Home » Мақалалар » Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы

Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы

Еліміздің болашағы, ұлтымыздың ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ. Өз елінің ұлттық рухын бойына сіңіріп өскен балаларымыз болашақта өз халқын биік белестерге жетелей біледі. Сондықтан еліміздің, ұлтымыздың тізгінін ұстай білетін саналы жас ұрпақ тәрбиелеу – басты міндеттеріміздің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық намыстан айырылып қалмай, әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер көтеріліп отыр. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға тартып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға сыяды. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені рухани байлықтың кемел болғаны жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, бәсекеге қабілетті болатыны анық. Ұлттық жаңғыру дегеніміз ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, табысты ел болу. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты парызы» деп атап көрсетті. Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, дербес мемлекет болуы және өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады. Жас ұрпақтың бойына ата-дәстүрімізді қалыптастыра отырып, елім дейтін болашақ азаматты тәрбиелеуде бөбекжайдың орны ерекше.

Бөбекжайдағы ұлттық тәрбие берудің мақсаты: ұлтжандыққа, отансүйгіштікке, тарихын, мәдениетін салт-дәстүрін терең меңгеруге, ана тілін қадірлеуге үйрету және ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Ұлттық тәрбие арқылы балалардың мінез-құлқын қалыптастыру.

Бөбекжайдағы ұлттық тәрбиенің міндеті – ата-бабамыз қолданған үрдіс пен бүгінгі жайды саралап, халықтық педагогиканың асыл мұралары негізінде саналы тәрбие беруді қиылыстыру және қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру.

Бөбекжайымызда барлық тәрбиелеу мен оқыту үрдістері мемлекеттік стандарт талаптарына сай жүргізіледі. Бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді. Балалар фольклоры: салт-дәстүрлер, ұлттық өнер, халық ауыз әдебиеті, ұлттық ойындарды, ұйымдастырылған оқу қызметінде жиі қолданып келеді.

Баланың негізі іс-әрекеті ойын болып табылғандықтан, халқымыздың ұлттық ойындары балалар үшін үлкен тәрбие, өнеге. Балалармен жас ерекшеліктеріне сай ұлттық ойын түрлері: «Ханталапай», «Орамал алу», «Тақия тастамақ», «Арқан тартыс», «Ақсерек-Көксерек», «Теңге алу», «Соқыртеке» «Ақ сандық — Көк сандық», «Ақ сүйек» «Жасырынбақ», «Бәйге», «Көкпар» т.б ойындар ойнатылады. Бұл ойындарды ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдыққа үйрету іске асырылады. Ұлттық тәрбиенің өзі күнделікті барлық оқу қызметінде баланың бойына сіңе бастайды. Ол үшін біз балаларға салт-дәстүрлерді жай үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіреміз.

Қазақтың мақал-мәтелдері болсын, жұмбақ- жаңылтпаштары мен ертегілері, бата-тілектері болсын – бәрі де балаларды Отанын сүюге, ерлікке, елін қорғауға үндейді.

Мектепке дейінгі жастағы баланың рухани-өнегелі, ұлттық дамуы балабақшасы мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады.

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Бөбекжайда да ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық.Ұлттық тәрбие – сана-сезімі жоғары болашақ маман-жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады деп санаймын.

Бақтыгереева Гульфайруз Мағазқызы,
БҚО, Орал қаласы
№46 «Ақжайық» бөбекжайының әдіскері

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.