Ұланның кезекті биігі

Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болашағынан мол үміт күттіретін дарынды балалар жетерлік. Олардың әрқайсы мектеп абыройын республикалық, халықаралық дәрежеде өтетін білім сайыстарында асқақтатып жүр. Сондай мақтаулы шәкірттеріміздің бірі – Ұлан Сейітқалиев.
Білім ошағымыздың 10–сыныбында оқитын Ұлан Марин Геталдич атындағы Хорватияның жас математиктер қауымдастығы ұйымдастырған халықаралық Еуропалық математикалық кубок олимпиадасында жүлделі 1 орын иегерлері қатарынан көрінді. Соңғы 4 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан олимпиада екі санатқа бөлініп, 17 –жасқа дейінгі және 17 –жастан асқан жас математиктердің білім деңгейін әлемдік деңгейде сынап көруге мүмкіндік береді.
Әр қатысушыға берілген тапсырмаларды шешу уақыты — 4 сағат. Осы уақыт ішінде олар алгебра, комбинаторика, геометрия және сандар теориясынан өз біліктіліктерін сарапқа салады. Әлемнің бірнеше мемлекетінде бір мезгілде соның ішінде Қазақстанның Астана, Алматы, Семей сынды қалаларында ұйымдастырылған олимпиадаға қатысуға есепке жүйрік шеберлер ниет білдірген.
Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен дәл осы олимпиадағы жиыны 16 үміткер қатысқан. Олардың арасында Өскемен, Семей шаһарындағы Зияткерлік мектеп оқушыларынан бөлек «Білім инновация» лицейінің тәрбиеленушілері де бар.
— Халықаралық олимпиадаға қатысуға Қазақстан атынан Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Екібастұз, Талдықорған қалаларының өрендері ниет білдірді. Олимпиаданың басты ерекшелігі – 17 жастан асқан жас математиктерге берілген тапсырмалар ІМО олимпиадасы деңгейіне, ал 17 жасқа дейінгілерге берілген тапсырмалар Балқан математикалық олмпиадасымен деңгейлес болуында. Қарап отырсаңыздар, балаларға берілген есеп те, қойылған талап та жеңіл әрі оңай емес.  Негізінен Ұлан осы олимпиаданың 17 жасқа дейінгілері арасында бақ сынауы керек болған. Алайда өзінің қалауы бойынша өзінен жасы үлкендермен бақталасуды жөн деп тапты. Соған қарамастан оқушымыз Ұлан Сейітқалиев өз білімінің арқасында жүлделі бірінші орын иегері атанып отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, -дейді олимпиадалық резерв мектебінің үйлестірушісі Нұрғазы Тұрсынғазин.
Нұрғазы Сейітқазыұлының мақтанатын жөні бар. Өйткені, еліміздің үш қаласында өткен олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен оқушылардың жауаптары Хорватия еліне жіберіліп, соңғы шешім сол жақта шығарылады екен. Олимпиада 2017 жылдың желтоқсан айында өтсе де, нақты шешім жуырда ғана келіп жетті. Еуропалық математикалық кубок ресми сайтына көз жүгіртер болсақ, Ұлан үздіктер қатарынан ойып тұрып орын алып, алдыңғы лектен көрінген. Ерекше атап өтерлігі — республикамыздағы Зияткерлік мектептер атынан қатысқан үміткерлер арасынан 1-орынға шыққан жалғыз оқушы болып отыр.
Бар ғылымның атасы саналатын математикаға деген қызығушылығы ерекше Ұланның бұл алғашқы жеңісі емес. Ол бұған дейін Леонард Эйлер атындағы ІХ –шы олимпиада да 2-орын алса, Зияткерлік мектептер арасында өткен желілік олимпиада да 3-орынға ие болған. Енді міне, кезекті жеңісімен қуантып отырған оқушымыздың алар асу әлі де болса алда деп білеміз.

Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика–математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.