Home » Жаңалықтар » «ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ОҚИҒАЛАР ХРОНИКАСЫ» КӨРСЕТКІШІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

«ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ОҚИҒАЛАР ХРОНИКАСЫ» КӨРСЕТКІШІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

2017 жылдың 16 наурызында «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы «Оқиғалар хроникасы» көрсеткішінің таныстырылымы өтті.
Тұсаукесер ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70-жылдығы және Орталық ғылыми кітапхананың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Іс шарада қатысушылар назарына кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Алқалы жиынға ғылымның түрлі саласының жетекші ғалымдары мен ҚР ҰҒА академиктері, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері мен қызметкерлері және кітапхана саласының мамандары қатысты.
Салтанатты шараны кіріспе сөзбен ашқан «Ғылым ордасы» РМК Бас директоры, профессор Бауржан Төлтаев: Өздеріңіз жақсы білесіздер, жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өткен еді.

Біз былтыр қараша айында Академияның 70 жылдығы аясында, оның тарихына арнап фото-көрме ұйымдастырған болатынбыз, енді бүгін еліміздің бас ғылыми мекемесінің бір ғасырлық тарихи шежіресін жаңа тарихи деректермен, құжаттармен және ақпараттармен толықтырып назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Бұл жылнама, бүгінгі таңда Ұлттық ғылым академиясының тарихына арналған бірегей, толыққанды басылым болып табылады. Хронологиясы 1918 жылдан бастап, 2016 жылдар аралығын қамтиды», — дей келе барлық қатысушыларды жаңа көрсеткіштің шығуымен құттықтады.
Жиын барысында хрониканың авторы және ғылыми редакторы биология ғылымдарының кандидаты Н. Ниретина сөз алып алып, таныстырылып отырған көрсеткіштің толықтырылып шығарылған анықтамалық екенін айтты. Мұнда КСРО мен Қазақ КСР-інің және тәуелсіз Қазақстанның отандық ғылымның дамуына қатысты қабылданған маңызды құжаттар, қаулылар мен жарлықтардың жинақталғанын да қоса кетті. Сөз арасында өзінің Қ.Сәтбаев атындағы геология институтында 50 жыл бойы қызмет еткенін және әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарына белсенді түрде қатысып тілге тиек етті.

ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы С.Қожахметов: Жаңа басылымның әрбір бетімен танысып шықтым.

Таңғажайып дүние. Мұны шығаруға атсалысқан барлық мамандарға ерекше алғысымды білдіремін. Қазақстандағы ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметтің және республиканың қалыптасуының ең маңызды кезеңдері хронологиялық жүйелілікте ұсынылыпты. ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы С. Оразалы: Бүгінгі күні таныстырылып отырған көрсеткіш еліміздегі ғылымның даму жолы мен жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, оның қиындықтары мен ерекшеліктерін, сондай-ақ, ғылым салаларына берілген басымдықтарды кеңінен, жан-жақты талдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.  Физика-математика ғылымдарының докторы И. Пак өз кезігінде көрсеткішті толықтырып шығарылып отырған мамандарға алғысын айтып, «Қазақстандағы корейлер» атты энцеклопедияны құрастырушылардың бірі ретінде, қандай еңбек болмасын, жарыққа шығарудың оңай жұмыс емес екенін айтып өтті.

ҚР ҰҒА-сының мүше корреспонденті, геолого-минералогическиялық ғылым докторы М. Мұхамеджанов: Елдің рухын асқақтатар ұйымның бұл көрсеткіші ғылым саласындағы талай жетістігімізді айқара ашып көрсететін жылнама болатыны анық. Бұл еңбек отандық ғылымның тарихи-деректік жылнамасы, өткенді сараптап, болашаққа бағдар жасауға, ғылым саласындағы алдағы басымдықтарды нақты анықтауға мүмкіндік береді деген үміттеміз.

Философия, саясаттану және дінтану институты директорының міндетін атқарушы, философия ғылымдарының докторы С. Нұрмұратов: Көрсеткіште ғылым Академиясының қызметіне тікелей қатысы бар, еліміздің жалпы ғылыми-техникалық және білім беру кеңістігін құратын республиканың ғылыми және білім беру мекемелерінің ұйымдастырылған күндері жазылған екен. Бұл әрине, қуантарлық жайт.
Тұсаукесер аясында сөз алған ғалымдардың барлығы да бірауыздан жарық көрген үшінші анықтамалықтың жоғары деңгейде дайындалғанын жеткізді. Дегенмен, болашақта қазақ және ағылшын тілдеріне де аударылса екен деген тілектерін білдірді. Басқосуда көрсеткіштің таралымын көбейту мәселесі де қозғалды және ғаламтор желісі арқылы көрсеткіштің жалпыхалықтық қолжетімділікке ие болса деген ұсыныстарын білдірді.
Аталған еңбек тарихшыларға, ғалымдарға, ғылымды басқару саласының қызметкерлеріне, мамандарға, сондай-ақ Ғылым Академиясының қалыптасу тарихына қызығушылық танытатын барлық оқырман қауымға арналған. Шара барысында, ғылымның әр түрлі саласында жүрген басшылар мен кітапхана ісінің мамандарына аталған көрсеткіш сыйға тартылды. Қорытындысында, «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қ. Қаймақбаева, өз кезегінде айтылған ұсыныстарды алдағы уақытта ескеретінін және көрсеткіштің қазақ тілінде осы жылдың аяғына дейін шығарылатынын, тіпті сұраныс болса ағылшын тілінде де жариялануы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, кітапхана қоры ұлттық және шетелдік басылымдар, ғылыми еңбектер және Қазақстан ғалымдарының жеке кітапханаларының аса бай жиынтығынан тұратынын қолжазбалардың түпнұсқалық түрінен бастап, электронды нұсқасын көшіріп алуға дейінгі үлкен жұмыстың атқарылып жатқанын айтты.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.