Home » Балабақша » Ұлттық ойын – ұлтжандылық тәрбиесі

Ұлттық ойын – ұлтжандылық тәрбиесі

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, олардың жауынгерлік рухта ержетуін ұқыптылықпен қадағалаған. Жалпы баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті ойын арқылы басталады. Ойын – адамның өмірге қадам басардағы алғашқы адымы. Сондықтан бала үшін ойынның мәні ерекше. Ойын баланың негізгі іс-әрекетінің бір көрінісі болып табылады. Қазақ халқының ұлы ойшылы А. Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай, ойын бала өмірінде ерекше орын алады. Ойынды көркемдік іс-әрекетінің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Ойынға шартты түрде мақсаттар қойылады, ал сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекет бала үшін қызықты. Ойын – балаларға ақыл-ой, адамгершілік, дене шынықтыру және эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі.

Балалар ойын барысында өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады.
Ойын тәрбие құралы арқылы ақыл-ойды кеңейтеді, тілді ұстартады, сөздік қорды байытады, жақсы ұғысады және өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай олардың көзқарастарын, мінез-құлықтарын қалыптастыру құралы деп те ерекше бағалаған.

Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтарының бір түрі. Оның бастауы алғашқы қауымдық қоғамда шыққан. Ұлттық ойындар негізінде әр халық түрлі-түрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығына жақсартуда пайдасы аса күшті.
Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан, үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, ұштаса береді.

Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнерінің де ешкімнен кем болмағанын байқатады. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ұлттық ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасуда. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке, бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек, өмір сүруімізде ұлттық ойындардың атқаратын міндеті айрықша. Қазақ халқы материалдық мұраларға қоса мәдени қазыналарға да аса бай халықтардың бірі.
Қоғамның қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие процесінде балаларды жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеуді жүзеге асыруда, балалардың мінез-құлқын қалыптастыруда ұлттық педагогиканың алатын орны зор, оның ішінде ойынның орны ерекше. Балаларды ойын арқылы тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осыған сәйкес дәстүрлі құндылықтар негізінде жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеудегі қазақстандық қоғамның қажеттіліктері мен мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды ұлттық ойындар арқылы тәрбиелеуді қалыптастыру жүйесінің жеткіліксіздігі бірнеше қайшылықтар туындатады.

Халқымыздың ұлт ойындарында ұрпақ қамын ойлаған, бір жүйеге келтіріліп өрнектелген ой мен әрекеттің, құпия философияны түсінуге жетелейтін адамгершілік үлгі-өнегенің желісі бар. Жас бала ойынға алдымен үйренуші, көруші, өсе келе соған белсенді қатынасушы, келесі кезеңде үйретуші, жаттықтырушы, ұлғая келе көруші жанкүйер ретінде қатынасады. Ұлт ойындарын жанұя тәрбиесінен бастап, балабақшада түрлі тәрбиелік шараларда қосымша материал ретінде пайдалану қажет. Кейінгі кезде ұлт ойындарына көңіл бөлу нәтижесінде, көбі ұмыт болып, мүлде жоғалуға жуық.
Қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырып, бірінші топқа, сол жастағыларға лайықты: «санамақ, тәй-тәй, айгөлек, соқыртеке, қуырмаш, алақан соқпақ, ақ серек-көк серек» т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа: «тақия тастамақ, тартыс, сиқырлы қоржын, бәйге, көкпар, қыз қуу, асық, хан талапай, теңге алу, орамал тастамақ, ақсүйек, күрес» т.б. ойындарды жатқызуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады.
Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Оның үстіне дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай оларды көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған. Қазір бізге жеткен ойындарымыз: тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары. Қазақтың көне жыр-дастандарында ұлттық ойындар балаларды тәрбиелеуде ерекше орын алғандығы айқын көрінеді. Ойындардың үйретуші мүмкіндіктері туралы бұрыннан белгілі. Көптен белгілі педагогтар оқыту процесінде ойындарды қолдану тиімділігіне баса назар аударған. Ойында адамның, әсіресе баланың қасиеттері ерекше толық және кейде күтпеген жерден пайда болады.

Ойын – эмоциялық және ақыл-күштерінің қысымын талап ететін, ерекше ұйымдастырылған жұмыс. Ойын әрқашан шешім қабылдауды болжайды – не істеу, не айту керек, қалай жеңу керек? Бұл сұрақтарды шешу тілегі ойнайтындардың ойша қызметін шиелінестіре түседі. Балалар үшін ойын ең алдымен қызықты ермек. Ойында бәрі тең. Ол тіпті әлсіз балалардың да қолынан келеді. Бала ойыны – кең түсінік.

Ляззат Павлқызы Габбасова,
БҚО,Орал қаласы.
№38 «Жазира» бөбекжайының
II санатты тәрбиешісі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.