Home » Балабақша » Ұлттық ойынды бала тәрбиесіне ұтымды пайдалана білу

Ұлттық ойынды бала тәрбиесіне ұтымды пайдалана білу

Ұлттық ойындар ұлтқа тән қасиеттерді ғана тәрбиелеп қоймайды, ол балаларды өз ұлтына, өз халқына деген сүйіспеншілікке оның ғасырлар бойы жасаған рухани, мәдени, тарихи, әдет-ғұрып, салт-санасын, дәстүрін қадірлеуге, оны мақтан тұтып, тілін, дінін құрметтеуге үйретеді.

Біздің бала-бақшада жүргізген жұмыстарымыз ұлт ойындары қатыстырылған сабақтардың үзбей жүргізілуінен балалар біртіндеп мүлде басқа моральдық, адамгершілік және дене дамуы жағынан оңды өзгерістерге ұшырайтындықтары анықталды. Ол үшін біз қатар топтарды бақылауға алдық та, екіншісіне тәжірибе жүргіздік. Жүргізген жұмыстың нәтижесінде үнемі сабақта ойын элементтерін пайдаланған топтардың тәртібі, сабаққа деген ынта-ықыласы, үлгеру белсенділігі өсе түсті.

Халықтық педагогика құралдарын бүгінгі күн талабына лайықты етіп, жалпы білім беретін біздің бала-бақшада дене шынықтыру сабақтарында пайдалану жолдарын қарастырып келеміз. Сондықтан алдағы міндетіміз – бала тәрбиесінде ұлттық ойындар мен тұрмыс-тіршіліктің озық үлгілерін дене шынықтыруда пайдалану жолы кең таралып келеді.

Дене шынықтыру оның ішінде ұлттық ойынды ұжымды пайдалануға ата-аналардан сауалнама да алып отырамыз:

  1. Ұлттық ойынның бала тәрбиесіндегі орны қандай?
  2. Ұлттық ойын мен спорттық ойындардың айырмашылығы неде?
  3. Дене шынықтыруда ұлттық тәрбие мүмкіндігін қолданасыз ба?

Біз тікелей әңгімелесу арқылы топта дене тәрбиесін қаншалықты қажет ететінін аңғардық. «Күн тәртібін сақтау» жайлы теориялық білімінің, тәжірибе жүзінде іске асырылуын, балалардың дене тәрбиесі сабағына қатысып, сырттай бақылай жүре анықтадық. Осы бақылаудан білгеніміз- ұлттық ойындарды дене тәрбиесі сабақтарында қолдануды әдетке айналдырып келеміз. Дене тәрбиесі -баланың дене күші мен денсаулығының жан-жақты  жетілуіне, жақсаруына ықпал етеді, дене мүшелердің дұрыс дамуына да әсер етеді.

Ұлттық ойындарымыздың көбі балаларды денесінің дұрыс жетілуіне, күш-қуатын молайтумен бірге шапшандыққа, ақыл-ойынын толысуына, есейіп өсуіне де пайдасын тигізеді. Қазақ халқы негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Бала тәрбиесінің басты құралы  ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған. Ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана сабақтың танымдық маңызы арта түседі. «Сиқырлы  қоржын», «Сақина жасыру», «Көрші-көрші», «Белбеу тастау», сияқты тұрмыс — салт ойындары, сонымен бірге «Қыз қуу»,  «Көкпар», «Соқыр теке», «Аударыспақ», «Арқан тарту», «Ақ  сүйек», «Теңге алу», «Білектеу»  сияқты спорттық ойындардың маңызы зор. «Алшы», «Асық ату», «Хан талапай» сынды асық ойындары  да бала тәрбиесіне ерекше пайдалы. Ал «Тоғыз құмалақ» — математикалық ойлану жүйесіне арналған ойын түрі.

Ұлттық ойындар адамгершілікке тәрбиелей отырып, жас өспірімдердің дене бітімі мен ақыл-ой жағынан да жетілуіне мүмкіндік туғызады, балаларды ұжымдық бірлестікке, достық қарым – қатынасқа баулиды. Қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «Қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған ойындар да бар. «Арқан тарту» ойыны балаларды  ұйымшылдыққа баулып, көздеген мақсатқа жетуіне ықпал етеді. «Соқыр теке» ойыны тапқырлыққа, ептілікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді. «Ақ сүйек» ойыны байқағыштыққа, батылдыққа, жүйріктікке дағдыландырады. Сонымен қатар баланың  тіл байлығын  дамытуға, мәнерлеп, әуен  ырғағына салып сөйлеуге  жетелейтін ойындар – «Сақина тастамақ»,  «Айгөлек», «Ұшты-ұшты» т.б.да ел ішіне  кеңінен танымал.

Көне  замандағы батырлар бейнесі мен бабаларымыздың палуандық, мергендік, шабандоздық қасиеттерін көрсететін  ойындар да жоқ емес. Балабақшадағы білім –тәрбие  барысында ұлттық  ойындардың ұтымды пайдаланылуы балалардың  көңілін көтереді, дүниетанымын  арттырады, еңбекке баулиды, шынықтырады. Балабақша мен отбасында  бүлдіршіндердің ойлы да өнерлі, күшті де епті болып өсуіне себепкер болу- игі мақсатымыз.

Ойын –өсіп келе жатқан бала ағзасы үшін өте қажет. Ойында баланың дене күші артады, қолы қатайып, денесі шындала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып, жетіле түседі.

Ойында балалардың ұйымдастырушылық дағдылары қалыптасып шындалады, ұстамдылығы, іскерлігі дамиды.

Ойын- балалары үшін күрделі әрекет. Дене тәрбиесі немесе спорт сабақтарында балаларға ойынның бағытын бере отырып, оның әділ және дұрыс өтуін қадағалаған жөн.

Өйткені, мұның балаларға салауатты өмір салтын қалыптастыруда тәрбиелік маңызы зор. Жан-жақты дамыған денсаулығы мықты дара тұлғаларды тәрбиелеу міндетіміз.

Дене қимылының төмендеуі балаларға өте қауіпті. Ондай жағдайда бала бойында иммунитеті едәуір төмендейді. Баланың дене белсенділігінің төмендеуі сымбатының  бұзылуына, омыртқаның қисаюына әкеп соқтырады.

Балалардың сәби шағынан бастап, дене бітімінің дұрыс жетілуіне мән беріп, дәстүрлі жаттығулар  мен қимыл ойын түрлерін қолдана білгені дұрыс. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан – жақты тәрбиелейміз.

Өйткені, дана халқымыз, данышпан халқымыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Елдің, халықтың болашағы бала тәрбиесін өте маңызды екенін түсіне отыра, балаға жан-жақты рухани жан-дүниесі таза болсын деп адамдыққа үйреткен.

Баланың іс –әрекетінің өзі –ойын. Асықпен ойнайтын ойындардың түрі сан алуан. Балаларға шапшаң, епті болуды баулиды, сонымен қатар асық табиғи зат болғандықтан,  бала  денсаулығына еш зиянын тигізбейді.

Ойын  балалық  шақтың  табиғи серігі, қуаныш  сезімінің қайнар көзі. Ертеде болашақты  болжаған әлем халық ойыншылдары  келешек ұрпақ халық игілігіне жарасын деген ниетпен  әр ұлттың салт-дәстүрін, өзіндік ерекшелігін, ойын-сауық түрлерін жинақтап, жазып отыруды ұйғарған. Қазақ халқы ұлттық ойынға  бай халық  болғанмен  ойын  күнделікті өмір ағымында туып,  жұртқа  ауызекі таралған. Соның  салдарынан оның көпшілігі бүгінгі күнге дейін жетпей ұмыт  қалған. Қазақ  елі көшпелі болғанына  қарамастан  ұлттық  ойындар халық өмірімен тығыз байланысып, оның  әлеуметтік  тұрмысынан туындап отырған. «Қызықты  ойынға –қиялға қанат» — дегендей қазақтың  қазақтың  ұлттық ойындары баланы батылдыққа,  тапқырлыққа, ептілікке, шапшандыққа жетелей отырып, оның қиялын қозғап, шығармашылық шабытын оятып, дүниетанымын  кеңейтеді.

Тәрбиенің ең тамаша жері «Отбасы» — деп  бекер айтылмаса керек.  Отбасында ойынның  мазмұнын түсіндіре, ойнай отырып, сіз бір ойынның төңірегінде балаға қандай рухани азық бергеніңізді де байқамай қаласыз.  Мысалы «Бәйге» ойынын алайық, ең алдымен бәйгеге қосылатын атты белгілейді. Ол атты баптап,  бағып күтіп өлшеммен жем, су беріп,  күнделікті жортақтатып,шапқызып терін алады.

Бәйгеге қосылатын  атқа мініп  шабатын  баланы сынақ арқылы таңдап алады. Бәйге өтетін жерді белгілеп, арақашықтықты белгілейді.

Абай атамыз «адам  ата – анадан туғанда, есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып,  ескерсе дүниедегі  жақсы жаманды таниды дағы сондайдан білгені,  көргені көп  болған  адам білімді  болады» дегендей бала өзін қоршаған орта туралы  алғашқы  түсінікті ойын  үстінде алады, дүние сырларын  түсініп, аңғарады, тәжірибе жинақтайды.

Ойын дүниеге  ашылған  үлкен жарық  терезе іспетті. Ол арқылы  Баланың рухани  сезімі  жасампаз өмірмен ұштасып,  өзін  қоршаған  дүние туралы түсінік алады. Адамды өжеттікке, батылдыққа, ептілікке,  тапқырлыққа үйрететін осы ойын. Баланың  алғашқы ойнайтын ойындары- бұл заттың ойыны. Басқаша түсіндірсек бұл затты игеру. Сіз балаға беретін ойыншықтар арасында қуыршаққа, аю да ұсақ ойыншықтар да болады. Бастапқы да балалар ойыншықтарға басқа заттарға қарағандай қарайды, яғни олар үшін ойыншықтардың басқа заттардан айырмасы жоқ. Екі жасқа толғанда олардың  ойыншықтармен ойнауы елеусіз болады. Бір жарым жастан бастап үлкендер көрсеткен әрекеттермен қатар өзі бақылаған әрекеттерді  де жасай бастайды. Олар жасайды,  тарайды, қуыршақты құшақтайды оны сүйеді – бұл  рольдік  ойын. Осы роль арқылы  бала тамақ жейді столға таяқшамен жазады, оқиды. Ұлттық ойындар біздің көз алдымызға тап осы суреттерді елестетеді. Өйткені, бір кезде ол бар өнердің басы олардың нәр алатын  бастауы болатыны анық.

Жуханова Акзейнеп Абулаповна,
Жезқазған қаласы КМҚК №14 «Балдырған» бөбекжайының тәрбиешісі,
арнаулы орта педагогикалық білімді, бірінші біліктілік санатты педагог.

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.