Мақсаты: балалардың қазақтың ұлттық аспаптар жайлы мағлұмат бере отырып, аспаптық музыкаға және ән өнерге деген қызығушылығын ояту, басқа музыкалық аспаптан ұлттық аспаптарды ажырата білу.
а) білімділік: әр аспап жайлы түсінік беру, дыбыс бояуын түсіндіріп, ұлттық аспап туралы білімдерін жетілдіру;
ә) дамытушылық: қазақтың басқа да аспаптарының әр атауларын айтқыза отырып тілдерін, есте сақтау, ырғақты сезу қабілеттерін дамыту;
б) тәрбиелік: қазақтың ұлттық аспаптарын мақтаныш тұтуға тәрбиелеу, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және оны құрметтеуге баулу.
Көрнекілігі: музыкалық аспаптардың суреттері, аспаптар, тақта,күйшілердің суреттері.
Музыка әуенімен балалар кіріп амандасады.
Шаттық шеңбері «Домбыра»
Домбыраны қолға алып,
Күйшілерше шертейік.
Бишілерше бұралып,
Дөңгелене билейік. (балалар тақпақты айта отырып, «Айналма», «Домбыра» (қимылмен
көрсетеді). «Би күйі»
Балалар, алдымен ән тыңдайық. Ән тыңдау: «Адай»күйі
Орындалған қандай шығарма, балалар? Балалар: «Адай» күйі
Бұны кім шығарған? Балалар: Құрманғазы
М,Ж: Дұрыс, балалар, Құрманғазы Сағырбайұлы. Ал, бұл күйді кімге арнап шығарған?
Балалар: Түрмеден қашып шығып келе жатқанда бір ауылға келеді, ауыл «Құрманғазы келді» деп, үлкен той жасайды. Ауыл Адайлар ауылы екен. Құрманғазы риза болып, осы күйді шығарады.
Музыка жетекшісі: Өте дұрыс, балалар. Өткен ғасырлар үніне құлақ түрсек, біздің ата-бабаларымыз тастан, ағаштан, малдың тұяғынан, терісінен, сүйегінен, мүйізден, ішектен, қылдан т. б. алуан түрлі заттардан дыбыс шығаруға болатынын аңғарып, қарапайым музыкалық аспаптар жасап алды. Балалар, бүгін біз қазақтың ұлттық аспаптары туралы әңгімелесеміз. Қазақтың ұлттық аспаптарының түрлері өте көп екен.
— Балалар, қандай аспаптарды білеміз?
Нұрай: — Домбыра қазақтың ұлттық аспабы. Ол қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан музыкалық аспап. Қазақ халқында қуанышты, бақытты, әнді, күйді домбыра әуенімен жеткізе білген. Домбыра аспабы той думанда, жиын тойлардың сәнін келтірген.
М. Ж: Дұрыс айтасың Нұрай. Домбыра аспабы той думанда, жиын-тойлардың сәнін келтірген. Кәне, бәріміз домбыраның құрылысын айтып көрейік. Жарайсыңдар, тағы кім аспаптар туралы айтқысы келеді?
Айсауле: Қобыз – халқымыздың ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көне аспап. Ол ыспалы музыкалық аспап.
М.Ж: Иә, балалар, жалпы, ұлттық аспаптардың ішінде қобыз үнге бай, киелі, қасиетті деп танылады. Қобызды халқымыз киелі аспап ретінде қастерлейді.
Мәди: Жетіген – қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тектес етіп жасалады. Бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап жетіген аталған.
Ілияс: Сыбызғы – қазақтың үрмелі көне музыкалық аспабы. Қурайдан, ағаштан жасалады. Аманат: Шаңқобыз – қазақтың көне музыкалық аспабы. Ағаштан, темірден кейде күмістен жасалады. Белгілі бір музыкалық әуен шаңқобыз арасында бекітілген тілін саусақпен шалып тарту арқылы орындалады. Шаңқобыз оркестрде қолданылады әрі жеке де ойналады. Адият: Асатаяқ — тұтас ағаштан жасалған, оның басында темір теңгешелер, қоңыраулар ілінген, сілкіп ойнайтын аспап. Қоңыраулар күміс, алтын, қорғасын сияқты асыл тастардан жасалған. Қоңыраулар соғылғанда әдемі үн шығады.
Анел: Тайтұяқ
М.Ж: Балалар тайтұяқты жаңа сойылған жылқының тұяғын кесіп алып, суға қайнатады, тұяқтың ішкі сүйегі босап, сыртқы қабығы бөлектенеді. Оны әбден ішін тазартып, күйдіріп, сырлайды. М. Ж: — Осы аспаптар туралы жұмбақтар жасырайын шешіп көріңдер.
Сызылған үні,
Сүйкімді тілі.
Үрлесең ойнайтын,
Аспаптың бірі. (сыбызғы)
Бір нәрсе қараңғыда қаймалайды,
Азынаса көмейінде мал жылайды.
Құйрығын қара жерге тіреп алып,
Келеді баяғының әнін салып. (қобыз)
Жеті шектен жеті түрлі үн шығар,
Әуезінен жеті тарау мұң шығар.
Ойнап кетсең, түрлі — түрлі жыр шығар,
Қандай аспап табуға кім құлшынар? (жетіген)
Дидактикалық-қимылды ойын: «Аспапты тану» Балаларға аспаптардың суретін көрсетіп, ауызбен айтпай, қимылмен көрсетуін талап етеді.
Өте тамаша, балалар! Енді мына аспаптарды алып орындыққа отырамыз.
Бірнеше аспап бірігіп ән не күй орындаса қалай аталады?
Оркестр.
Дұрыс, балалар. Біздер де оркестр құрайық. Мен домбырамен ән орындаймын, сендер ырғаққа еріп, қолдарыңдағы аспаппен сүйемелдейсіңдер.
Ән: «Тойға шашу»
— Жарайсыңдар, балалар! Сендер білесіңдер ме? Қазақ халқы қайғы, ренішінде домбырамен
халқына жеткізе білген.
Бабамыздың мұңысың сен домбыра,
Анамыздың сырысың сен домбыра.
Қазағымның жүрегінен жаралған,
Даламыздың үнісің сен домбыра, —
Дегендей, қане балалар, барлығымыз қосылып ән айтайық. Бірақ алдымен дауысымызды
шынықтырып алайық.
Дауыс шынықтыруға арналған жаттығу «До ре ми»
Ән: Домбырасыз сән қайда?
— Осы өлең, сөз туралы қандай мақал-мәтелдер, тақпақтарды білесіңдер?
Іңкәр:
Өлең — алтын, сөз — күміс,
Өлең сөздің патшасы.
Темірлан:
Ән көңілдің ажары.
Өлең өмірді ұзартады.
Анел: Домбырадай мұраны,
Қастерлеуге тұрады.
Сонда жатыр даланың
Үні менен ұраны.
Дәулет: Дыбысы оның мың сырлы
Бал бұлақтай күмбірлі.
Ынта қойсаң рахат-ақ
Ол аспаптың бір түрі.
М.Ж: Жорғалатқан жетіген,
Сыбызғы үні лекіген.
Сызылтады қылқобыз,
Шалып ойнар шаңқобыз.
Тоқылдайды тоқылдақ,
Асатаяқ, тайтұяқ.
Әуез кернеп, ысқынып,
Шығар керней, ысқырық.
Ойын: «Қай аспап жоқ?»
Ойын: «Жаңғырық»
Тосын сәт: Ішке ата кіреді. Қолында оюлы домбыра.
-Ой, балалар, сендер әнді тамаша айтады екенсіңдер. Мен сыртта қар аршып жүріп, сендердің өнерлеріңді бақылап жүрдім. Көп-көп рахмет. Бақытты болыңдар, өркендерің өссін! Сендерге мына домбыраны сыйлаймын. Балабақшада мереке болған кезде осы ұлттық аспабымызды қолданыңдар. Күтіп ұстаңдар, бұл ата-бабамыздың бізге қалдырған мұрасы.
Вен диаграммасы:
Балалар шашылып жатқан музыкалық аспаптардың суреттерін алып, жалпы және ұлттық музыкалық аспаптарды ажыратып екі тақтаға бөліп орналастырады.
Ой қозғау: Балалар, айта қойыңдаршы, бүгінгі сабағымызда қандай тапсырмалар орындадық. Сабақта сендерге не ұнады?
Балалар: Ән салдық, оркестрмен ән орындадық, жұмбақтар шештік, ойын ойнадық.
Қорытынды: Балалар, жарайсыңдар, бүгін қазақтың ұлттық аспаптар жайында көп білдік. Ұлы жазушы М. Әуезов «әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі» деген екен.
Осымен сабағымыз аяқталды.
Балалар әуенмен залдан шығып кетеді.