қоғамының құрылу себептері мен алғы шарттарын табу;
2-оқушы – «Парасат» қоғамының алдына қойған негізгі мақсаттарын табу;
3-оқушы – «Парасат» қоғамының атқарған жұмыстарын табу.
Кластер әдісі – С.Шапағатовтың бейнесін жасау.
3-інші бекет. «Жақсының аты өлмейді». Рефлексия.
Тілші-оқушы: Сайын аға туралы естеліктерді тыңдап өтейік.
Отыншы Көшбайұлы: — Сайын Шапағатовтың аты аталғанда көз алдыңа қара халықтың арын арлап, жоғын жоқтаған ақберен Азамат келеді. Тұла бойынан туған жерінің өзімен біте қайнасқан даласының иісі аңқыған, өзі арман еткен жемісінің дәмін көп тата алмай, «тар жол, тайғақ кешудің» қиын соқпағында өмірден ерте кеткен ерекше бір болмыс иесі келеді. Өйткені ол бүкіл бітім-болмысымен «Ата қоныс – ар үшін, әке мен бала, жар үшін, арыдан қалған із үшін, артынан туар біз үшін» (С.Адай) арпалысуды арман етіп, өз халқының тарихы мен мәдениетіне, өткені мен бүгініне қанып, суарылған, шыңдалған нағыз сегіз қырлы семсер еді!
Айсырға Қилыбаева: — Қандай қоғамда да оқшау адамдар болады. Оның сөзі де, өзі де, ойы да, тіпті қимыл-әрекеті де, талабы да өзге болғандықтан қасаң қағидалы кісілерге тосын, оғаш болып көрінетін. Сайын Шапағатов – өте қайсар, білімді еді. Оқшаулығымен ғана емес, өзінің көшбасшылығымен, көрегенділігімен, шешендігімен, парасаттылығымен көзге ең алдымен түсетін Сәкең сондай ерекшеліктерімен дара болатын. Оның орындаушылары болдық. Ол кезде менің Сайынның деңгейіндей сауатым, ілімім болған жоқ. Өйткені ол әбден дайындалған жігіт екен, өмір бақи дайындалған. Небір білгіштердің аузын аштырмайтын. Сол кездегі басшылықты тыңдата білді. Сайын бастаған біздер талап етіп барған жиындарымызда шенділер тайсақтап шыға келетін.
Айкүміс Досанова: — Қалай дегенмен, Маңғыстаудағы ғана емес, Қазақ еліндегі соңғы онжылдықтардағы алғашқы демократиялық қозғалыстың дем берушісі Сайын Шапағатовты ұмытуға болмайды. Ол кісінің көп ұстанымдары уақытында ескерілмегенімен олардың дұрыстығын тарих дәлелдеп шықты. Сайын Шапағатов туралы қолдағы бар деректерді мұқият жинақтайтын уақыт өтіп барады.
Оқушы-гид: Құрметті студенттер, бүгінгі саяхатымыздан алған әсерлеріңіз қандай?
Мұғалім-жолсерік: Қазақстан демократиялық саяси ұйымдарының көшбасшы қайраткерлерінің ірі тұлғасы, «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысының тұңғыш төрағасы – Сайын Нәдірұлы Шапағатов қысқа, қиын – мәнді өмірінде қарапайым мұнайшы-оператор, комсомол, кәсіподақ, партия қызмет жолдарынан өтіп, ірі саяси тұлға, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.
Ол бар болғаны 51 жыл өмір сүрді. Бірақ, оның жарқын бейнесі, тындырған істері, көтерген мәселелері ел азаматтарының, саяси серіктерінің, халқының есінде мәңгі сақталады деп анық та нық айтуға болады.
Оқушы-гид: Бүгінгі саяхатымыз аяқталды, қатысқандарыңызға көп рахмет!
Измуханова Айсұлу Ажимбаевна
Педагогикалық әдістемелік пәндерінің оқытушысы
«Болашақ» колледжі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы