Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы XXIII қысқы Олимпиада ойындарына қатысушы Қазақстан ұлттық құрамасын қолдау мақсатында биатлоннан жарыс жолына шықты. Швед жүйесі бойынша өткізілген шаңғы жарысына мектеп әкімшілігі, ұстаздар, қызметкерлер, жатақхана тәрбиешілері, күзет қызметі дерліктей қатысты. Жарыс шарты бойынша әр командаға 2 ер, 1 әйел адамнан топтасып, 3 шақырымды еңсеру міндеттелді.
Тағы бір ерекшелік қатысушылар жол ортада 10 метр қашықтықта орналасқан нысананы өздері асынған мылтықпен атулары керек.
— Бүгінгі жарысқа қатысуға ниет білдіргендер саны өте көп. Араларында шаңғыны алғаш теуіп тұрғандары да бар. Соған қарамастан, жарыс жоғары деңгейде өтті. Біз осы жарыс арқылы Пхёнчхан қаласында ел намысын қорғап жатқан олимпиадашыларымызға қолдау білдіреміз. Олардан шалғайда болсақ та, солармен бірге екенімізді көрсеткіміз келеді, — дейді жарыстың бас төрешісі Елена Афансьева.
Жарыс қорытындысы бойынша белгіленген қашықтықты 21 минут 36 секундта жүгіріп өткен «Жатақхана тәрбиешілері» командасы бас жүлдені жеңіп алып, ауыспалы кубокке ие болды. Ал олардан 14 секундқа қалып қойған «Қызметкерлер» командасы 2-орынға ие болды. Жүлделі 3-орын «Күзет қызметі» командасына бұйырды. Олардың көрсеткіші 22 минут 45 секунд.
Жеңімпаз командалар мақтау қағаздарымен марапатталды.
Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы