Жүйелі түрде көркемдік іс-әрекетке жаттығу, талдау, өзгертуге араласу балалардың белсенділігін дамытады. Бұд әдіс көп қайталауды талап етеді. Ол түрлі жағдайларда қолданылады. Бағдарлама мазмұнына сәйкес жыл бойына жүргізілетін педагогикалық үрдіс барысында тәрбиеші негізгі белгіленген уақытта бейнелеу өнерінен балалардың бұрын меңгерген білім-білік дағдыларын қайталап бекітіп, жаңа материалды игерудің қызығушылықты түрлі әдіс-тәсілдерін таңдап, сурет салуға қажетті құрал-жабдықтарды пайдаланудың тиімді жолдарын қарастыруы керек. Сурет салуды бастамас бұрын түсіндіру, сұрақ-жауап, көрсету, қайталау жұмыстарынан кейін жаңа тақырыпты түсіндіру, бейнелеудің әр түрлі тәсілдерін тақырыпқа сәйкес таңдап, іс-әрекетке бағыттаймын. Балалар іс-әрекетке кіріскеннен кейін басшылық жасап, жеке нұсқаулар беріп көрсетіледі. Әр баланың бейнелеуге қабілеттілігін ескеріп бағыт беремін. Дайын болған жұмыстардың бірнешеуін үлгі ретінде көрсетуге болады. Қалған балалардың жұмыстарын аяқтау талап етіліп, нәтижесін бірлесіп талдау жүргізіледі. Бір мезгілде бейнелеудің түрлі әдістерін үйретіп, бейнелеудің түрлі амалдарымен таныстырамын. Кейбір зерттеулер баланы сурет салу техникасына үйрету керек, балалар шығармашылығы қалыптасқан және үлкендерден үйренудің қажеті жоқ десе, ал біреулер оларда сурет салу дағдысы қалыптасуы қажет дейді. Өйткені техниканы игеруді үйреткеннен кейін, біз көз қатерін және белгілі бейнелерді ойлауды дамытуымыз керек. Сурет салудың дәстүрден тыс техникасының бірнеше түрі бар.
Кляксография балаларды сия тамшысын істеуге үйретеді (қара және түрлі түсті). Үш жастағы сәби оған қарап бейнелерді, нәрселерді немесе жеке бөлшектерді көре алады. «Сия тамшылары неге ұқсайды?», «Сенің есіңе ол нені түсіреді?» деген сұрақтар өте пайдалы, бұл сұрақтар олардың ойлау және елестету қабілеттерін дамытады. Осыдан кейін баланы қинамай-ақ, тек көрсетіп, келесі кезең – сия тамшысын айналдырып аяқтауды ұсынамыз.
Саусақпен сурет салу әдісі.
Тағы да бір әдіс қоршаған ортаны саусақпен, алақанмен, табанмен, тіпті иекпен, мұрынмен салу. Бұл әдісті бәрі бірдей қабылдай алмайды. Анығында қол мен жеке саусақтар сондай демеу болады. Қарындашқа қарағанда оң қолдың сұқ саусағымен басып, суретті жақсы салады. Егер қарындаш сынып қалса, қылқаламның қылы желінсе, фломастер бітіп қалса да, сурет салғымыз келеді. Тағы бір себеп: кейде тақырыптың өзі баланың саусағы мен алақанын керек етеді. Мысалы, бала басқа құралдарға қарағанда тамшының суретін саусақпен жақсы орындайды. Сонымен қатар ағаштың суретін сәтті шығаруға болады. Саусақпен діңгекті, бұтақты, содан кейін (егер күз болса) қолдың ішкі жағына сары, жасыл, қызыл сары бояуды жағады және жоғарына қоңыр қызыл ағашты салады. Егер біз балаларды тек сұқ саусақпен ғана емес, саусақтың барлығын пайдалануға үйретсек өте жақсы нәтиже береді.
Поролонды суреттер. Одан әр түрлі кішкене геометриялық пішіндер жасап, кейін оларды жіңішке сыммен таяқшаға немесе қарындашқа (ұшталмаған) бекітуге кеңес береміз. Жұмыс құралын енді бояуға батыруға болады. Штамп әдісімен қызыл үшбұрыш, сары дөңгелек, жасыл шаршылардың суретін саламыз(поролон мақтаға қарағанда жақсы жуылады). Алғашында балалар геометриялық пішіндердің суретін ретсіз салады. Алдымен пішіннің бір түрінен қарапайым өрнектерді жасауды ұсыныңыз, кейін екі-үш пішіннен.
Бормен сурет салу. Мектеп жасына дейінгі балалар алуан түрлілікті ұнатады. Қызықтыру үшін қарапайым бор, сангин, көмір пайдалануға болады. Бор мен көмір жақсы жазылатын материалдар – тегіс асфальт, фарфор, керамикалық плита, тастар. Көлемді сюжетті асфальтқа орналастыруға болады. Оларға келесі күні де суретті жалғастырып салуға болады. Содан кейін сюжет бойынша әңгіме құрастырылады. Ал біз керамикалық плиталарға бормен немесе көмірмен кішкене нәрселер, өрнектер салуды ұсынамыз. Үлкен тастарды формасына қарай жануарлардың басын немесе ағаш түбірін бейнелеуге пайдалануға болады.
Коктейльдің трубкасымен сурет салу.
Коктейльдің трубкасын пайдаланғанда, жоспарсыз сурет салу тәсілі қолданылады. Алуан түрлі түстегі бояуды кішкене шалшық қылып, қағаздың бетіне құямыз. Артынша трубканың көмегімен шалшық үрілгенде, әр тарапта көптеген өсінділер пайда болады.
Ашық хаттың көмегімен сурет салу. Көптеген үйде ескі ашық хаттар сақталған. Балалармен бірге оларды жинақтап, керекті суреттерді қиып,сюжеттегі орнына желімдеуді үйретуге болады. Жарқыраған фабрикалық заттың бейнесі мен құбылысы тіпті қарапайым суретке әсемділік береді. Үш, төрт тіпті бес жастағы бала иттің, қоңыздың суретін сала алмайды. Бірақ ол ит пен қоңызға күннің, жауынның суретін толықтырып сала алады және оған өзі өте қуанады. Егер балалармен бірге ашық хаттан терезесінің алдында әжей отырған ертегідегі үйшікті қиып жапсырса, ол да өзінің қиялына, ертегіге байланысты және қиялына қарай, тағы бір нәрсені салады.
Жұмбақ суреттер. Шамамен 20 см. өлшемді қатырма қағаз алынып, қақ ортасынан бүктеледі. Ұзындығы 30 см-дей жартылай жүн немесе тоқыма жіп таңдалады. Жіптің ұшы 8-10 см-дей қою бояуға малынып, қатырма қағаздың ортасына қысылады. Осы жіпті қатырма қағаздың ішіне жүргізіп, одан кейін оны суырып, қатырма қағазды ашамыз. Қалай болса солай салынған сурет шығады. Балалар мен ересектер ол суретті айналдырып сызып, суретті аяқтайды. Салынған суретке атау берген дұрыс. Бұл күрделі зерделі-сөйлеу жұмысы бейнелеу өнерімен үйлесім тауып, мектепке дейінгі балалардың танымдық қабілеттерін дамытады.
Сиқырлы суреттің әдісі. Ақ қағазға балауыз шамның ұшымен (шырша, үйшік) салынады. Бұдан кейін барлық суреттің үстіне қылқаламмен, ал мақта немесе поролон болса бояу тіпті жақсы жағылады. Сол себептен шаммен салынған майлы бейнеге бояу түспейді. Сондықтан балалардың көз алдында сурет кенеттен пайда болғандай көрінеді. Мұндай нәтижені канцелярлық желіммен немесе кір сабынның бөлігімен де салуға болады. Бір нәрсеге фонды таңдау соңғы рөлді ойнамайды. Мысалға майшаммен салынған аққаланы көгілдір бояумен, ал қайықты жасыл бояумен бояған жақсы. Егер сурет салған кезде шам немесе кір сабын үгітілсе, абыржудың қажеті жоқ. Бұл олардың сапасына байланысты.
Кішкентай тастарды әшекейлеу. Балалар тегіс жерге, қағазға, сирек те болса асфальтқа, үлкен плиткалы тасқа сурет салғанды ұнатады. Егер табылса, теңіз тастарын қолдануға болады. Олар әр түрлі пішінді, тегіс, кішкентай болып келеді. Кейде тас пішініне қарап бала қандай бейнені жасауға болатынын өзі табады немесе тәрбиеші көмектеседі. Бір тастан бақаны, келесісінен қоңыз, үшіншісінен саңырауқұлақ шығаруға болады. Тасқа қою, ашық түсті бояу жағылса, бейне де әзір. Боялған тас кепкеннен кейін түссіз лак жаққан жақсы. Бұл жағдайда бақа мен қоңыз жылтырап әдемі көрінеді. Оларды кейін ойынға да пайдалануға болады.
Бір таңба әдісі (Монотопия). Бұл екі сөзді әдіс сурет салуда сирек қолданылады. Себебі ол мектеп жасына дейінгілерді қызықтырады. Қысқаша айтсақ, бұл целлофандағы бейне, кейін қағазға көшіріледі.Суретті тегіс целлофанға қылқаламның немесе мақта оралған сіріңкенің не саусақтың көмегімен салады. Бояу ашық және қою болуы керек. Бояу кеппей тұрып, қалың ақ қағазға суретін төмен қаратып целлофанды аударамыз, суретті қағаз сіңіріп алғандай болады, одан кейін целлофанды көтеріп аламыз.Сонда екі сурет шығады. Кейде сурет целлофанда, кейде қағазда қалады.
Сулы қағазға сурет салу. Кей заттарды, сюжеттерді, бейнелерді сулы қағазға салған жақсы. Мысалы, бала «Тұманды қала», «Жаңбыр жауып тұр», «Түнгі қала», «Жабын артындағы гүл» тақырыптарын бейнелегісі келсе, онда анық емес, көмескілік қажет. Қағазды аздап ылғалдауды үйрету керек. Қағаз тым сулы болса сурет шықпауы мүмкін. Сондықтан мақтаны таза суға малып алып, сығып түгел қағаз бетімен немесе кейбір бөліктеріне жүргіземіз. Осылай қағаз әзір болады.
Нүктелі сурет. Балаларға дәстүрлі еместердің барлығы ұнайды. Мына жағдайда нүктемен сурет салу – ерекше тәсіл. Фломастер, қарындаш алып, оны ақ қағаз бетіне перпендикуляр қойып бейнелейміз. Бірақ нүктелі суреттер бояумен жақсы шығады. Күкіртінен тазаланған сіріңке мақтамен тығыз етіп оралады да қою бояуға малынады. Әрі қарай нүктені салудың ұстанымы әлгіндей. Ең бастысы баланың қызығушылығын ояту.
Ниткография. Бұл әдісті көбіне қыздар жақсы орындайды. Қатырма қағаздан 25х25 см өлшемді экран жасалады. Оған барқыт қағаз немесе бір түсті фланель жапсырылады. Экранға әдемі дорбаға салынған әр түсті жартылай жүн немесе жүн жіптің жиынтығын әзірлейміз. Фланел немесе барқыт қағазына белгілі бір пайыз жүні бар жіп тартылады. Осындай жіптерден қызықты сюжеттер жасауға болады. Баланың талғамы мен қиялы дамиды. Әсіресе қыздар түстерді таңдауды үйренеді. Ашық түсті фланелге бір түс, ал алабарқын (темный) түске мүлдем басқа түс келеді.
Өз жұмысымда байқағаным: кіші топта үйреніп білген қарапайым техникалар жоғарғы топқа барғанда еске түсіріп, одан да қызықтырақ етіп жасауға ұмтылады. Осы ұмтылыстарын жетілдіріп, қызығушылық танытуын мадақтап, эксперимент жүргізуге ниеттендіру – тәрбиеші мен ата-ананың міндеті.Балаларды көркем өнерге баулуда дәстүрден тыс тәдіс-тәсілдермен бірге бейнелеу құралдарының көптеген түрлері пайдаланылады.
«Палитра — саусақтар» саусақпен сурет салу. Бұл барлық жастағы балаларға ұнайтын қарапайым,оңай әдіс. Олар үлкен ынтамен салады. Саусақпен сурет салу бірнеше кезеңнен тұрады. Балалар әуелі бір саусақпен, сосын бірнеше саусақпен сурет салып үйренеді. Біз көбелектерді, балықтарды, көгалды нүктелер, ирек сызықтармен безендіріп үйренеміз. Келесі кезеңде балалар бояуларды араластыруды үйренеді. Әр саусағын әр түрлі бояуға батырып, бір түстің үстіне келесісін жағады. Түстерді араластыру нәтижесінде бала өзіне қажет түсті табады. Ертегілерге салынған сюжеттерді олар өте сәтті бояды.
«Алақанмен» сурет салу әдісі кішкентайлар тобындағы балаларға өте ұнайды. Балалармен жұмыс жүргізуде пайдаланылатын келесі әдіс – сызықтармен (штрихтармен) сурет салу. Сызықтардың көмегімен заттың сапасы, қасиеті туралы біліп, суреттегі бейнені, оның қоршаған ортаға қатысын ашуға болады. Сызықтармен сурет салу саусақтардың бұлшық еттерін дамытып, қолды жазуға жаттықтырады. Сызықпен сурет салу үшін балалар бос уақыттарында көп жаттығулары керек. Бейненің мазмұнын ашу сызықты пайдалана білуді қажет етеді. Сонымен бірге дымқыл қағазға сурет салу әдісі де өте қызық. Бұл әдіс ересектер тобындағы балалармен жұмыс жүргізуде пайдаланылады. Гуашьпен бояғаннан гөрі акварельмен бояу күрделірек, бірақ қызық. Акварельмен тек ақ параққа сурет салуға болады. Бояуға су көбірек араластырылса бояу түсі тұнықтана түседі. Әсіресе балаларға тымық және желді күнгі теңізді салу өте ұнайды. Балауыз бор, май шам және акварельмен сурет салу – ертеден келе жатқан әдіс. Жаңа техника граттажды пайдаланып балалар «Қысқы орман», «Түнгі ертегілер», «Саябаққа серуен» тақырыптарына суреттер салды. Майлау арқылы бояу балаларға өте ұнайды. Балалардың жағу әдісін игеруі әр түрлі болғандықтан бұл әдіс те көп жаттығуды, жеке жұмыс жүргізуді қажет етеді. Балаға жағу мен нұқуды айыра білудің өзі күрделі.
Қазір сәнге айналған монотипия және диотипия (баспа техникасы) әдістері де өте қызықты. Ол қиялды, елестетуді, түс пен пішінді сезінуді жетілдіруге көмектеседі. «Су жағасындағы талдарды» салуда жарты суреттен тұтас суреттің жасалуы балаларға өте ұнады. Дәстүрден тыс әдістің бірі – шашырату арқылы сурет салу да үйретілді. Бұл күрделі техника, бірақ еңбектің ақталғанын көру – бала үшін бір ғанибет. Пластилинмен сурет салу баладан төзімділікті, бастаған істі аяғына дейін жеткізу үшін табандылықты талап етеді. Бұл әдісті біз мектепалды топта пайдаландық. Сол сияқты балаларды бейнелеу өнеріне баулуда біз бейнелеу өнерінің дәстүрден тыс әдістерін көптеп пайдаланамыз.
Мысалы:
- Бормен сурет салу,
- Көмір және сангинамен сурет салу,
- Табиғи заттарды пайдаланып сурет салу,
- Жіптің көмегімен сурет салу,
- Манка жармасын пайдалану арқылы сурет салу,
- Құммен сурет салу т.б.
Алуан түрлі әдістердің балалардың жұмыстарының мазмұнын ашуға өз септігін тигізетінін атап айтпай болмайды. Олардың орындалу барысының өзі балаларды қанағаттандырады. Әр қимыл сәтті шыққан сайын ол өз жеңісінің жемісін өзгелерге көрсету үшін оны сан рет қайталап көрсетуден жалықпайды.
Жанна Дүзелбайқызы Иманалиева,
№9 «Еркемай» бөбекжайының І санатты тәрбиешісі,
Орал қаласы, БҚО