Біз сөз еткелі отырған ұлағатты ұстаз – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы №18 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі – Ақмаржан Сексенқызы Бақытова. Ол қазақ тілі және әдебиеті пәнін оқыту әдісін жетік білумен бірге, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын еңбексүйгіш жан. Ұлағатты да, аяулы ұстаз білім саласында 25 жылға тарта еңбек етіп келеді.
Өмірде бақытты адамдар өте көп. Мұндай адамдар өз бақытын тек маңдай тері арқылы ғана қол жеткізгеніне шүбәланбаса да болады. Апайдың игі істері мен өмір жолы жайлы әңгіме өрбітудің өзі бір ғанибет!
Ақмаржан Сексенқызы 1971 жыл 22 наурызда қарапайым отбасында дүниеге келген . Әкесі – Сексен Бақытұлы, шешес і– Мәриям Бөріқызы ел ортасында сыйлы адамдар болды. Бұл кісілер 8 бала тәрбиелеп өсірді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп дана халқымыз айтқандай, әке мен шешеден өнегелі тәрбие көрген 8 баладан 4 мұғалім шықты.
-Әкем мен шешем әрбір ісімізге, сөзімізге, басқамен қарым-қатынасымызға ерекше мән беріп, сын көзбен қарап отыратын еді,-дейді Ақмаржан апай. Ол ата-анасының тәрбиесінің арқасында көп жетістіктерге жеткендігін мақтанышпен тілге тиек етті.
Университет қабырғасында оқып жүрген күннен бастап-ақ түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. 5 жылдық студенттік өмір лезде-ақ көзді ашып жұмғанша сынаптай сырғып өте шықты. Оқу орнында алған теориялық білім және практикалық дағды өндірісте тым қажет екенін оқу барысында ой елегінен өткізіп, көкейіне түйіп отырды. 1990 жылы университетті үздік дипломмен аяқтап, өзінің алтын ұя мектебіне ұстаз болып кері оралды.
Әрине, ұстаз болу, сол арқылы жас бүлдіршіндердің жүрегіне жылу арнау оңай тірлік емес. Жас ұстаз алғашқы күннен бастап-ақ қиындығы мен қуанышы мол іске білекті сыбана кірісті. Жас ұрпақ тәрбиесіне, мектеп ісіне ыждағаттылық танытып, қажырлылықпен кірісудің нәтижесінде талай табыстарға кенелді.
Бүгінгі таңда апай Жаңаөзен қаласындағы №18 орта мектепте жемісті еңбек етіп жүр. Жауқазындай өсіп келе жатқан жас бүлдіршіндерге қазақ тілі және әдебиеті пәнінің қыр-сырын үйретумен бірге, оқушыларды шығармашылық жұмыстарға, ҰБТ-ға дайындауға, түрлі сайыстарға қатыстыруға өз қымбат уақытын аянған емес.
Ұстаз әрбір сабақтың мазмұнды өтуі үшін қолынан келген бар мүмкіндіктен пайдаланады. Оқушылар Ақмаржан апайдың жанына шоғырланып, қазақ тілі және әдебиеті пәнін жан-жақты үйренуден жалығар емес. Ұстаздың шәкірттері республикалық, облыстық, қалалық сайыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Республикалық қашықтық олимпиадаларда Жұмамұратова Қарашаш, Қуанышбекова Маржан, Жөкеева Айша, Қартбаева Несібелі жоғарғы көрсеткіш көрсетіп білімді оқушылар екенін дәлелдеді. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған сайыстарда оқушылары жүлделі орындар алды.
Ақмаржан – өз пәнін сүйетін білімді ұстаз. Қазақ әдебиеті туралы, қазақ тілі туралы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері туралы мақалалар жазып, өз пікірін көпшілікке ұсынып отырады. Республикалық «Білімге сапар», «Ұстаз ұлағаты», «Маңғыстау мұғалімі» газет-журналдарында жария көрген мақалалары бұған дәлел. Тілеумағанбет Аманжоловтың «Асау-Барақ» жыры туралы жазылған «Асылдың сөзі де – асыл» атты, Алдаш Байғанаұлы туралы жазылған «Алдаш ата» атты, Қосай ата туралы жазылған «Ұлы бабаға тағзым» атты т.б. жария көрген ғылыми-танымдық мақалалары құнды пікірлерімен көпшілкке ой салды.
2016 жылы 22-ақпанда Ақтау қаласында өткізілген «Ата жұртын аңсаған Төлеген Айбергенов» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда «Туған жері жібермеген Төлеген» ғылыми мақаласы Алғыс хатпен марапатталды.
Оқушыларға терең білім берумен бірге өзі де оларға үнемі үлгі болады. Ақмаржан жиі қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Шығармашылық жетістіктері үшін мадақтамалар, алғыс хаттар, диломдармен марапатталған.
Ақмаржан білікті маман болумен бірге, аяулы ана. Ұлы –Жұмамұратов Наурызбек Еуразия Ұлттық Униветситетінің Саясаттану факультетінің студенті, қызы – Қарашаш 8 сыныпта оқиды.
Сөз аяғында ұлағатты ұстаз, аяулы ана әлі де биік шыңдардан көріне беріңіз!-дегім келеді.
Бақытова Ақіңкәр
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы,
№18 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі