Биылғы жылдың 15 ақпанынан бастап, қазан айына дейін «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шаймерденов Тәжібай Рахметоллаұлының 90 жылдығына орай институт мұражайында арнайы экспозиция ашылды.
Экспозицияның мақсаты: Педагогикалық еңбектің ардагері, ұлағатты ұстаз Шаймерденов Тәжібай Рахметоллаұлының 90 жылдық мерейтойына байланысты «жанкешті еңбегің, еліңе бергенің» дегендей, саналы ғұмырын білім беру саласына, ғылымға арнаған Тәжібай ағамыздың педагогикалық өмір кезеңдеріне тоқталып, білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесін, ғылыми ізденістері мен еңбектерін, ұстаздық ұлағатын дәріптеу, насихаттау.
Шаймерденов Тәжібай Рахметоллаұлы — педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген ұстаз, Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, ордендер мен Қызыл Ту медальдерінің иегері, есімі облысымыздың Алтын кітабына жазылған педагогикалық қызметтің ардагері. Осы күнге дейін қолынан қаламы түспеген зерттеуші –ғалым. Ол киелі Баянауыл жерінде 1928 жылы 15 ақпанда дүниеге келді. Мектепте өзінің зеректігімен көзге түскен Тәжібай болашағынан көп үміт күттірген бала болды, ата-анасы мен елдің осы үмітін ақтап, 1950 жылы Алматы қаласында Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітірді. Ұстаздық жолын Омбы облысы Таврический ауданының Стаханов орта мектебінде бастады.Осы мектепте бір ай мұғалім болып, екінші айында оқу ісінің меңгерушісі, ал жыл аяғында мектеп директоры болып тағайындалды. Әркімнің өзіне ерекше ыстық, маңызы терең жерлері бар.Тәжібай ағамыз үшін бұл-Баянауыл- Майқайың-Екібастұз-Павлодар. Енді тағы да тарихқа көз жүгіртсек: Тәжібай Рахметоллаұлы елге оралғасын педагогикалық еңбегін Майқайың орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып жалғастырды. 1954 жылы Екібастұз кентіндегі №2 орта мектепке директор, ал 1956 жылы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылды. 1957-1964 жылдары –Шаймерденов Тәжібай Рахметоллаұлы Екібастұз қалалық білім беру бөлімін басқарды. Ертіс өңірінің білім беру саласына терең және айтарлықтай үлес қосқан осы жылдары «Болашақ ұрпаққа өнегелі тәрбие беру» қозғалысының бастауында Тәжібай аға тұрды. «50-60 жылдардың басында оқушыларды мектеп қабырғасында еңбекке баулу, алған мамандықтары бойынша мектеп бітірген соң, еңбекке араласу мәселесі қойылған кезең болатын. Міне, осыған байланысты еңбек сабақтарына қажетті жабдықтар, құрал-саймандар,түрлі станоктар мен жабдықтар мәселесіне көңіл аударылды. Барнауыл қаласындағы «Главснабпрос» деген мекеме арқылы ағаш, темір шеберханасына қажетті жабдықтарды және бағдарламаға сәйкес станоктарды алдырды, оқушылар аса зор ықыласпен шеберханада жұмыс атқарып, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар шығара бастаған еді. Ата-аналар жиналысының алдында балалар жасаған заттардың көрмесі ұйымдастырылып, оларды да қуанта түстік»,- деп өткен күндерді еске алады Тәжібай Рахметоллаұлы. Ол ұлағатты ұстаз дарынды мұғалім, білікті басшы ретінде барлық өмірін білім беру мен тәрбие ісіне, ғылымға арнап келеді. Бойындағы адами қасиеттері, жоғары мәдениеттілігі мен зиялылығы оның беделін арттыра түсті. Ел қамын, ұрпақ келешегін ойлаған ағаның мақсаттары іске асып, қазіргі таңда өз жемісін беруде. 1957 жыл… оның өміріндегі бұл еңбек жолы қызыққа, шығармашылыққа, жауапкершілікке толы мағыналы кезең болды.Тәжібай Рахметоллаұлының ойшыл, жауапты әрі білікті басшы ретінде ұйымдастырушылық қабілеттері Екібастұз кентінің білім беру бөлімін басқару кезінде жарқырай түсті. Жігерлі көшбасшы білім саласын нығайтып, жаңа сатыларға көтерді, жаңашыл өзгерістердің бастамашысы болды. Сол үшін көршілес республикалардың білім берудегі тәжірибесін зерделеп-зерттеді, оны жергілікті жағдайда қолдануға болатынын бағалады. Бұл ізденіс ғылымға апаратын жол екенін болжады. Осылай жылдан жылға, аймақтан аймаққа ауысып, қызықты және жемісті өмір аға берді.
Тәжібай ағаның өмірінде күрт өзгерістер жасаған сәттер бар, 1965 жылы қаңтар айында ол облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осы лауазымда 23 жыл бойы қызмет етті. Осы кезеңде білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер мен уақиғалар болып жатты, соның бір ғана мысалы ретінде 1976-1980 жылдары облыста 36 мектеп салынып, қолданысқа берілді, жаппай орта білім беруге көшу аяқталды.
Соңғы жылдары өзі басқарған кезде үзеңгілес әріптестерінің еңбегін жоғары бағалап, облыстың білім беру саласын өркендетуге қосқан үлесін ұрпаққа тағылым болсын, елінің мәдениеті мен тарихын қастерлейтін болсын деген мақсатпен «Тәлімгер тұлғалар» -2015, «Ұстаз -ұлағатты ұғым» -2012, «Қалдырған іздерің мәңгілік» -2016 атты кітаптарын жарыққа шығарды. Міне, әр адамға үлгі боларлық шығармашылық әрекет- осы емес пе, сондықтан қадірлі Тәжібай Рахметоллаұлының еңбек жолы ұстаздық мамандықты таңдаған жас ұрпаққа тәлім- тәрбие беретінін толық сеніммен айта аламыз.
1988 жылы Тәжібай аға өзінің көп жылғы арманы-ғылыммен айналысу ісіне кірісті. Ол Облыстық педагог мамандардың біліктілігін арттыру институтында білім беруді басқарудың ғылыми негіздері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды, осы кезеңде «Жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие процесін басқару» проблемасы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Осынау ізденіс пен шығармашылық әрекет Тәжібай ағаны жаңа биік белестерге жетелеп, рухтандырып келеді. Қай істі қолға алса да, табандылық пен сабырлылық, тиянақтылық пен білімдарлық сезіліп тұратын тұлғаның өмірі -үлкен өнеге. Халыққа қадірлі, беделі биік, қандай құрметке болса да лайықты жан екенін көпшілік жақсы біледі.
«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын…ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын…»,-деген ғұлама Абай. Тәжібай Рахметоллаұлы- мағыналы да мазасыз еңбек жолынан өтіп келеді, білген-түйгеніне, жинаған бай тәжірибесіне масаттанып, жайбарақат өмір сүре алмайтын адам, ол ізденісін тоқтатпай, үнемі қозғалыста болуды қалайды. Заман талабы мен уақыт тынысын дөп сезінетін аға, тынымсыз еңбектенумен көптеген кітаптар жазды: «Мектепті басқаруды жетілдіру», «Мектепті басқарудың негіздері»-1998, «Мектепті басқарудың менеджменті»-2006, «Мектепті басқарудың проблемалары»-1998, 2002, «Қазіргі проблемалар: тәрбиенің теориясы мен практикасы»- 2002, «Ауыл мектебі» — 2005, «Оқу-тәрбие процесін жоспарлау жолдары», «Тәрбие тағлымы» — 2002 еңбектері оқу-тәрбие үдерісін басқаруда таптырмас құрал деуге болады. Облыс ұстаздарының оның кітатарына деген қызығушылығы жылдан жылға артуда. Олардың өмірлік серігіне айналды десек артық етпес.
Саналы да, ақылды, парасатты, ұлтжанды, рухы биік ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, данышпан бабаларымыздың өсиет — өнегесін, ақыл- ойын, тәжірибесін пайдалануымыз керек. Бүгінгі таңда институттың білім мұражайы осы бағытта жұмыс істеп, үлкен рөл атқарып отыр. Институт мұражайы бұқаралық тәрбие орталығына айналып отырғанын нық сеніммен айтуға болады. Егемен еліміздің білім керуенінде өзіне лайықты жүгімен, айқын мақсат, бағыт — бағдарымен жүріп келе жатқан институт мұражайы тәрбие мен білім сапасын арттыру жұмыстарын жүйелі жолға қоюда еңбек етуде. Елбасымыз Н.Назарбаев : «Біз тұрғызатын қоғам арды бағалайтын, белсенді, жоғары моральды, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұруы керек»,- деп, білім саласын болашақ ұрпақтың рухани — адамгершілік тәрбиесіне аса ерекше көңіл бөлуіне бағыттады. Сол себептен Тәжібай Рахметоллаұлының ұлағатты ұстаз ретінде жан сала еңбектенуі, білім беру жүйесінде бала тәрбиесін ерекше назарда ұстау қағидасы- болашақ ұрпаққа үлгі болатын таусылмас тәжірибе.
Жунусова Алия Рахметжанқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Павлодар облысы бойынша
педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру
институтының мұражай бөлімінің бастығы ,
Даирова Айтжамал Қабиденқызы
қоғаммен байланыс және баспа
қызметі бөлімінің бас маманы