Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бірінші басымдылық бәсекелік қабілетті арттыру бағыты болып тұр.
Елбасы еңбегінде елді рухани жаңғырту мәселелерін қозғайды. «Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыртуды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу… Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – дейді Елбасы.
Шынында да, көз ілестірмей өзгеріп отырған мына заманда, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттығымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттығымызды сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету деген сөз. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз.
Рухани жаңғыру ұлттық құндылықтарды сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті сақтауды да талап етеді. Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әрине, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұрпаққа отбасынан, балабақшадан, мектептен берілері анық. Жоғары оқу орындарында ол одан әрі тереңдетілуі тиіс. Сондықтан ата-ана да, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының ұстаздары да ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қойғаны абзал. Мысалы, еліміздің болашағы үшін дарынды балаларға арналған жаңашыл, шығармашылық жұмыстарын дамытуға арналған мектептер ашылғалы мектепке баруға әрекет жасаудан бастап болашақтағы мамандығын ойлау қажеттігі туа бастады. Өйткені, балабақшадан мектепке қадам басқалы отырған алты жасар балалар оқушы болып партаға отырмай тұрып өзінің таңдауын жасау қажет. Әр баланың бойындағы қабілетті ата-ана жақсы білуге тиісті. Осы қабілетті ескере отырып бала тілді тереңдетілген т.б. да мектептерді таңдап келді. Бастауыш сыныпта бар күшін салып Назарбаев зияткерлік мектебіне де түсу мүмкіндіктеріне ие болды. Білімдегі осы бір қозғалыстар ата-аналар мен балаларды ерте есейтіп, болашақтағы мамандығын да ерте айқындауға жағдай жасап келеді.
Халықаралық деңгейдегі мектептердің грантын жеңу үшін де ұмтылыс жасап жүрген балалар да аз емес.
Болашақ бағдарламасымен де, т.б. да бағдарламалар арқылы шетелде де білім алу мүмкіндіктері артуда. Жастардың арасында осындай мүмкіндіктерді пайдалануда білім бәсекелестігі артып, оза шапқан талапты шәкірттер танымал білім ордаларынан білім алуда. Әрине мұндай тамаша оқу орынға қол жеткізу үшін оқушылар маңдай терін төгіп, тіпті бала болып ойнауға уақытын бөле алмай жүргендер де баршылық.
Шын мәніндегі бәсекелестік білім саласында бастау алғанына біршама уақыт болып қалыпты. Елбасымыздың «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деп нақты болашаққа бағдар беруі халықтың бәсекелестіктің тағы да артуы, сапа мен озық іс әрекетке қашан да дайын болу үшін үздіксіз ізденіс қажеттілігін алға тартады.
Қазақ халқының білімді азаматтарының бейнесінен үнемі бірнеше тіл білетіндерін байқауға болады. Тіл білу бүгінгі таңда маңызды. Кез келген салада кәсіби деңгейде тәжірибе алмасуда т.б. да халықаралық деңгейдегі түрлі ғылыми жинақтар мен шығармашылық ізденістерде қажетті.
Туған тілін білмеген адам өзінің бабасының тарихынан да қол үзеді. Елбасы осы мақсатта «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деген бағдарында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», — деген. Қазір бұл бағыттағы іс-шаралар елімізде кеңінен қолдау табуда. Біздің мектепте ұлттық тәрбиені оқытуға ерекше ден қойылған. Мысалы, «Қазақтың 100 әні», Зияткер оқушының оқуына міндетті «100 кітап жобасы», «Шаңырақ жиыны», тәрбие сағаттарында және іс-шаралар барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағыттаймыз. Оның ішінде халықтың би-шешендерінің, ақындарының, әнші-күйшілерінің мұралары рухани байлығымыздың қайнар көзі.
Үштілділік мәселесі бізді елең еткізбей қоймайды. Қазақ елінің тамаша туындыларын да ағылшын тіліне өз деңгейінде аударатын болсақ, дүние жүзіне танылудың да ең басты баспалдағы болары сөзсіз.
Латын қаріпі де дүние жүзіндегі қазақ халқымен бірге түркі елдерін біріктіретін қаріп болмақ. Қазақ халқы музыка мен спортымен ғана танылмауы тиіс. Әлемде қазақ халқының төл тума шығармаларын оқумен қатар қазақ тілін де үйренуге құлшынысы оянуы сөзсіз. Еліміздің барлық тынысымен кең танысары анық.
Біз ұлттық құндылықтарымызды отбасында , мектепте де мына өзгермелі заманға лайықтап оқытып, ұрпақ игілігіне айналдыруымыз керек. Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Ата-бабаларымыздың бізге қалдырған асыл қазынасын жастарымыздың да санасына қойып тәрбиелесек, олар өз дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін биікке көтеретін Отанына жаны ашитын қағілез, білімге құштар, өнерлі болып өсері анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Елбасы мақаласы: Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру 2017 жылғы 12 сәуір http://www.inform.kz
Абдраимов Жандос Ерболұлы
Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің куратор-ұйымдастырушы