Мақалада көрініс тапқан Елбасының келелі ойы, салиқалы пікірі бірінші кезекте жас ұрпаққа арналды. Жаһандық бәсекеге төтеп беру жолында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сананы жаңғыру, патриот азаматтарды тәрбиелеу бағытында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді әрбір жастың жүрегіне жеткізу – кезек күттірмес міндет екені айқын.
Балабақшаның оқу-тәрбие жұмыстарында қазақтың ұлттық ойындарын тиімді қолдана отырып, балалардың ойлау қабілеттерін, тілді дамыту мен ой-өрісін кеңейтуді мақсат еткен семинарға Астана қаласындағы №54, №57, №89, №80 сынды ауқымы кең балабақша меңгерушілері мен әдіскер-тәрбиешілері және ата-аналар қауымы, сондай-ақ балабақша бүлдіршіндері қатысты.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің аталмыш мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», — деген болатын. Осы талап аясында «Аққанат» балабақшасы аянбай еңбек еткенінің айқын куәсі болдық. Балабақша ұжымының ұйымдастырған ойын түрлері осы сөзімізге дәлел бола алады.
Семинардың «Ұрпаққа аманат» бөлімі бойынша тәрбиешілер Г.А. Нурмашева мен А.Б. Ибраева ұлттық ойын түрлерін көпшілік назарына ұсынып, қызықты сайыс ұйымдастыра білді. «Асық ату», «Соқыр теке», «Сақина салу», «Орамал салмақ» сынды ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарға белсене араласып, шапшаңдық пен білгірлік танытқан ата-аналардан құралған топ мүшелеріне балабақша тарапынан Алғыс хат тапсырылды.
Tagged with: ұлттық ойын