Бүгінгі қоғамның бет-бейнесі алуан түрлі. Өйткені жаһандану дәуірінде ел болашағына сыртқы күштердің әсері тым мықты. Бұған дәлел ұрпақ тәрбиесіне батыс пен шығыстың салт-дәстүрлерінің, жалпы өмір сүру қағидаларының кірігуі. Ал, қазақ халқының сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық тәрбиеміз қайда қалды? Ұлттық тәрбиені біз балаларымызға сіңіріп жүрміз бе? Ескіліктің көзін көрген және әр қазақтың қазақ болып қалуын ойлайтын ел-ағаларының тәрбие мәселесіндегі басты түйткілі осы. Жалпы «ұлттық тәрбие» атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгізген Мағжан Жұмабаев болды. Ол «Педагогика» атты еңбегінде педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатындығы жайлы айтқан. Мәселен: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбр ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», — дейді ақын өзінің құнды еңбегінде. Олай болса «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтқандай, ең әуелі ұлттық тәрбиеге мән бергеніміз әсте дұрыс жол.
Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы №56 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Найманбаева Ниязкүл Сейітқазықызы ұлттық тәрбие жайлы былай дейді: «Ұлттық тәрбие дегеніміз – ата-бабаларымыздың сан ғысырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүрі, әр ұлтқа тән өзіндік ерекшелігі. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – өнегелі тәрбие. Мәселен, қазақтың «қызға қырық үйден тыйым» деген мақал-мәтелінің өзінде үлкен астар жатыр. Ал, қазіргі кезде ше, жас қыз өзгенің ақылын тыңдайды ма? Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Заманауи тәрбиеде батысшылдыққа көп еліктейді. Қыз балаға тән ұяңшылдық қалып барады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, бұрыңғы бабаларымыздың салт-дәстүрлері де жыл өткен сайын өкінішке орай ұмытылып жатыр. Өз басым педагогика саласының маманы болғандықтан педагогикада да батыстың менталитеттің желі есіп тұратындығын айта кеткенді жөн санаймын. Бірақ сайып келгенде, педагогиканың, білім берудің бастауы – ұлттық тәрбие екендігін үкімет ескерсе екен. Өзім жоғары санатты, бастауыш сынып мұғалімімін, күміс алқа иегерімін. Үйдегі отағасымен бірге 5 қыз, 1 ұл тәрбиеледік. Шүкір, үш қыздан 7 жиен-немере бар. Отбасымызда ұл бала мен қыз бала тәрбиесіне қазақы дәстүр сіңіруге ерекше мән береміз. Ұл баланы еркін қылып, түзде еңбек етуге, әке жолымен жүруге, отанын қорғауға бағыт бағдар берсек, қыз балаға үй шаруашылығында еңбек етіп, болашақ ана ретінде тәлім-тәрбие береміз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді де үнемі еске салып отырамыз».
Міне, бұл қарапайым ұстаз отбасындағы ұлттық тәрбие болса, өзгелердің отбасында отбасында тәлім-тәрбие қандай? Бұл үшін біз Жамбыл облысындағы әскери қызметкер Жанатаев Төленбек Жарқынбекұлымен сұхбаттасқан едік.
«Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал, біздің қоғам — Қазақстан Республикасы. Сондықтан да, қазақ – өзінің ұлттығын жаһандану дәуірінде сақтап қалуы үшін ұлттық тәрбиеге ерекше мән берілуі тиіс деп ойлаймын. Өйткені отбасындағы ұлттық тәрбиенің алтын қазығы – әйел адамы. Бесікте жатқанда жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала бойжеткенде ибалы, иманды болып өседі. Қазіргі заманда қыз бала тәрбиесіне ерекше мән бергеніміз абзал. Себебі қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу екендігін есте сақтаған жөн. Халқымыз: «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без», — деген екен. Ал ұлы Абай атамыз: «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың қызынан қапы қалма», — деп, ата-ана жүріс-тұрысы балаларына тікелей әсер ететіндігін дөп басып айтып кетті. Иә, отбасымыздағы жұбайым, от анасы Спатаева Ақтоты Тоқтарбекқызы екеуіміз 4 баланы ұлттық бағытта тәрбиелеп, балаларымыздың мектепте үздік оқушы әрі спорт шебері атануына үлес қосып отырған жайымыз бар. Әйелім Ақтоты Тоқтарбекқызы негізінен ағылшын тілінің ұстазы әрі есеп және аудит мамандығы бойынша оқу орнын да бітірген. Қазір балаларымызды бағып, тәрбие мен білім беруде аналық мейірімін көрсетіп, отбасымыздың ұйытқысы болып отыр. Жалпы, менің көкейтесі мәселемнің бірі – ұлттық тәрбиеде гендерлік саясаттың қажеті шамалы. Өйткені, гендерлік саясатқа сүйеніп, әйел мен ер адамның рөлін түсінбей жатқандар қазіргі қоғамда жетерлік. Сондықтан да сіздердің басылымдарыңыздың көтеріп отырған «ұлттық тәрбие» тақырыбы өте орынды.
Біздің қазақ халқымыздың салт-дәстүрінің өзі тұнып тұрған тәрбие, білім. Рас, бүгінгі заманда батыс пен шығыстың менталитетіне сүйеніп өмір сүріп жатқандар аз емес. Бірақ олардың барлығы біз үшін қазақ ұлтының тәрбиесіне сай келмейді. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей өз басым жақында ғана халықаралық әскери спорт жарысы байқауларының жеңімпазы атанып отырмын. Ұлдарым да Қалмұрат пен Ералы каратэ мен футболға қатысады. Иә, бұл ұлттық спорт ойындары емес, дегенмен де ұлдарымның атқа міну мен қазақша күрестен де хабары баршылық. Спортқа тәрбиелеуімнің себебі – ұлдар болашақта отан қорғаушылар болмақ, олар физикалық тұрғыдан да мықты болуы тиіс. Ұл мен қызды ұлттық тәрбиеге сай етіп тәрбиелеп отырғандықтан балаларымның арқасында Тараз қаласындағы №36 мектеп ұжымының атынан «Алғыс хатпен» марапатталған жайымыз бар.
Жалпы, сіз бен біздің қоғам алдындағы парызымыз – XXI ғасыр азаматының бойында өркениетті өмірге талпынумен қатар, ата-баба дәстүрін жалғастыратын, кіндік қаны тамған туған жерін, Отанын сүйетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, текті әрі дені сау ұрпақ тәрбиелеу» , — деп Жанатаевтардың отағасы Төленбек Жарқынбекұлы ағынан жарылды.
P.S. Қазақ баласын қалай тәрбиелеген? Бүгінгі заманның тәрбиесі қандай? Ұлттық тәрбиеге сай ма? Бұл көкейтесі мәселелерді оқырман өздеріңіз саралай жатарсыздар! Ал, біз газетіміздің келесі санында гендерлік саясат пен отбасы тақырыбын қаузаймыз.
Жансая Құрманғалиқызы,
«Білім айнасы» газеті,
Жамбыл облысы