Жиналған жұртты таңдандыруға келгенде өзгелерден ерекше тағы бір ортаның жұмысын көрдім. Қуанарлығы сол бұл білім ордасының меңгерушісі Әмина Амантайқызы кейбір әріптестерінен көріне бермейтін ата-ана, баламен балабақша арасындағы достықты мықтап орнатқан. Және жиналған көпшілікті сөзбен емес, бірден атқарылған іспен таныстыруға келгенде тіптен іскер болып шықты.
Бұл сөзімізге арқау болып, ауыз толтырып мақтауға лайық деп тапқан білім ордасы – Астана қаласы әкімдігінің Әмина Амантайқызы басқарған №52 «Еркетай» балабақшасы.
. 8 ақпанға жоспарланған «Мектепке дейінгі балалардың рухани патриоттық тәрбиесі» кластеріне топтасқан балабақша педагогтарына арналған семинар –практикумға «Ұлттық ойындар – рухани құндылығымыз» деп шақтап ғана, биік тақырыпты арқау етіпті.
Жан азық етер рухани құндылықтар мен ұлттық салт –дәстүр, әдет-ғұрыпты көрсетуге келгенде жаңылмай жол таба білген ұжым есіктен кірген қонағын да қазақы ұлттық киіммен қарсы алды
Әр бүлдіршін бір отбасының шамшырағы, көз қуанышы, аузынан шыққанын орындатар еркесі. Дәл міне сол «Еркетайдың» еркелері тәлім алып жатқан балабақшаның әдіскері Ибраева Айдана Беркінқызының ұлттық ойындарды балаға ойнату мен үйретудің мақсаты жайлы кеңінен сөз қозғап, ата-бабамыздан бізге жеткен, өткені мен бүгінін байланыстыратын баға жетпес байлығы асыл қазынамыз жайлы тамаша мағлұматтар берді. Ұлттық ойын түрлерін атай келе Сақина жасыру, арқан тарту, соқыр теке, теңге ілу, ақсерке-көксерке, орамал тастамақ, күш сынаспақ, асық ойындарына жеке –жеке тоқталды.
Осылардың ішінде семинар тақырыбына арқау болған асық ойының кең таралған түрлерін айта келіп, жиналған көпшілікті спорт залына бастады.
Сөзге дәлел өздерін ұлттық ойынның шебері ретінде дәлелдеуге балаларымен бірге келген ата-ана арасындағы сайыс ұйымдастырылған. «Жас қыран» , «Тұлпар» деп екі топқа бөлінген дүлдүлдерге қос педагог Бейсенбеков Медет пен Алжанова Ләззат жол көрсетсе қатысушылар өз ұрандарымен сайысты бастап бес кезеңге бөлінген бәскекеге дайын екендіктерін көрсетті. Кластер бойынша жетекші №77 «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі Назгүл Гадылханқызы бастаған меңгерушілер әділқазылық етсе, қалған онға жуық балабақша меңгерушілері шынайы жанкүйерге айналды. Қазақтың қай ұлттық ойыны болмасын қиқулатып қыздырғанда ғана қызықты өтеріне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Кім жылдам, мен епті, ақылдымын, мергенмін, мықтымын кезеңдеріне бөлінген сайыста жеңімпаз атанған «Жас қыран» тобының ата –аналары Арсаева Анара, Нугуманов Жасұлан, Сыздықов Мұрат, Аужанов Жанат, Кабиева Сандуғаш балапандары Жомарт Айя, Нугуманова Тоғжан, Тауба Ерасыл, Аужанова Аружан, Досаева Жанайымға үміт сыйлап, сайыс көркін кіргізді. Екінші «Тұлпар» тобында да Кенжегулова Лаура, Толерова Дина, Байгонусова Балауса, Пак Татьяна, Хайрулина Гулшара ұл –қыздары Кенжегулов Диар, Наурызбекова Анеля , Бейсен Нурали, Пак Валерия, Хайрулина Сая сергек те шымыр болып шықты. Отбасылық мұндай сайысты көріп отырып, жүрек жылып, қуанышқа кенелесің оған себеп періштелеріміздің өмірінде алынбас қамал, алдындағы арқа сүйер өнегесі болар ата-анадан демеу алып жүзінде күлкі, әр ісінде сүйіспеншілік болатыны байқалып тұрады.
Сайыс нәтижесінде 165 ұпаймен «Жас қыран» тобы бірінші орынды иеленді. Балабақша ұжымы жеңімпаздарға арнайы медель тағып, мақтау қағазын ұсынды. Балалары үшін қуанған ата-аналар арасындағы сыйластық бір топтың бір отбасындай болған берекелі де мерекелі басқосуы шын мәнінде балабақша тәрбиешілерінің жемісті еңбегі. Өзінің балабақша меңгерушісі мен ұжымына деген шексіз ризашылығын білдіріп, баласы үшін барын салған педадогтар алдында әрқашан қарыздар екендігін білдірген әке Нугуманов Жасұлан Сеғалыұлының жылы лебізіне риза болдық. Ұстаз мәртебесі деген –міне осы болар. Педагогикалық шеберхана деп атаған педагогтармен практикалық жұмыста «Көңілді оюлар» түрлерін тәрбиеші Ұ.М.Бегасилова мен бірге көрсеткен қонақтар арасында шеберліктерін көрсетуде меңгерушілерде алдарына жан салмады. Шеберлік қаншама уақыттың, еңбекпен ізденістің қиял-ұшқырлығы мен шыдамдылықтың нәтижесінде келетін қасиетті өнер болса бұл күнгі балабақша ұжымы да қонақтарда одан алыс емес екендіктерін дәлелдеді.
12 топқа бөлінген 345 балғынға тек қазақ тілінде тәлім тәрбие беріп отырған білім ошағы тәрбие және оқыту жүйесіндегі жетістіктерден де еш кенде емес. Оқу-тәрбие процесіне қажетті жағдайлары толық жасалған . Материалдық –техникалық базасы мығым,заман талабына сай. ағылшын тілі, орыс тілі, дене шынықтыру мұғалімдері оқу-қызметтерін өткізетін білім ошағында психология дәрістеріне арналған арнайы кабинеттер, спорт залы, сюжеттік рөлдік ойындарға арналған бөлме, ән залы, жүзу алаңы да бар. Бүгінгі күнге дейін ұжым «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инновациялық әдіс -тәсілдерді жүзеге асыру жолдары» атты тренинг семинарда, «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласында қосқан үлесі үшін» құрмет грамоталарын иеленген. Тәрбиеленушілер арасында Тәжі Нұрәлі білім құмар балаларға арналған Республикалық «Үркер» Iq марафонының жеңімпазы, Тынысбек Батырхан Республикалық ән – би бүлдіршіндер байқауының номинациясы бойынша лауреат атанған. Съезханқызы Назерке Ыбырай Алтынсаринның туғанына 175 жылдығына арналған «Кел балалар, оқылық…!» атты қашықтық бейне – байқауында, Жанбулатова Ильнара«Тәуелсіз елдің – ұланымыз!» атты қалалық балалар шығармашылық байқауында жеңімпаз атанған. Әбдрашит Мейірман және жетекшісі Мырзахметова Лаура Толенқызымен бірге «Жүлдызды жол» интеллектуалдық олимпиадасында көрсеткен ерекше жетістігі үшін марапатталған. Педагогтарда өз жеңістерімен балабақша мақтанышы атанып, абыройларын асқақтата түскен. Олардың қатарында Теңлесбаева Ақерке Пірмаханқызы, Кабиева Сандуғаш Даулетжановналар бар.
«Қысқы қиял ғажайыптары!» , Ең үздік қысқы спорттық алаң» «Біз денсаулықты таңдаймыз» атты қысқы спартакиада кезіндебалабақша ұжымы жеңімпаздар қатарынан көрінді. Бір қатарын ғана атап өткен жетістіктердің жазылмағаны қаншама.
Ұлттық құндылықты бала бойына сіңіруде өздері ұлттық санадан ажырамаған тәрбиешілердің бар болғаны қандай бақыт. Ана тілінде еркін сөйлеп ғана қоймай шумақ басын қайырар ақындығымен де танылған ұжымның семинарына әріптестері жоғары баға берді. «Өзіңді дәлелдеу үшін өзгеге үлгі болуың шарт» деген қағидамен талай тәрбиешіге танысу кезінде табаққа тартылар әртүрлі жілік, ұлттық салт-дәстүрлер жайында сұрақтар дайындаған Ұ.М.Бегасилова білікті маман екенін дәлелдей алды. Бастысы ата-анамен тығыз байланыста жұмыс жасай білетін ұжымның ұрпақ санасымен қоса, қазақтың ұлттық ойындарынан ажырап қалған «қалалық» ата-аналарға көрсеткен үлгі өнегесі бұл басқосудың ұтымды тұсы болды. Алар асуларыңыз биік, алға қойған мақсаттарыңыз орындалып, бірлікпен берекеге ұйыған білім ордалар қатарынан түспеңіздер дегіміз келеді.
Әлия ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Білім айнасы», Астана қаласы.