Home » Білім және тұлға » Ұлағатқа толы — Ұстаз өмір!

Ұлағатқа толы — Ұстаз өмір!

Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім!,-  деген Әбілхан Қастиев атамыз.  Иә, рас атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі. Бүгінгі сөз еткелі отырған басты тақырып осы өз ісін сүйіп, шыңдай білген жан туралы болмақ. Көпке үлгі,жан-жағына шұғылалы күн тәріздес шуағын шашып, әрдайым жадырап жүретін,мектебіміздің арқасүйер ардагері Тәженов Мергенсай ағай. «Жаныңда жүр жақсы адам», — демекші ғұмыр бойы еңбек етіп, әр түрлі жұмыстарға белсене араласып, қарапайым жаннан қадірлі жанға айналды. Ата-баба жолы ұрпаққа үлгі,- демекші өзімнің өмірлік жолымда осындай қадірлі атамыздан үлгі-өнеге алуды жөн көрдім.Сол себепті қымбатты ардагермен сұхбат жүргіздім. Сұхбат өте қызыққа толы болды.Олай дейтінім ағай неткен қарапайым жан дерсіз.  Осы уақытқа дейін қанша жетістікке жетсе де, мен бәрінен «күштімін»,-  деп көкірек керімей, керісінше қарапайымдылығын сақтай білді. Қарапайымдылық асыл қазына,белгісіз жұмбақ  іспеттес, қашан сол қазынаны қызығушылықпен іздеп,жұмбақтың шешімін тапқанша асығасың. Үлкенді сыйлау – ұлылық,- демекші бұл сұхбаттан жалғыз мен емес, барлық жас өспірімдер үлгі алса деймін!!!
Тәженов Мергенсай 1955 жылы 21 ақпанда Арал ауданы Райым елді мекенінде дүниеге келген.1961 жылы Қамбаш станциясына әкесінің жұмыс бабымен көшіп келген. 1962 жылы 1 қыркүйекте № 21 Қамыстыбас орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып,1972 жылы орта мектепті бітіріп, осы жылы  яғни, 1972 жылы Шымкент педагогикалық институтының  «Көркем сурет» факультетіне оқуға түсіп,1977 жылы айтылған институтының  Сызу, бейнелеу өнері және технология пәндері мамандығы бойынша бітіріп, диплом алған. Адамның қандай екенін, қандай тәрбие алғанын,өмірдегі құндылықтарын бәрін-бәрін оның шыққан ортасына, отбасына қарап-ақ білуге болады. «Әке көрген оқ жонар»  демекші, жастайынан әкенің тәлім-тәрбиесін алып өскен сол тәрбиесін өзінің келешек ұрпағына беріп келе жатқан жан бүгінде.
«Отан отбасынан басталады»,-  дегендей ағайдың әкесі Баекеев Тәжібақ.Төлқұжатында Тәжен деген. Бұл есім әжесінің еркелеткенде айтатын есімі екен. Кейін төлқұжатын әкесі де сол есімімен алыпты,сол себептен  Тәженов болып төл құжат алған. Тәжен ата орта білімді.,9-баланың әкесі болды. Арал аудандық балық шаруашылығы мекемесінде, «Қамбаш балық қабылдау пункттерінде», Қамбаштағы « Бекауыз» балық қабылдау бөлімінде, Аралдағы балық комбинатында меңгеруші болып жұмыс атқарған.1970 жылы ауыр  науқастан қайтыс болған.
«Отбасы шағын мемлекет» демекші,ағай көпбалалы отбасыннан шыққан.Оған дәлел  өзімен қоса жеті ер бала болса, үйдің шырайын келтіретін қызғалдақтай құлпырған екі қыз бала.  Ағайдың аға-інілері мен қарындастары  осы № 21 мектепте оқып, білім алып,өз қалаған мамандықтары бойынша жұмыс істеп, жанұя құрып, зейнеткерлік демалыстарға шығып жатыр.Ақжаулықты ана,тоғыз бірдей баланы дүниеге әкеліп,өсіріп,жеткізіп өз ортасына қойып,өмірден ойып тұрып орын алуына септігін тигізген ардақты жан Баекеева Заги апамыз туралы айтпай кетуге болмас. Жастайыннан еңбекке арласып,бала-шаға қамы үшін аянбай қызмет етіп,өз балаларының қабілетін аша білген апамызға мың алғыс. Баекеева Заги апамыз № 21 мектебінде үй сыпырушы болып жұмыс істеді.Ағайдың айтуы бойынша: «аналық мейірімді жүрегімен, ақыл кеңесін айтып жақсы жолмен жүруімізді әркез  айтып отыратын»,-дейді. Ия, қандай да болмасын ананың жүрегіндей кең,алақанындай ыстық,құшағындай мейірлі дүние жоқ шығар сірә ғаламда?!  Әр бір баласын балым деп, ал немерелерін жаным деп еркелеткен апамыз немере, шөбере қызығын көріп, 2010 жылы 81 жасында дүниеден озды.
Иә, отбасыннан асқан құнды,отбасыннан асқан  қастерлі  дүние жоқ шығар жалғанда.Ағайдың отбасындағы өмір жолын ести отырып,бір таңғалып,бір қуандым.Қайратты ана,қайсар әке тәрбиесін көрген  біздің ардақты ұстазымыз өмірдің барша қиындық, қызықшылығы болсын төтеп беруге дайын,- ақ.
 Адамды тану үшін оның өзіне емес, досына қара,-  деп жатады.Сол сияқты біздің ағайдың сыныпында   26 оқушы болып оқыпты. Сынып жетекшіАйғараев Асанжан. Асанжан ағай  өнегелі сөзі мен ұстаздық мәртебесінің арқасында, мектепті  үздік бағалармен бітіріпті. Сол жылы 1972 жылы сыныптағы 6 бала жоғары оқу орнына ,12 оқушы арнаулы орта оқу мекемелеріне түсіп, қалған оқушылар жанұялық жағдайларымен келер жылдары  түсіп, кеңес әскеріне барып, еңбек етіпті.Қазіргі таңда сол бір жастық шақта балалыққа тоймай өскен біздің сол балдырған жас достарымыз өмірден өз орындарын тауып, жоғарғы оқу орнын бітіріп,аудандық, облыстық  мекемелерде бастауыш орындарында жұмыс істеп,зейнетке шығып жатыр.
Достық ол ұлы бір күш сынды. Досы жақсының өзі де, өнегесі де жақсы болар деген қазақ даналары. Ағайдың да қарап отырсақ достары  көп – ақ екен. Олар: Аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Аудан әкімінің орынбасары, болған Дабылов Бөрі. Облыстың әділет бөлімінің орынбасары, қалалық сот орынында болған  Лесеров Тайшыбай. Қызылорда жол бөлімінің Құрылыс жабдықтау бөлімінің басшысы Айғараев Шамжан тағы .басқа да азаматтарда бар екен. Иә, бір сыныпта қанша талантты жандар бас қосқан десеңізші ?! Мына қызыққа қараңыз! Менің өзім көзім көрмеген,бірақ қай жерде болмасын атам жайлы әрқашан мақтау сөздер еститінмін.Міне, енді сол бір өзім үлгі тұтқан жанның, аташым ұстазы болыпты. Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы,- демекші білмегенін үйреніп,өмір жолына өз керегіне дарыта білгенін айтты .Осыны естіп мен мәре-сәре қуанып қалдым.
«Еңбектің наны тәтті» демекші, ең алғашқы еңбек жолын ағай  Арал қаласындағы № 13 орта мектепте мұғалім болып жұмыс атқарған. Кеңестік Армия қатарында болып, отбасылық жағдайлармен 1979 жылы № 21 Қамыстыбас орта мектебіне ауысып,қазіргі кезеңге дейін ұстаздық етіп келеді.
Данықты жауынгер,баршаның жүрегіне отты сөздерімен орныға білген Бауыржан Момышұлы атамыз: «Білмегенге үйрете жүріп өзің қоса үйрену даналық» , деген. Сол сияқты біздің ағайда жас жеткіншектерді халқымыздың қол өнерін,олардың бойына эстетикалық , қабілеттерін қалыптастыруда  мектепте «Жас шеберлер», « Балғын бояулар» үйірмелеріне оқушыларды үйретіп, оларды аудандық,облыстық, Республикалық түрлі байқаулар мен  көрме жарыстарға қатыстырып,  әр кез жүлделі орындармен мақтау қағаздар алып келеді. Осы уақытқа дейін атқарылған іс аз емес.  Республикалық , облыстық ,аудандық байқау, сайыстартағы жетістіктері және ұрпаққа саналы білім мен тәрбие берудегі жетістігі ескеріліп 1985 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері » белгісімен марапатталған. Еңбек еткен жылданында облыстық, аудандық білім бөлімінің құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарының марапатталған.   І-санатты, шығармашылық сайыстағы  үлгілі ұстаз.Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастаған ағай 1993 оқу жылында мектеп директорының орынбасары ,ал 1999 жылда мектеп директоры қызметтерін атқарған.
Жақсыдан үйрен жаманнан  жирен деген, жақсы жаннан тәлім алып ,ой өрісін кеңейту әр бір жанның басты арманы.Ал сол жандарға шаршамай ,талмай қол ұшын беріп,білгенімен бөлісу әркімнің қолынан келе бермес сірә?
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл»,- демекші бұл өнерді үлгі тұтып, жалғай білген  шәкірт ұстаздарымыз да аз емес бүгінде. Олар: Айтжанов Батырхан,Асанов Ерлан,Айтжанов Бақытжан. .Қазіргі таңда бұл жандардың барлығы дерлік өз салаларының жетік меңгерген мамандары.Ақ параққа сурет салғанда жан бітіріп,әр түрлі макеттер жасап, қоғамға үлестерін қосуда. Ағай  мектептің директоры  қызметінде жүргенде, аудан басшылары 1989-1991 жылдары басталып, толық бітпей  қалған қазіргі бастауыш сынып ғимаратының толықтай аяқтап, жылу жүйесіне дейінгі жұмыстарының қаржысы мен материалдарын іздестіріп, халықтан көмек сұрап, пайдалануға ықпал жасаған.Сол ерен еңбектің арқасында бүгінде ол қалпына келтіріліп , сол жерде біздің оқушыларымыз білім алуда. Сонымен бірге   ұлы жеңістің 60 жылдық мерейтойына байланысты Қамбаштан соғысқа аттанып, қаза тауып отанына оралмай ,із-түссіз кеткен боздақтарға байланысты Ауыл клубы жанынан әкімшіліктен жер алып,белгі орнату керек  ,-деп халықтан –елді ,ұйымдастырып  6 -айға жуық күндерде  «Боздақтар» белгісін салып, оның Эскизін сызып,аудан әкіміне бекіттіріп 2000 жылы 9-майда (мамыр)  халықпен бірге ашылу салтанатын өткізген. Ондағы 300-ге  жуық тізімді Боздақтар кітабынан, ауылдан өзге де өңірлерден артында қалған жанұя мүшелерінің деректерін жинастыра отырып, Ескерткіш тақтаға тізімдерін ойып жазған. Жемісті жұмыс маңдай тер мен төзімділікті талап ететіні хақ.Тек сол жолда еш қаймықпай төзе білу қажет. Бүгінгі күні  « Ер-есімі ,Ел –есінде»  боздақтар белгісіне ,ауыл тұрғындары  9-мамырда гүл шоқтарын қойып,құран бағыштап құрмет тұтамыз. Мақтаса мақтағандай, құр тұрған тасқа жан бітіріп,ою ойып, жазу -жазу ерен еңбекпен, асқан төзімділікті қажет ететін жұмыс.Тарих тағылымдарын ұрпаққа үлгі ету мақсатында, қанша қиын болса да өз ісін сүйгендіктен, ата-баба әруағын жас ұрпақ білуі үшін аянбай тер төкті.Ол еңбегі еш кетпей,кішкентай бала мен үлкен адамдарға шейін өзінің аталарын, яки әкелерін көргенде мәз мейрам боп,тіпті кейде көздеріне жас алып та жатады. Ел басымыздың «Рухани жаңғыру,кемел келешекке бағдар» атты жобасына сай, мектебіміздің құрылғанына2017 жылы  100 жылдық ғасырлық уақыты болғанындықтан   ұжым мүшелерімен , мектеп басшыларымен ақылдаса отырып, атап өтуге ұсыныс жасалған. Себебі мектеп тарихы  мен ауыл тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу ,оларға түсіндіру туған жерге деген патриоттық сезімін оятып , ұғындыру біздің парызымыз .Осы себепті өзінің бірнеше жылдардан бері жинақтап жүрген жәдігерлерінің өмір жолдары ,әр түрлі басылымда шыққан мақала-деректер.Мектеп макеттерін жасап, халыққа білдіремін деген сенімде. Қазақ тілінің маманы, жергілікті журналист, мектептің түлегі , ұстаз — Нұрбай Жүсіпке ақылдасып,ойласқан. Оның да жинақтап жүрген материалдары мен «Мектеп-ауыл тірегі» атты кітап шығаруға материал жинауға кіріскен. Осы уақытқа дейінгі мектептің ,ауылдың деректерін   зерттеп,  көне-көз үлкендер мен жан-жақты қызмет істеген түлектермен хабарласып көптеген мәліметтер жинақтап, қазіргі ақпараттың технология дамыған заманда хабарласып, фото суретттер, аудандық мұражайлардан деректер, кітаптар жинақтаған. Мектептің  бір кабинетін алып, оны жабдықтап мерей тойға дейін дайындап халыққа көрсеті. Көрермендер жылы қабылдап өз пікірлерімен, қуаныштарымен достарымен ағаларымен танысып, білісіп өз өмірлері жөніндегі қуаныштарын бөлісіп жатты.Өкінішке орай мектепте кабинет жеткіліксіз болып жәдігерлерді алып қойды.                                                                                Адам қай шақта болмасын арман деген таусылар ма шіркін?! Сол сияқты ағайдың алға қойған ендігі мақсаты ауылдағы ескі мектеп «Қарағай тамынан»  әлі де босқа ғимарат болғанынша, шағын мұражай ашу жоспарында бар. Иә, бәрі алда, келешекте уақыт көрсетер –деген ойдамын.  Адам мамандық таңдау мен жар таңдаудан қателеспеу керек ,- дейді білгірлер.           Негізінде осы қағида дұрыс секілді.Дұрыс мамандықтың иесі болғанды «Өз ісінің шебері», «Майталман маман», «Мамандығым мақтанышым»-дегендей жетістіктерге жетесің,нәтижесін көресің. Ал жар таңдау — үлкен жетістіктердің бастауы. «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, Түбі жоқ сырлас»,-дегендей ағайдың өмірлік серігі, жан жолдасы Күнсұлу  апамыз болды. Ең алғаш өз жарын  Шымкент қаласында студенттік кезде,Аралдың ауылдастары бас қосқанда жолықтырған. Күнсұлу апамыз Бөген  ауылының тумасы,әкесі яғни  ағайдың атасы «Бақыт» -деген қарт балықшы, «Еңбек ері»  — болған Төлеген  Әлімбетовтың кұрдасы.  Студенттік думанды –қызықты кезеңді бірге тамашалап, бір –бірімен  жете таныса келе  оқу бітіргеннен кейін отбасын құрған. Ағай  мұғалім,ал жары медбике мамандығы бойынша ауылда жұмыс істеді. Қазіргі таңда ұлды ұяға,қызды қияға қондырып,келін жұмсап,немерелеріне  бар мейірімін төгіп отырған, еңбек демалысындағы әже. Үлкен ұлы Қызылорда су-шаруашылық мекемесінде бөлім инженері,кіші ұлы  теміржол бөлімінің маманы, келіні мектепте информатика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.  Өмір  болған соң қуанасың,ауырасың,сырқайсың. Әсіресе ауырған кезеңіңде жарыңның медицина саласында жұмыс атқарғаны сондай қуантарлық,- дейді ағай.Иә расында да бұл өмірде мәңгілік жас балаша ойнақтап,жүгіріп жүре алмайсың ғой! Жас үлкейген сайын адамда ауру , сырқау көбейе бастайды. Көңілің баяғы сол балаша жадырап тұрғаны мен әр түрлі ауыртпалықтарды сезіне бастайсың. «Ауырып ем іздегенше,ауырмайтын жол ізде»,-деген бізің қазақ даналары. Сол сияқты ағай да көп ауырған.Есесіне ауырдым,болдым деп жатпай ізденіп, небір  қымбат дәрі-дәрмектерді пайдаландып,емделді, бірақ та  дұрыс нәтиже бермеді.Қымбатты да қадірлі жары   осы ауырған кезінде үнемі қасынан табылып, барлық жағдайын жасап, демеу болған.Әрине біреуі болмаса, біреуі болары анық қой.Ағай  мұғалім болған соң көп оқиды,көп білмекке ұмтылады, газет-журналды, басылымды көп оқиды. Сондай бір күні ағай Американдық Поль Брэггтің «Ашығудың пайдасы, -деген, Порфирий Ивановтың – Ашығудың  12-сәті,немесе Ивановтың иланымы» деген кітаптарын оқып,ашығумен емделуге ден қойды.Алғашқы кезде  1-күндік ашығу,кейін 3-күндік,7-күндік кезеңдермен бірге,  ағзаны  шынықтыру мақсатында мұздай сумен  құйыну ,қыста жалаң аяқ қар кешу  секілді  денсаулығын шыңдау тәсілі арқылы  белгілі бір нәтижеге жеткендей болды. Қазіргі таңда әлі де қыста қар, жазда сол,ашығу секілді салауатты өмір салтын  ұстанады.  «Сақтансаң сақтаймын» ,- дейді ғой! Әр бір жан өзінің денсаулығына аса назар аударып көңіл бөлгені жөн.Адам алмайтын асу,қамал жоқ емес,бар тек оны жүзеге асыра білу керек. Ұлылардың тарихқа толы өмірі ұрпаққа үлгі.Үлгі аларлық ұлы тұлғалар көп болғай!                                                        Өмірлік жолы сан тараудан тұрған  ардагер ағайымыз жайлы айта берсек ақпарат көп.Дегенмен осы сұхбат та көпке үлгі,рухани байлық,табиғи көріктілік дер ем.Өмір деген жарқ-жұрқ еткен найзағай іспеттес.Бір сәтке дамылдамай өтеді де кетеді.Сол қас қағым сәтте бір-бірімізді сыйлап,үлкендерден үлгі ала жүріп, кішілерге үлгі бола білейік!!!

 

                                                                                                                        

                                                                                                                      Гүлдан Асанжанова ,
Арал ауданы, Қамыстыбас ауылы
№ 21 орта мектептің 11 сынып   оқушысы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.