Home » Білім және тарих » Ұлттық сана және жасөспірімнің өзін-өзі тәрбиелеуін қалыптастыру мен жетілдіру

Ұлттық сана және жасөспірімнің өзін-өзі тәрбиелеуін қалыптастыру мен жетілдіру

             Адамзат – жер бетіндегі тірі организмнің жоғарғы сатысы, қоғамдық-тарихи іс-әрекеті мен мәдениет субъектісі, басқаша айтқанда іс-әрекеті мен қарым-қатынас иесі ретінде ол қоғамдық қатынастардың моральдық ықпалынсыз қалыптаса алмайды. Бірақ олар сол қоғамдағы бар моральдың қандай түрлерімен болса да дамуға ерікті. Мұның қандай сапалық түрін тандамасын оның өзін-өзі тәрбиелеу барысында, қоғамда қалыптасқан идеологиялық жүйені құрайтын этникалық, адамгершілік, эстетикалык талаптар адамға ықпалын тигізбей қоймайды. Міндеті жағынан этникалық өзіндік сана ең алдымен ұлттың өзін-өзі анықтауын рухани қамтамасыз ететін қызметін және оның ар жақты дамуын жүзеге асырады. Ғылыми әдебиеттерде этникалық өзіндік сананың қызметтері туралы біркелкі түсінік қалыптаспаған. Кейбір жағдайларда оның қызметі ретінде мыналарды бөліп көрсетеді: бейімделу, үйрену, қорғаныс, танымдық, өзін реттеу және жауапкершілік.

Ғалымдардың этникалық өзіндік сананың қызметтері жайындағы көзқарастарындағы айырмашылықтар кездейсоқ емес. Ең бастысы ол тұтастай әлеуметтік өзіндік сана қызметтері туралы сұрақтың әлі күнге дейін шешілмеуімен түсіндіріледі. Мұнда негізгі сұрақ ретінде өзін-өзі тәрбиелеу әрқашан да әлеуметтік сипатта болады. Оның әсері әсіресе жасөспірімдерге көбірек тиеді. Мемлекеттің болашағы жастар әлеуметтік дамуға өз үлестерін қосу негізінде қандай болу керектігі жайлы атақты ойшыл, Н.Г.Чернышевский «Егер біздің балаларымыз шын мәнінде білімді адам болғысы келсе, өз бетінше ізденіп, оқу арқылы білім алуға тиіс»,- деп жазған. Алайда барлық жасөпірім өзін-өзі тәрбиелеуге ықыласты бола бермейді. Өзін-өзі тәрбиелеуге жасөспірімдерді тұлғалық қалыптастыруда белгілі бір қоғамдық-саяси және идеалдың атқаратын рөлі жоғары. Бұл саладағы жұмыс білім мекемесінде маңызды жүргізілуі керек. Әр оқушының еліктейтін ұлы адамдары болуы қажет. Ұлы адамдардың қай-қайсысын алсақ та, оның ішінде ғылымда, әдебиетте, өнерде жас кезінде үлгі тұткан, солардай болсам деп армандаған жеке тұлғалардың болғанын айтады. Бұл жерде Абай да кезінде еліктеу туралы айтқанын келтіре кетуге болады:

«Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз».
Сондықтан жасөспірімдерді ондай адамдарды жиі-жиі кездестіріп, олардың өмірлерімен таныстырып отыру қажет. Қазақ халқының ұлы ағартушысы Абай он тоғызыншы қара сөзінде былай дейді: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады… Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады». Сол есті болып өсер жеткіншек емес пе бүкіл еліміздің ертеңі, үміт етер болашағымыз?

Қазақстан ғасырлар тоғысында тәуелсіз елге айналып, саяси әлеуметтік, білім беру саласындағы – қазақтың ұлттық мектептерін жасау, оқушының танымдық қабілеттерін арттыру мен келешекте басқа мемлекеттер арасында жетекші орынды иелену негізінде жан-жақты, ақыл-ой өрісі кемелденген оқушы тәрбиелеу мәселесін шешу қажеттігін қойып отыр. Бүгінгі күннің негізгі талабы – білімді адамды әлемнің бүтіндей бейнесінде қабылдай алатын, шығармашылық таныммен тікелей қатынас жасап, жаңаша ойлай алатын творчестволық адамға айналдыру.

Абайдың пайымдаулары «Адам – философияның орталық мәселесі» дегенге әкеледі. Адам және оның әлемдегі жағдайы, тәжірибесі мен шығармашылығы Абай үшін түйінді мәселе болып табылатындықтан, оның философиясының өзегіне айналады. Ол жеке адамдардың тұрмысы мен ережелері, оның санасы, жан-дүниесі, өзіндік сана туралы ой толғайды.

Өзіндік анықталған дарынды, білімді жас буын ғана егеменді еліміздің ертеңін зиялы етіп, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алады. Сол себепті жалпы білім беру орындарында жоғары сынып оқушылары тәлімгерлері өздері берген білімді, оқу-тәрбие тәсілдері мен қойған бағалау өлшемдерінің тәжірибе тағылымдарын игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өздерінің зерделі танымдық зерттеу іс-әрекетімен сабақтастырулары тиіс.

Қаншалықты ұлт өзін, өзінің болмысын тануға қарқынды ұмтылса, соншалық ол қоршаған дүниедегі өз орнын саналы түрде анық сезіне бастайды. Этникалық өзіндік сананың эмоциялық құндылық қызметіне келетін болсақ, оның мәні өзін-өзі танудың интегралды нәтижесі болып көрінеді. Оны өзін-өзі бағалау сияқты рухани феномен арқылы ашып көрсетуге болады. Өзін-өзі бағалау – бұл субъектінің өзіне деген құндылық қатынасы және осындай сипатта, соған байланысты эмоциялардың нақты бір жиынтығын қалыптастыратын механизм болып көрінеді. Демек, этникалық өзіндік сананың эмоциялық құндылық қызметінің мәні, оның ұлттағы өзіне деген құндылық қатынастарын және осы қатынастармен байланысты эмоционалды күйлерін (сезімдер, көңіл-күйлер) қалыптастыруына бағыттылығы деп қорытынды жасауға болады. Этникалық өзіндік сананың эмоциялық құндылық деңгейіндегі көрінісін ұлттың ғасырлар бойы қалыптастырған және ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырған халықтың табиғи ортамен, басқа халықтармен өзара әрекеттесу үрдісінде пайда болатын, сақталатын, дамитын мәдени дәстүрлері жөнінде бағалау ақпаратының ішкі ұлттық жүйесі ретінде қарастыруға болады. Ұлттың жоғалып кетпейтін, өзгермейтін құндылықтарына бірінші кезекте оның тілі, этикалық, эстетикалық және тарихи құндылықтары жатады. Ұлттың өзінің өткенін, қазіргісін және болашағын бағалауы және этникалық өзіндік сананы саналы түрде сезінуі ұлттың өзін-өзі сақтауын қамтамасыз етіп, тұтастылық пен тұрақтылық беріп, оның іс-әрекетін нақты бір мақсатқа жетуін шоғырландырып және бағындыратын, яғни ұлттың тіршілік ету әрекетін реттеу механизмі ретінде көрініп отыратын ұлттың рухани факторына айналады. Ұлт өмірінде этникалық өзіндік сананың реттеуші қызметі көбірек маңызға ие болғандықтан, соған толығырақ тоқталып өтейік. Этникалық өзіндік сананың реттеуші қызметінің мәні негізінен ұлттың ерік-жігерінің нақты бір мақсатқа жетуіне бағыттылығынан да көрінеді. Ұлттың жетемін деп ұмтылатын мақсаттары (өзінің фактілі егемендігіне, әлеуметтік және экономикалық прогреске жету) көп болуы мүмкін. Бірақ ұлт мақсатының мазмұнын оның өзін-өзі көрсету және өзін-өзі анықтауға деген ерік-жігері құрайды.

Өзін-өзі тәрбиелеуде олардың ынтасын арттыратын бір нәрсе, өз құрбы-құрдастарының арасында оның лайықты орын алуға ұмтылуы болып табылады. Ол үшін жасөспірімдерге өзін-өзі тәрбиелеудің, өз ортасында лайықты орын алу үшін өз тәртібін түзету, білімін, дүние танымын кеңейтудің қажеттігін түсіндіру керек. Жалпы білім алудың оқу-танымдылық белсенділігін арттырудағы өзін-өзі тәрбиелеу үрдісі жасөспірімдердің өзін-өзі дамытудың, өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі анықтаудың механизмдері болып табылады.

Өзін-өзі тәрбиелеу мен білім беруде негізгі факторлардың бірі қоғамдық пайдалы және көпшілік мәдени жұмыстар түрлі жарыстарға әзірлік пен қатынасудың барысында жас өскін ізденіп, көп даярлықтан өтеді. Жарысқа әзірлеу, қатынасу оған көп ізденуге, тапқырлыққа еңбек дағдысына, көркемдік-эстетикалык іскерлікке үйретеді. Әзірліктің барысында өз бойында көптеген кемшіліктің бар екеніне де көзі жетеді. Мұндай жағдайда жасөспірімдердің өзін-өзі тәрбиелеуін белсендіруді мына суретпен түсіндіріп көрейік:

Жасөспірім тұлғасының жан-жақты дамуын өзіндік тәрбиелеу бойынша қалыптастыру, жетілдіру дегеніміз:

– отанын қорғауға дайындығын, бейбітшілік үшін, халықтардың достығы мен ынтымағы үшін даярлықта тәрбиелеу;

– ғылым, мәдениет, техника саласындағы білімдер жүйесін және өндірісті ұйымдастырудың даму жағдайларын игере білуін тәрбиелеу;

– адамгершілік қасиеттерді барынша құрметтеушілік, адамдарға деген қамқорлык жасау және оларға ілтипатпен қараушылық, жолдастық пен адалдық, шыншылдық, жауапкершілік сезімдерге тәрбиелеу;

– әсемдікті барынша сезіне білуді, шын көріктілікті жасандылықтан ажырата білуді, музыкаға, өнерге, әдебиетке ынтасын үнемі жетілдіруте талпынысын, құштарлығын, табиғатты сүюге тәрбиешілерді тәрбиелеу;

– денсаулығы мықты және дене құрылысы жақсы дамыған, дене шынықтырумен үнемі шұғылданатын адамды тәрбиелеу;

– табиғатты қорғау, оның байлығын көздің қарашығындай сақтау, адам өмірінің бастауы – жер, су, ауа, аң, өсімдіктерді бағалау, қастерлеу, сақтау рухында тәрбиелеу.

А.С.Макаренконың анықтамасы бойынша, өзін-өзі тәрбиелеуді және басқаруды жетілдірудің әрбір мүмкіндік шеңберін кеңейте түседі, іскерлік танытуына кең жол ашады, өзара көмек беруге ізденгіштігіне, ұжымдық рухқа тәрбиелейді. Сонымен, жасөспірімдердің жаңа жетістіктерге, белестерге жетуінде үлкен рөл атқаратын іс-әрекет жасөспірімдер арасындағы өзін-өзі тәрбиелеу және оны өзі басқару болып табылады. Олар мынандай шарт түзейді:

  • әрбір жасөспірім ұжымының, ұжым әрбір оқушының жетістігі мен кемшілігіне жауап беру сезіміне дағдылану;
  • жасөспірімдердің маңызды тапсырмаларды шешуде оқу үлгерімін жақсарту, тәртіпті нығайту, сыныптастарының жалпыға пайдалы істерін құптау сияқты әлеуметтік белсенділіктерін көтеру;
  • шаруашылықты ұйымдастырудың мәселелерін шешуге жол ашу, білім ордасында өзін мәдениетті ұстауға тырысу, сол оқу орнының мәдени-спорттық базасын тиімді пайдалану;
  • бос уақытын тиімді пайдалану және жоспарлау;
  • болашақ маманның қажетті білім алу үшін әкімшіліктің оқу сапасын жақсартуы мен жауапкершілігін арттыру.

Жасөспірімдік тұлғалық құндылықтар, өз ретінде, бір уақытта жасөспірімнің даму негізі де, өзін-өзі тәрбиелеуінің нәтижесінде болып табылатын өмірдің мәні туралы оймен тығыз байланысты. Сонымен, өзін-өзі тәрбиелеу тұлғалық құндылықтар арқылы мәнді жүйе қалыптастыру қажеттілігімен байланысты екені айтылған болатын. Мұнда орталық орында болашаққа бағытталған жасөспірімнің танымдық оқу белсенділігі мәселесі алынады. Енді осы байланыстарды нақтырақ құрастыруға болады, яғни жасөспірімнің өзін қоғамда тұлға ретінде анықтап тәрбиелеуі әлеуметтік мәдени құндылықтарға қатысты өзін тәрбиелеуде белсенді позиция ұстау болып табылады және осылайша өз өмір сүру мәнін нығайту болып табылады.

М.И.Махмутовтың пікірінше, өздігінен тәрбиелену және белсенділікті арттыру мынандай белгілермен сипатталады:

  • білім көзі болатындай әртүрлі оқулықтардан өз бетінше жаңа білім алып, білім алу біліктіліктері мен дағдыларын дамыту;
  • алған білім, дағды, біліктіліктерін келешектегі өздігінен оқу, білімін көтеруге пайдалану;
  • өмірде кездесетін әртүрлі жағдайда, біліктілігін шеберлікпен пайдалана білу.

Өзін-өзі тәрбиелеу мен өз бетінше білім алудың жасөспірім дамуына, қалыптасуына тигізер маңызды әсерін ескере отырып, мұғалімдер олармен белсенді жұмыс жасауы керек. Өзін-өзі тәрбиелеу мен білім берудің мазмұны мен түрлері әр алуан болуы мүмкін. Негізінен ол жасөспірімдермен үш бағытта жүргізіледі:

  • бірінші, өзін-өзі тәрбиелеу туралы жас өскіндер ұйымында қоғамдық пікір қалыптастыру;
  • екіншіден, өзін-өзі тәрбиелеудің негізін анықтап, жасөспірімдерге оның әдістері мен іске асыру жолдарын түсіндіру;
  • үшіншіден, жасөспірімдерге өзін-өзі тәрбиелеу бағдарламаларын жасауға көмектесу.

Сонымен, жасөспірімдік шақта өзін тәрбиелеудің негізінде құнды, мәнді табиғаты бар, тұлғалық өзін-өзі анықтау мен жетілдіру қоғамда қалыптасқан құндылықтарға қатысты белсенді түрде позициясын анықтау, соның негізінде өз өмірінің мәнін анықтау жатыр.

 

ЕРМЕК Байкенжеев,  

№76 мектеп-лицейінің

тарих пәні мұғалімі,

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.