(тақырып төңірегінде эссе )
Кең байтақ даласында керіліп жатқан Сарыарқасы, батысындағы жазықтары мен шығысындағы асқар таулары, оңтүстігінің ыстығы мен солтүстігінің суығы – бәрі-бәрі оның Отаным деген тұрғындары үшін ыстық көрінетін менің Қазақстаным бүгінде өзінің дербес ел болғандығының 25 жылдық мерейтойын тойлап жатыр. Бұл мерейтой халқым дейтін әр қазақтың, отаным дейтін әр Қазақстандықтың мерейін асырмақ, себебі Қазақстан туралы «тәуелсіз ел» деген қасиетті сөздерді есту ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан арманы еді. Тәуелсіздік – қазіргі таңдағы тарихтан қалған ең асыл сыйымыз.
Тәуелсіздіктің жемісі тәтті болғанымен, жетілуі ащы болды. Азияның кіндігіндегі осы біздің жерімізге сонау замандарда кімдердің аяғы баспаған: талай жау жерімізді басып алмақ та болды, батырларымыз жаудың бетін алды; талайлар халқымызды уламақ та болды, даналарымыз даудың бетін қайтарды. Сонда да, айналамыз түлендей түрткен жаулардан тазармай қойды: әр заман өз әзәзілін алып келіп отырды. Хандықтар тарап, Ресей Империясының боданы болу қазақтар үшін қазақтығын сақтап қалуды қиындатты. Міне осы кезде, тәуелсіз елдің негізгі көрсеткіштері саналатын ана тіліміз, тарихымыз, тағылымымыз, мәдениетіміз жоғала бастады. Империя құлап, жаңа үкімет құрылса да, халқымыздың басынан қара бұлт арылмай қойды. Сонда қазақтың ішінен ел намысын арқалап, тәуелсіз болашағын аңсаған біртуар азаматтар шығып, алғаш рет тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырудың қадамдарын жасады. Олар Әлихан Бөкейханның бастауымен Алаш үкіметін құрды. Алашты құру, сақтап қалу және насихаттау жолында жандарын қиған қазақ зиялылары Қазақтың тәуелсіз ел болатынына үлкен сеніммен қарап, сол үшін күресті. Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз!-, деп
өздерінің және барша халықтың Алаш, тәуелсіз Қазақ елі, жолында күресетінін білдірген болатын. Өкінішке орай, сол кезде үстімізден үстемдік құрып отырғандар бұл топты және қозғалысты басып тастады. Алайда олар елім, жерім деп жалын атқан жүректердің қалауын, талай жылдар әділетсіздігіне куә болған көздердің алауын, тарихтың зобалаңынан тозса да, келер күннен үмітін үзбеген сананың жан айқайын баса алмады.
Талай жылдар тоқтамаған күрестер, олардан қалған жүректегі жаралардың соңғысы және ауырларының бірі желтоқсанның ызғарымен келген болатын. Қазақ жерін жаттың қолына ұстатпау үшін қаншама жастар өз ойларын білдіріп, халқымыз бен жіріміздің қорғауына тұрғандары үшін аяусыз жазаланды. Талай жас қыршынынан қиылды. Міне сол 16 желтоқсаннан бастап азаттықтың қаншалықты қалаулы екендігі әрбір Қазақстан тұрғынының санасын оятып, рухын көтерді. Азаттықтың таңы алыс емес еді, осыншама күрестен кейін 1991 жылы Қазақстан көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізді.
Тәуелсіздік жолында біздің талай даналарымыздың, халық жанашырларының: ақын-жазушыларымыздың, қоғам қайраткерлерінің, Алаш зиялыларының қаны мен жаны пида етілді. Бұл оңайлықпен қолға тимеген жеңіс. Алайда, бұл жеңіс қана емес, бұл – тәуелсіздікті арқалап ұрпақтан ұрпаққа ақаусыз жеткізудегі жаңа және ауыр жауапкершілік пен аяусыз жылдардан тозығы жеткен халықты аяғына тұрғызудағы ауыр жол еді. Тәуелсіздік жылдарында, қиын да болса, Елбасымыздың бастауымен Қазақстанымыз өз құндылықтарын қалпына келтіріп, әлем сахнасына өз тілі, діні, заңы, мәдениеті, өндірісі, теңгесі бар, Егемен де Зайырлы ел ретінде жарқ етіп шықты.
Міне осылай, тәуелсіздіктің 25 жылы біз үшін жәй ғана ширек ғасыр емес, талай жылғы күрес пен қайсарлықтың жемісі және бабаларымыздан қалған асыл сый, мұрат саналады. Қазір, тәуелсіз елімнің ашық аспанында алтын күн жарқырап халқымызды мейірімге бөлейді, қыранымыз еркін қалықтап жарқын болашаққа көз тастайды, сол көк аспан астында қазағымның оюындай бір-бірімен аралас-құралас болып, татулық пен бірлікте Қазақстан халқы емін-еркін өмір сүріп жатыр. Бұл – мақтаныш, бақыт, намыс, халқымыздың беделі. Ендігі кезекте, біздер, жастар үшін, Қазақстанның осы беделін асқақтату, көк туымызды аспанға көтеріп желбірету – мақсат, жүктелген парыз!
Тасболат Алшын Арғынбекұлы,
Қарағанды қаласы
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ
4 «В» сынып оқушысы
Жетекшісі: Ахмет Гүлбақша Төлегенқызы
бастауыш сынып мұғалімі