Тәрбиеші – балабақшадағы ұлттық тәрбиені бағыттаушы басты тұлға. Қазіргі уақыт талабына сай стандарт талабына ұлттық тәрбиені енгізу – тәрбиешінің басты шарты.
Еліміздің тәуелсіздігін нығайту үшін бүгінгі балабақшадағы балаларға үлгілі, өнегелі тәрбие беру — қазіргі міндеттердің бірі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен қабылданған Қазақстан Республикасындағы мектепке дейінгі мекемелер ұлттық рухты жаңартуды аса маңызды стратегиялық бағытқа алып отыр. Осы жолда негізгі міндетіміз –ұйымдастырудағы оқу қызметімізде ұлттық рухта тәрбиелей отырып білім сапасын арттыру.
Елбасының «Балапан» бағдарламасы — ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берілген ерекше құжат. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады дегенмен, мұнан кейін балабақшаның да рөлі зор. Ұлттық тәрбиеден, салт-дәстүр ауыз әдебиетінен нәр алып өскен ұрпақ қай кезде де аталар аманатына адал боларына толық сеніммен қарай аламыз.
Балаларда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын қалыптастыру мақсатында халқымыздың мәдени-рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады.
Қазіргі таңда біздің бөбекжайымызда «Бөбекжайдағы ұлттық ойын түрлерінің жаңа бағыттары» тақырыбында тәжірибелік алаң өз жұмысын бастап кетті. «Ұлттық ойынды тәрбие құралы» деп таныған. Біз ұлттық ойындарды жаңаша бағытта қолдана отырып балалардың ой-өрісін жетілдірумен бірге өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу қажеттілігін арттырудамыз. Ұлттық ойындарды ұйымдастырылған оқу қызметінде және тәрбие үрдісінде пайдаланудың өзектілігі тарихи даму барысындағы әлеуметтік мәні бар ақпаратта, жаңа технологияны қолдану арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады.
Халық педагогикасы өскелең ұрпақтың еңбек пен өмір сүру бейнесінің негізі болып, оларды келешектегі қызметіне дайындайды. Ұлттық ойындар халықтық педагогикасында дене тәрбиесін дамыту өте ертеден бастау алған. Халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне ұлттық ойын жатады. Ұлттық ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Сөйтіп, өзінің өмірден байқағандарын іске асырып, қоршаған адамдардың іс-әрекетіне еліктейді. Мысалы, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Дойбы», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Асық ату» т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады. Ұлттық ойын дегеніміз – адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе. Ұлттық ойын түрлері қозғалмалы ойындарды зерттеп, қолданысқа түсірген. Балабақшаның әр тобының жас ерекшелігіне қарай өткізетін қарым-қатынас ойындарын ұйымдастыру және оны өткізу әдістері туралы мәселелер де қарастырылған. Бала қозғалып ойнау барысында алғашқы күннен бастап балаларды өзін-өзі тежеуге үйрету, сонымен қатар барлық баланың қабылдау қабілеті бірдей емес екендігі, яғни белсенділер мен жайбасар әлсіз балалар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қасиеті, оларды әр түрлі ойынға тарту арқылы шыңдау, ұмтылдыру, бірнеше рет бір ойынды ойнату барысындағы баланың физиологиялық өзгерісімен қатар психологиялық тұрғыдан сенімділігінің артуы ұлттық ойынның құндылығын жоғарылатады. Қазақтың ұлттық ойындарының басқа халықтардың ұлттық ойындарынан айырмашылығы — оның шығу, пайда болу тегінің ерекшелігіне байланысты белгілі бір тәрбиелік мақсат бірлігін көздейтінінде.
Қазақтың ұлттық ойындарының негізгі мақсаты ұлттық тұрмыс, салт-дәстүр туралы әсерлерін толықтыру, балалардың бойына ұлттық тәрбиені, ептілікті, шапшаңдықты, төзімділікті дамыту. Ұжыммен топтасып бір-біріне құрметпен қарауға тәрбиелеу, жеңуге деген ұмтылысты, ой-өрісін дамыту.
Баланың ой-өрісін, сөздік қорын дамыту барысында жұмбақ айтыс, санамақ айту, жаңылтпаш айта бiлу ойындарын да ұйымдастыруға болады. Ойын қызықты болу үшiн ойынды әнмен, күймен безендiрiп отыру керек. Әсiресе, қуыршақ ойындарында ұлттық тәрбиені қалыптастыра бiлудiң тәрбиелiк мәнi зор. Сонымен қатар баланың тіл байлығы артып, сөздік қоры толығады. Қуыршақты «сөйлету» арқылы өзiнiң көп тақпақты жаттап, талай ертегі көрінісін бейнелі ойнап үлгергенiн байқамай да қалады. Қуыршақ ойындарының тәрбиелiк тиiмдiлiгi тәрбиешiнiң ұйымдастырушылық қабiлетiне байланысты.
Балабақшадан бастап ұлттық тәрбиені әр баланың бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұлттық рухта дамуына қамқорлық жасау – бүгінгі және алдағы күндердің талабы, оған тәрбиешілер күнделікті көңіл бөліп отыруы керек.
Зульфия Хайрошқызы Кенжегарина,
БҚО,Орал қаласы
№38 «Жазира» бөбекжайының ІІ санатты тәрбиешісі