Дін дүниетаным ғана емес, дін мәдени – тарихи ұғым. Қоғамда дін мәселесі өзекті болып келген, сондықтан да дін мен менталитет мәселесінің ара-қатынасын қарастыру өзекті мәселе болып табылады. Қазақ ұлты әлемдік қауымдастықта өзінің ұлт ретінде ерекшелігін көрсете білді. Өзіміздің кім екенімізді, діни – болмыстық бастауларымызды айқындап алдық. Дін мен менталитет мәселелерінің ара – қатынасы даму ерекшеліктері осы саладағы ғалымдарымыздың еңбектерінде кеңінен зерттелген. Менталитет ұғымы соңғы уақытта өте танымал болып барады. «Менталитет» сөзі латын тілінен аударғанда «ақыл», «сана», «ойлау» деген мағынаны білдіреді. Менталитет – халықтың психологиясында және оның тарихында шешуші роль атқаратын ұғым. Менталитет руханилықпен де тығыз байланысты. Дін болса халықтың санасында алғашқы қалыптасқан ұғым. Дін қоғамды тәрбиелейді, оның руханилығын күшейтеді, менталитетін қорғай алатын жүйе. Сонымен қатар дін мәдениеттің пайда болып қалыптасуына және оның дамуына тікелей әсер етеді. Ежелгі дүние тарихын алып қарайтын болсақ, адамзаттың алғашқы мәдени орталықтары болған Египет, Араб түбегі, Қытай, Үнді, Ежелгі Грек мәдениетінің негізін дін құраған. Мәдениеттің діннен шыққандығын бүкіл әлемдегі ғалымдар бірауыздан қолдайды. Себебі бұл мәселеге тарихи дәлелдер көп. Әлемдегі археологтардың қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған барлық заттар, ондағы анықталған көне замандағы адамдардың салған алғашқы суреттері мен жазбалары және осы күнге дейін сақталынып қалған тарихи ғимараттар, тарихи құнды заттар алғашқы мәдениеттің діннен шыққандығын дәлел ретінде қарастырады. Ал менталитет болса ол ұлттың әлеуметтік – психологиялық тіршілігін білдіреді. Ұлттың «жан дүниесі», «мінез-құлқы», «жүріс-тұрысы», «ұлттың келбеті», «ұлттың мінезі» және т.б қазақы ұғымдар менталитетке жатады. Сонымен қатар менталитет ұлттың өзіндік ерекшелігінде білдіреді. Қазақ ұлтының менталитетінің қалыптасуына ислам дінінің үлкен әсері болды. Қазақтардың әдет-ғұрпында ислам дінінің шариғат заңдарының принциптері орын алған. Аллаға ғибадат ету қазақ менталитетіндегі «тәуба», «сабыр» ұғымдарының негізі болып табылады. Қазақ сабыршыл, тәубашыл халық. Алланың қасиеттерін мойындау, имандылықпен тәубашылдықты, сабырлылықпен махаббатты адамдардың сенімімен өзара түсіністігін қалыптастыру ұлт менталитетінің негіздерінің бірі. Мысалы қазақтың салт-дәстүрінде өмірге келген нәресте мен анаға көрсетілетін шариғатпен байланысты бірнеше іс жоралғылар бар. Қазақ өз перзентін арын сақтауға, ұяттылыққа, әдептілікке тәрбиелеген. Қазақ ұлтының адам сүйгіштігі, қонақ жайлылығы, әділдігі, бейбітшілдігі, бауырмалдық қасиеттері гуманистік сипаттағы салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары өркениеттік тұрғыда дамып келе жатқан, сонау терең тарихтан бастау алатын ұғымдар екендігін атап өткеніміз жөн. Қазіргі кездегі менталитеттің басты қағидаларының бірі жастарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу, жастардың бостандығы мен құқығын мойындау. Адамгершілік тәрбиесі имандылық шарттарымен тығыз байланыста, себебі адам бойындағы ұят, адалдық, әділдік, қайырымдылық сияқты қасиеттер сенімнен туындайды. Ислам дініндегі екі нәрсе қазіргі менталитетімізді көтеруге, тәлім-тәрбиеміздің қалыптасуына мықты ықпал жасайды. Мұның бірі – жүрекпен тығыз байланысты имандылық дейтін психологиялық сезімді тәрбиелеу, екіншісі – шариғатқа негізделген белгілі бір тәртіпке, жүйелі заңдылыққа бағыну. Себебі, діннің арқасында ғана кең далада шашырап жатқан көшпенді халқымыз белгілі бір тәртіпке келіп, жинақталғаны тарихтан белгілі, сондықтан тәрбие жұмысында жастарды кіршіксіз адал ниетке сену, қайырымдылық жасау қасиеттерін жүйелі түрде дамытып отыруымыз қажет. Еңбек ету құлшынысы, ынсап, әділеттілік, ақыл, білімге талаптану, отбасы тірлігі – ұлттың ерекше қасиеттері болуы керек. Адам бойындағы осы қасиеттер жас ұрпақты өтіріктен, біреуге жала жабудан, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, мейірімсіздік, тас жүректіліктен аулақ етеді. Қазіргі тәуелсіз еліміздегі әркімнің сенім бостандығын қолдап, ғасырлар бойы халқымыздың көкірегінде ұялап, менталитетіне сіңген ислам дінінің имандылық қағидаларын адамдар арасындағы ізгілік, қайырымдылық, адалдық қарым-қатынас негізінде жас ұрпақты тәрбиелеп, өркениетті ел болу жолында ұстанымымыздың болу себебі осы.
Баймырза Қожамберлиев,
«Өрлеу» БҰАО АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы, профессор