«Мен халқымның тағылымы мол тарихы ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын».
Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мазмұны мен мәні аса терең тарихи құжат іспетті.Мақаланың атауының өзі айтып тұрғандай, болашаққа атқарылар іс–қимылдарымыз айшықтап берген құнды бағдарлама.
2017 жылдың 31 қаңтарында Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік » атты Жолдауын жария етті. Жолдаудың негізгі өзегі болған үшінші жаңғыру мәселелері Президентіміздің 2012 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында қойылған міндеттердің бірі еді.Сонымен бүгінгі таңда еліміз жаһандық бәсекелестікке қол жеткізуге арналған үшінші жаңғыру жұмысын бастап кетті. Межеміз–2050 жылға қарай өркендеп дамыған 30 елдің қатарынан көріну. Айтуға оңай болған мен, бұл аса ауқымды, өте күрделі міндет екендігі айтпасада түсінікті. Міне осынау күрмеуі қиын, бірақ мейлінше өзекті әрі көкейкесті міндетті шешу тетіктерінің ең негізгісі ретінде Елбасы өз мақаласында бүкіл қоғамның рухани жаңғыруы қажет екендігін атап өтіп,оны жүзеге асырудың 6 бағытын ұсынып отыр.Олар:бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы.
«Рухани жаңғырудың негізгі іргетасы ол–ұлттық кодты сақтай білу, онсыз жаңғыру деген құр жаңғырыққа айналады» деді өз мақаласында Президент. Біздің пайымдауымызша, халқымыздың және рухани мәдениеті мен салт–дәстүрлері және әдет –ғұрыптары. Міне, осылар топтаса келіп, қазақ халқының ұлттық менталитетін құрайды. Кез келген ел халқының айрандай ұйып, жұдырықтай жұмылуында мемлекеттік тілдің алар орны айрықша. Ол–қоғамды топтастыруда теңдесі жоқ ерекше күш.Сондықтан да баршамыз Елбасының 2014 жылғы «Қазақстан жолы-2050»:Бір мақсат,бір мүдде, бір болашақ атты жолдауындағы қазақ тілінің мәңгі жасайтындығы туралы мәлімдемесін ту етіп ұстауға тиіспіз. Бұл, ең бірінші кезекте қазақ ұлтының өкілдеріне қатысты. Осы орайда дағыстандық ақын, Расұл Ғамзатовтың: «Егер ертең авар тілі өлер болса, мен бүгін өлуге даярмын » деген аталы сөзі еске түседі.
Үшінші жаңғыру барысында нығая түсетін ұлттық рух- Президент ұсынған «Мәңгілік ел» идеологиясын қалыптастырудың негізгі кепілі. Сондықтан да бұл идеологияның арқауы етіп халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, бізге мұра болып жеткен салт–дәстүрлеріміз бен әдет–ғұрыптарымыз болуы керек деп санаймыз. Дана халқымызда «дәстүрдің озығы бар,тозығы бар» деген ұлағатты сөз бар. Демек, озығын аламыз, тозығын тастаймыз. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі, міне осы. Салт–дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың моральдық болмысын қалыптастыратын аса құнды қазына. Олардың ұмыт қалдыру орны толмас зардаптарға әкеліп соғады. Осы орайда күнделікті өмірімізде орын алып отырған бірді –екілі келеңсіз құбылыстарға тоқтала кетсек.
Қазақтың салт–дәстүрлерінен туындаған мол қағидаттарының ішінде ең бастысы–перзентінің өзіне өмір сыйлаған ата–анасының алдындағы парызы мен қарызын, яғни борышын өтеуі. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға қошемет» деп тәрбиелеген қазақ халқының барлық ұл–қыздары осы қағиданы мүлтіксіз орындап жүр деп айта аламыз ба? Қайдам күмәніміз бар. Мың өліп, мың тіріліп, небір зобалаңды бастан кешкен қазақ қоғамында бұрын–соңды ешқашан да қарттар үйі деген болмаған. Әке –шешеге бейәдептілік көрсету, қол көтеру барып тұрған көргенсіздік болып табылған.Тіпті Тәуке ханның жеті жарғысында мұндай сорақылықтарға заң жүзінде тыйым салынып тиісті жазалау шаралары қарастырылған. Қазақта «әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар. Ата-анаға деген сүйіспеншілік сезім ән мен күй, термелерге арқау болған. Қазақ музыкасы өнерінің жарық жұлдыздары Шәмшә мен Нұрғисаның «Ана туралы жыр», «Әкеме» деген әндерін алайықшы. Екеуінің де өне бойы тұнып тұрған тәрбие мен тағлым емес пе ?! Ата –анасын ардақтап сыйламаған ұрпақтан Отанның шынайы патриоты шығады деуіміз бос сөз, құрғақ қиял.
Қазақ халқының бойында тектілік болмыстың қалыптасуына ең алдымен ата–баба салт–дәстүрі мен әдет–ғұрпының және рухани құндылықтардың рөлі зор. Рухани құндылықтар-адам өмірінің ажырамас бөлігі. Кез келген халықтың болмысы мен болашағы өзіне тән ұлттық құндылықтар арқылы қалыптасады. Ұлттық құндылықтар-тұтас бір жүйе. Оған халықтың тілі, діні мәдениеті, әдебиеті, өнері, сондай-ақ әдет–ғұрыптар , салт–дәстүрлер, жөн–жоралғылар, ұғым–түсініктер жатады.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында бүгінгі әлемнің өзгергенін, заман дидары басқаша екенін айтқан болатын. Дүние жүзінде өріс алған мұндай өзгерістерден біздің еліміз де тысқала алмайды. Осыған сәйкес Отанымыз да ізгі құндылықтарды басты негізге алып, жаңа қоғам құруға бет алғандығы мақалада баса айтылған. Жалпы рухани жаңғыру дегеніміз–адамдардың ішкі жан дүниесінің жаңаруы. Жаңару-бұрынғы дүниелерімізден бас тарту емес оны осы заманға сәйкестендіріп пайдалану. Өзгеру табиғатқа тән құбылыс. Рухани дүние дегенде бірінші кезекте әдебиет пен мәдениетіміз ойға оралады. Сонымен қатар мақалада айтылған мәселелер елдің тарихына, мәдениетіне, этнографиясына, тілі мен дініне тікелей қатысты. Атадан балаға мұра болған дүниелерді білу өткенді айқын болашақты жарық ететіні ақиқат .
Қандай халық болсада өзінің өткенін, қайталанбас тарихын, салт –дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап, қастерлеп ұрпақтан–ұрпаққа өсиет етеді. Сөз бен іске шебер халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін танытатын құндылықтарымыздың бірі-оның қолөнері. Олай болса халқымыздың төл өнері, ағаштан, темірден түйін түйген жүннен көздің жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізден қиыннан қиыстырып өрнек салған ел арасындағы қас шеберлеріміздің болғанын сақталған жәдігерлерден көруге болады. Ұлттық менталитетіміздегі біз мақтаныш тұтатын ерекше бір қасиет-бұл халқымыздың меймандостығы мен қонақжайлығы. Біздің бабаларымыз өз дүниетанымы мен тарихын тасқа қалдырған. Оған еліміздің әр бұрышынан табылған петроглифтер дәлел.
Елбасы мақаласындағы әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне тәржімелеу, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» бағдарламаларын толықтай қолдай, отырып тың жаңалықтар күтеміз. «Қалмақ қырылған», Орбұлақ және Аңырақай шайқастары өткен жерлері еліміздің киелі жерлері құрамына кіретініне сенімдіміз. Себебі ең тарихи сәттер сырлары сол жерлерде. Ата –бабамыз найзаның ұшымен,білектің күшімен отанды, жер –ананы сақтап біздерге аманат етіп қалдырды.
Сөз соңында айтарымыз, халқымыздың салт–дәстүрлері мен әдет ғұрыптары-қазақ елінің кескін келбеті, болмыс бітімі. Рухани жаңғыруымыздың ең тиімді тетігі. Ғасырларға созылған тарихымыздың айнасы. Сондықтан да біз оларды жадымыздан шығармай жаңғыртайық. «Өткенге топырақ шашпа, шашсаң болашақ саған тас атады» деген ата– баба өсиетін әрдайым есте ұстайық!
Қаленова Гульзахира Сапарғалиқызы
«Өрлеу»БАҰО»АҚ филиалы
Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
қоғаммен байланыс және баспа қызметі бөлімінің бастығы