БЕКЖАНОВА ЖӘУДІР БАҚТИЯРҚЫЗЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының МКҚК
№70 «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі
Астана қаласының мектепке дейінгі білім беру мекемелері соңғы жылдары әртүрлі кластерге бөлініп өзара тәжірибе алмасып келеді. №70 Құлыншақ балабақшасы «Мектепке дейінгі балалардың рухани патриоттық тәрбиесі!»,-тақырыбындағы кластер бағыты бойынша қызмет атқаруда. Осыған байланысты аталмыш балабақша ұжымы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлтжанды ұрпақ тәрбиесі!» атты тәжірибе алмасу іс-шарасын өткізген болатын. Кеш барысында балабақша тәрбиеленушілері кемел келешегіміздің келбетін көрсеткендей болды. Олардың бойындағы қайрат пен сенімділік, көздеріндегі жалын кешке қатысқан қонақтардың бірін әсерсіз қалдырмады.
Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен 2 және 7 жас аралығындағы бүлдіршіндерді қабылдайтын «Құлыншақ» балабақшасы 2013 жылы бой көтеріп, бүгінде 240 бүлдіршінді 24 тәрбиеші мектеп өміріне тәрбиелеуде. Мекеме ұжымы бірінші кезекте балалардың денсаулығын нығайтуға, физиологиялық және психоэмоционалдық дамуына ықпал етіп, шынықтыру-сауықтыру шаралары мен салауатты өмір салтының ережелерін саналы түрде қалыптастыруға ерекше мән береді. Балабақша меңгерушісі Жәудір Бақтиярқызы–Қазақстан Республикасы «Асу» ғылыми-әдәстемелік оқыту орталығында «Өзін-өзі тану» бағдарламасының әдістемелік негіздері, «This certifies that above named person has successfully completed the Course «Competent Teachers of the 21st Century» Step by Step» инновациялық әдістемесі бойынша «21 ғасырдың біліктілі педагогы» курсын аяқтаған, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Акционерлік қоғамының «Әлеуметтік ойын технологиялары мектеп жасына дейінгі балаларды әлеуметтендіру құралы ретінде» атты оқуды тәмамдаған кәсіби маман.
Еңбекті жастайынан серік еткен балабақша меңгерушісінің жарқын, сыпайы да сабырлы мінезінің арқасында ұжымның жұмысы өрге домалап келеді. Менің бүгінгі айтпағым, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында №70 Құлыншақ балабақшасында ақпан айының 1 күні ұйымдастырылған «Ұлтжанды ұрпақ тәрбиесі!» атты тәжірибе алмасу іс-шарасы туралы болмақ. Шараның мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұрпақ тәрбиелеудің үлгісін көрсету. «Рухани жаңғыруды балабақшадан бастауымыз керек. Қазір мемлекеттік балабақшалар кластерлерге бөлініп, осындай тәрбиелік мәні бар шараларды қолға алып, өзара тәжірибе алмасып жатырмыз. Мақсатымыз – ұлттық рухы биік, саналы ұрпақ тәрбиелеу» — деді өз кезегінде балабақша меңгерушісі Жәудір Бақтиярқызы.
Танымдық шараға келген әрбір қонақты аспан түстес бірдей киім үлгісімен қарсы алған тәрбиешілер керегесі қазақтың киіз үйіндей безендірілген жолмен музыка залына шығарып салды. Кештің шымылдығы кішкентай бүлдіршіндердің ән-би, өлең оқу сынды өнерлерімен ашылған болатын. Сол сәттен-ақ, тәрбиеленушілердің бойынан өздеріне деген сенімділік байқалды, олар замануи үлгіде қазақилықты бойына сіңіре өсіп келе жатқан болашақ ұрпақ екені айдан анық.
Іс-шара басталмас бұрын әр балабақшадан келген меймандарды үш топқа бөлініп, қызыл, көк және жасыл түсті асықтар таратылды. Олар «Інжу-Маржан» мектепалды даярлық, «Еркемай» ортаңғы және «Ақжелкен» кіші топтарының ұйымдастырылған оқу қызметтеріне еніп, саналы да сапалы білімдерін тамашалаған болатын.
Еліміз «Цифрлы Қазақстан» атанып, техника заманы орнығып тұрғанда №70 «Құлыншақ» балабақшасының балдырғандары ұлттық дәстүрді дәріптеп, салтымызды санаға оралтты. Құрт жасау, қамшы өру, құрақ құрау, асық иіру сияқты әр қазақ білуі тиіс істерді мектеп табалдырығын аттамаған бүлдіршіндер көрсете білді. Үш топтағы да балалар ата мен әже рөлін сомдаған кісілердің сұрақтарына шапшаң әрі лезде жауап беріп, тапқырлықтарымен қонақтарды тәнті етті. Ата мен әже балаларға ежелгі қазақ халқының мәдени-шаруашылық жағдайын түсіндіріп, сол заманда қолданылған жабдықтарды кеңінен баяндап, олардың жасалу және қолдану түрлерін көрсетті. Бұдан бөлек, мектепалды даярлық тобының қыздары заманауи «КешYOU» тобының әнін билей жүре шырқаса, екінші топ көк туымызбен түстес ұлттық киіммен қазақтың биін ортаға салды. Олардың қазақтың тарихына үңіліп, батырларын дәріптеп, қазақи рухты өнер арқылы жеткізе білулері үлкен мәртебе.
Кешке келген қонақтар балалардың өнері мен білімін тамашалап қана қоймай, өздерінің де қабілеттерін сынады. Қаланың бірнеше балабақшасынан келген тәрбиешілер мен әдіскерлер «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық» білім беру салалары бойынша 3 топқа бөлініп, дәстүрден тыс әдіс – тәсілдерді қолдану арқылы бірі сурет салса, екіншісі пазлы құрастырып, енді бірі қуыршақ театрында кішігірім қойылым көрсетті. Ал кеш соңында №70 «Құлыншақ» балабақшасының жас тәрбиешілері папури биімен қонақтардың жүрегін жаулап, іс-шараны тәмамдады.
Астана қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі бөлім басшысы Ляззат Мұратқызы кеш соңында балабақша ұжымы мен бүлдіршіндерге ыстық ықыласын білдіріп, Жәудір Бақтиярқызына алғысын айтумен бірге, аталмыш іс-шараны жоғарғы деңгейде бағалады.
Іс-шара аяқталысымен Жәудір Бақтиярқызы қонақтарды балабақшаның ғимаратымен таныстыра бастады. №70 «Құлыншақ» балабақшасының бір ерекшелігі – сенсорлы бөлменің қалыптасуы. Киіз үй тәріздес бұл бөлмеде балалар ғажайып әлеміне тап болғандай күй кешіп, ән айтып, түрлі ойындарды ойнауға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ балалардың денсаулығын нығайтуға арналған тұзды үңгір қалыпты түрде қызмет атқарады, онымен бірге сау бала және массаж орталықтары ашылып кәсіби мамандар қызмет көрсетуде. Ал одан бөлек, құм терапиясы орталығы көнеден қалған, бүгінде ұмыт болып бара жатқан ұлттық киімдер мен аспаптарды жаңғырту мақсатында ашылған және де робот техникасы, шахмат, бейнелеу өнері, театр сияқты баланың ойлау қабілетін арттыратын, қол маторикасын жаттықтыратын бөлмелер жүйелі түрде жұмыс істейді.
Қорыта айтқанда, балабақша ұжымы алдына қойылған «Әр бала бір жұлдыз – жарқырауына жәрдем бер!», атты миссияны жоғарғы деңгейде өткізе білді. Ал, ең бастысы өткен мен бүгінді ұштастырып, баланың білімі мен тәрбиесін қалыптастырып, денсаулығы мен психологиялық жағдайын қадағалап отырған №70 «Құлыншақ» балабақшасының ұжымы келешектің кемеңгерлерін тәрбиелеп отырғаны көз қуантарлық.