Елдің ел болып, ұлттың ұлт болып қалыптасуы ұлттық құндылықтың мықтап бекуінде. Кез-келген ұлттық тілі, діні, салт-дәстүрі болады. Тілін, дінін, салт-дәстүрін ұмытқан ел дербес мемлекет болудан алшақтап, басқа мемлекетке тәуелді болары хақ.
Осы орайда ұлттық құндылықтардың алатын орны ерекше! Ал қазақ халқының ұлттық құндылықтарында ешбір елге ұқсай бермейтін өзіндік ерекшелігі бар. Себебі бізде қан тазалығы жақсы сақталған. Бұ сөзіме «жеті атадан аспай, қыз алыспау» керектігіне жете мән берген.
Жахандану кезеңіндегі құнды құжаттардың бірі мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы. Бағдарлама өркениеті шарықтаған елдің руханияты құлдырамауына қарсы бірден–бір көмек. Себебі еліміз тек экономикасымен өркениетін дамытып қана қоймай рухты мықты ұрпақ тәрбиелеуге де ден қойып отыр.
Халық педагогикасындағы тәрбие құралдары — мақал-мәтелдер, жұмбақтар, әндер. Халық педагогикасының құрамды бөліктері қазақтың ұлттық, ойындары, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ауызша есеп т.б. ерте заманнан бастап ұлдардың ой-өрісін, зеректігін дамыту және тапқырлығы мен шешендігін анықтау үшін тәрбие құралы түрінде қолданып келді.
Халық педагогикасындағы тәрбие әдістері. Бала тәрбиелеуге ұлттық дәстүрлердің қажеттілігіне тоқталар болсақ, ата-бабамыз салған дәстүрлерді ұрпақ арқылы әрі қарай жалғастыру, адамгершілікке, мейірімділікке, ерлікке баулу. Халық даналығы «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген екен. Ендеше, осынша ұзақ жасағысы келген ұлыс атаулы өзінің Отанын, отбасындағы ошағын, атадан — балаға ауысатын қара-шаңырағын көзінің қарашығындай қорғап, олардың үздіксіз өркендеуін үнемі қадағалап отыруы керек. Бала дүниеге келген күннен бастап қазақ халқының өзіндік тәрбиелеу әдістері болған: әңгімелесу, кеңесу, түсіндіру, сендіру, талап ету, кеңес беру, үйрету, көрсету, үлгі көрсету, өтіну, бұйыру, жастықтыру, бата беру, мадақтау, алғыс айту, жалбарыну, сөгу және т.б.
Ал, ұлы ата-бабаларымыз «Ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің іргетасы», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп түсіндіреді. Сондықтан балаға өмірінің алғашқы жылдарында адамгершілік сезімдерін, ұлтжандылық пен елжандылықты егудің орны бөлек».
Халықтық педагогика құндылықтарына үңіле отырып жастарды салауаттылық өмір салтына тәрбиелеуде оның озық үлгілерін оқу-тәрбие барысында кеңінен пайдалануымыз керек. Қазақ халқы өз тіршілігінің сан ғасырлық тарихында өмірінің жалғасы, мұрагер балаға тәрбие берудің өзіндік әдеп-ғұрпын жинақтады. Оларға бұқаралы жасампаз тәжірибесі, рухани бай орнықты қазыналары, сан қилы қағидалар топтастырылды.
Халықтың педагогикалық мәдениеті, мәні, мазмұны. «Бала тәрбиесі — баршаның ісі». Ендеше бала тәрбиесіне оның болашағына немқұрайды қарау кешірілмес күнә. Халқымыздың »Балалы үй базар» деген аталы сөзі текке айтылмаған. Балалардың риясыз күлкісі арқылы өмірді, келешекті көз алдымызға жарқын елестете аламыз. Бала десе жүрегіміз езіліп көңіліміз толқып, мерейіміз таси түсетіні де сондықтан болар. Ата-бабаларымыздың өткен тарихын, ерлігін, батырлығын, еңбекқорлығын, адалдықтарын ұлдарымыздың жүрегіне ұялатып, болашақта олардың ел қамын ойлайтын отансүйгіш патриот азамат болып өсуіне басты назар аудару керек.
Адамгершілік, моральдық қасиеттер адамдардың қимыл-әрекеттерінен, өзара туыстық қарым-қатынасынан келіп шығады. Кейбір жанұяларда бауырлары мыстандық, қастандық, алаяқтық жасап, шешесі де әпке-қарындастары, керек десеңіз ағалары да пасықтық танытып жатады. Атам қазақ: «Өзі пасық, сөзі сасық» деп бекер айтпаған. Оны өмірдің өзі, заманның ағымы көрсетіп отырған жайлар жиі кездеседі. Мысалы, ағасы інісіне мұрагерлікке жерін берем деп. өлшеп беріп, інісі оны ырзашылықпен қуана-қуана қабылдап алған соң, үй салуға қажетті құрылыс материалдарын сол жерге төккен кезде, ағасының ойы бұзылып, арам ниеттеніп, Бекежанның Төлегенді садақпен ту сыртынан атқанындай, жерін (туған інісінің құрылыс материалдарын иемденіп) қайтадан алып қойғанына тарих куә. Осындай тағы бір жайтты баяндасақ, жақында ғана шешесі ұлына «Ауылға қара шаңыраққа ие бол. Мұрагерлікті саған нотариальді тапсырдым деп алып, арада жарты жылдан кейін құдайдың алдында берген уәдесінен тайып, үйін қайтадан алып қойғаны ақылға сияды ма?, Сөйтіп, әрбір жанұядағы бауырлардың, немесе бала мен шеше арасындағы өзара туыстық қарым-қатысы: жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, әділеттік пен әділетсіздік, борыш пен намыс, ар мен ождан адамның іс-әрекеті арқылы өлшенуде. Сондықтан да, балаға тәрбиені шешесі емес, әкесі беруі тиіс. Егер әкесі болмаған жағдайда дені дұрыс ағасы бергені жөн. Жоғарыда келтірілгендей, «Еркектің екі сөйлегені — өлгені» дегендей ондай ағалардан не қайыр?, не үміт?! Мұндай кезде баласын нағашы жұртына, не қайын жұртына тәрбиеге бергені мақұл. Осындай келеңсіз жәйттерден сақтанған қазақ халқы ұлдарын отбасында үнемі кішіпейілділікке, ізеттілікке, имандылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет етіп қойғаны жөн. Ер балаларға ауылдың үлкендеріне қос қолдап, «Ассалаумағалейкум» деп амандасуды айтқан. Ұлдардың жадына «сіз» деген сыпайылық, «сен» деген анайылық, «Адалдықтың белгісі, иіліп сәлем бергені», «Кішіпейілділік сыпайылықтың белгісі», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Ұлық болсаң, кішік бол!» және т.б. деген кағидаларды үнемі ескертіп отырған белгілі.
Қазақ халқы ежелден ұл баланы мал бағуға, отын шабуға, аң аулауға, мылтық атып, мергендік құруға, қолөнер шеберлігіне, мал тауып, отбасын асырауға әкелері мен аталары үйреткен. Отбасылық дәстүрлер: баланың дүниеге келуіне байланысты шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той, атқа мінгізер, тоқым қағар, үйлену тойлары және т.с.с. әдет-ғұрыптар да бар. Отбасының рухани байлығы мен потенциалды — тәрбиелік мүмкіндіктерін онда қалыптаскан дәстүрлерге қарап анықтаймыз. Ал отбасылық тәрбиенің дұрыс болуы көбінесе педагогикалық ықпалдын тиімділігін арттыруға септігін тигізеді, яғни өзара құрмет, достық сеніммен өскен бала жетекке оңай жүріп, тәрбиелік әсерге көнгіш болады [2]. Біз ұлдарымызға ең біріншіден, оның ата тегі, нағашы жұрты, келешек қайын жұрты жайлы әңгімелерді мысал ретінде айтып беруіміз керек. Мысалы: Жігіттің үш жұрты бар: Біріншісі-өз жұрты, екіншісі-қайын жұрты, үшіншісі-нағашы жұрты. Халық арасында мұны: өз жұртыңды – күншіл, қайын жұртың -сыншыл, нағашы жұрт- міншіл», «өз жұрты – боқ, нағашы жұрты — шоқ, қайын жұрты – тоқ», «өз жұрты – сай, нағашы жұрты — ай, қайын жұрты — бай» деп те мәтелдейді. «Ағайын бар болсаң, көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды», «Жақсы болсаң күндейді, жаман болсаң жүндейді». «Қайын жұртың қолыңның ұзындығына қарайды, жағаңның қызылдығына қарайды. Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың». «Нағашы жұртыңды айта алмайсың. Талтаң басып жалтаңдайсың, жақсылығыңа сүйінеді, әрқашан тілеуіңді тілейді, тілеуқор болады» [3,4]. Сонымен, әрбір ұлдың үш жұрты бар. Мәселен, біріншісі: өз жұртым — Бүркіт ата; екіншісі: нағашы жұртым — Өміртай ата; 3.үшіншісі: қайын жұртым — Иманбекқажы ата.
Шығыстың ғұлама ғалымы, ұлы педагог, тәрбиеші-ұстаз Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» – деген екен. Қазақ жанұясындағы ер балаларды тәрбиелеу ерекшеліктері ерекше болған. Адам баласы қоғамда өзінің адамгершілік қасиеттерімен, қайырымдылығымен, адалдығымен, әділеттілігімен ардақталады.
Ата-бабаларымыздың сондай-ақ тектілік деген киелі ұғымды ежелден қастерлеп, оны атадан — балаға мирас қып қалдыруында да терең сыр бар. Туа бітті тектілігін, табиғи қадір-қасиетін сақтап қалу үшін олар мүмкіндігінше тәрбиелі отбасылармен құдалы-жекжат болуға ұмтылған. Тарих қойнауына үңіліп, ұлттық тәрбие сырларына тоқталсақ қана, өркениетті ел қатарына қосыламыз, келешекте көш бастайтындай тәрбиелі ұрпақ өсіреміз дейтін болсақ, ұлттық тәрбие-тағылымдарын үлгі-өнегелерін үнемі баланың бойын сіңіруіміз қажет.
Тайтелиев Д.Б.,
Шымкент жоғары медицина колледжі