Home » Балабақша » Ұлттық қазына – ұлттық музыка

Ұлттық қазына – ұлттық музыка

 Ұлттық музыка – халқымыздың баға жетпес құндылығы. Ежелден бері атадан балаға мұра болып, сан ғасырлық тарих қойнауынан өтіп, бүгінде жоғалмай, өлмей осы күнге жеткен асыл қазынамызды біз әрі қарай өсіп келе жатқан ұрпаққа мұра ғып жеткізуіміз керек. «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деп Елбасы Жолдауында айтқан. Бүгінде эстраданың дәуірлеп тұрған заманында, ұлттық музыканың заман көшінен қалыс қалып бара жатқаны да ақиқат. Алайда 20 ғасырға дейін жазбасыз түрде дамып ауыздан-ауызға, ғасырдан ғасырға, әкеден  балаға, ұстаздан шәкіртке мирас болып келе жатқан төл өнерімізді бүгінгі таңда заман ағымына сай өңдеп нақыштап орындап жүргені де баршылық. Олар Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Ыбырай, Нартай, Мәди, Мұхит, Абай сынды музыка мәдениетінің шоқ жұлдыздарының ізін жалғаған Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова және т.б. көптеген өнер майталмандары. Көшпелі қазақтың тарихы, өмір кезеңі, бастан өткен қиыншылықтары, соғыс күндері, жаугершілік заман, бейбітшілік күндері – осының барлығы ұлттық музыкадан көрініс береді. Мысалы, халық шығармашылығының сүйікті жанры, батырлық және лирикалық-тұрмыстық эпостар  «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар», «Қыз Жібек», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік және Кебек» жырларын айтуға болады. Бұлар қазақ тарихына қатысты нақты оқиғаларды аңыз, мифологиялық түрде жеткізеді. Мыңдаған жолдан тұратын мұндай эпикалық шығармалар ұлттық аспап  домбыра арқылы орындалған. Домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Домбыра – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Бүгінде қара домбыраның үнімен әлемді таңғалдырған небір күйлер ерте заманда пайда болған. Домбыра арқылы құстардың, аңдардың, жануарлардың бейнесіне жан бітіп, көшпелі қазақтың рухани өмірі өрнектеліп отырған. Мұндай күй топтарына – «Аққу», «Қаз», «Нар», «Ақсақ қыз», «Ақсақ құлан», «Жорға аю», «Зарлау», т.б. күй-аңыздар жатқызылған Қазақстанның байтақ территориясында әр түрлі дербес кәсіби композиторлық және орындаушы мектептер пайда болды, әрбір аймақ өз ерекшелігін сақтап отырды. Мысалы, Батыс Қазақстанның территориясы домбыралық төкпе күйді дамыту орталығы болып есептелсе, Орталық Қазақстан – ән орындау орталығы, оңтүстік-батыс аймақ эпостық жырды баяндаудың бай тәжірибесін сақтаған, ал Жетісу өңірі – айтыс дәстүрін, айтыс ақындарының өнерін дамытады. Ал 20-шы ғасырдың 30-40 жылдары шығармашылықтың жазба түрінде қалыптасқан жаңа кәсіби композиторлық мектебі құрылды. Бүгінде ұлттық музыканың қыр-сырын үйрететін, білікті маман дайындап шығаратын түрлі оқу орындары баршылық, олар: К.Байсейітова және А.Жұбанов атындағы арнаулы балалар мектебі, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы, Астанадағы Ұлттық музыка академиясы, Абай

 

атындағы мемлекеттік опера және балет театры, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, Қазақконцерт, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты және басқа да музыкалық – білім, ғылым және мәдени ошақтары жұмыс істейді. Жазушы Мұхтар Әуезов «..қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі шекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш шекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым» деген қанатты сөзін қазақ халқының ұлттық музыкасына арнап айтқан болатын. Олай болса, ұлттық өнерімізді әрқашан ұлықтайық, ұмытпайық!

Жамила Сатгалиқызы Султангалиева,
БҚО,Орал қаласы.
№38 «Жазира» бөбекжайының
ІІ санатты музыка жетекшісі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.