Home » Ашық сабақтар » Ұзақбай Қазжанұлына – 120 жыл

Ұзақбай Қазжанұлына – 120 жыл

Сабақтың мақсаты:    1. Маңғыстау өлкесінде туған ақпа-төкпе ақын-жыраулар, олардың

сөзін ел арасына таратушы небір термеші-жыршылар, бармағынан бал тамған күйшілер, әншілер және билердің түйінді-тұжырымды сөздері туралы білім-біліктіліктерін дамыту.

  1. Асылдардың қалдырған өнерлерін және атадан балаға мұра болып келе жатқан асыл нақыл сөздерін келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке баулу, айтылған ойлы сөздерін ардақтай тыңдап, ерекше құрметпен есте қалдыруды әдетке, әдепке айналдыруға тәрбиелеу.

3.Оқушылардың бойындағы өнері мен дарынын дамыта түсу, ойларын қорыта білуге машықтандыру, тіл байлығын байытуға, сөйлеу мәдениетін жетілдіруге үйрету.

Сабақтың көрнекілігі: нақыл сөздер, кітап, интерактивті тақта, проектор, ақын-жыршы Ұзақбай Қазжанұлы туралы презентация (слайд), шарлар, буклет пен газеттер т.б.

Сабақтың түрі: тарихи-сазды кеш.

Сабақтың барысы: I. Ұйымдастыру кезеңі. (Маңғыстау өңіріндегі ақын-жыраулар туралы мәліметтерді жеткізу)

Жүргізуші:

Арма ағайын!!! Бүгін беймәлім болған Маңғыстаулық ақын-жыршы Әлиев Ұзақбай Қазжанұлына – 120жыл толуына орай арналған тарихи-танымдық сазды кешке қош келдіңіздер!!!

Қазақ тарихында жырауларымыздың қоғам ортасында алар орны ерекше. Кешегі өткен дәуірдегі тілдері жүйрік арқалы жырауларымыздың жан жүрегінен шыққан төл туындыларына зерделей назар салар болсақ олардың айтқан әрбір өсиет жырларының өткен заманда, өзге қоғамда өмір сүрген бұқараға айтылғанына қарамастан, нақ қазіргі уақытқа дейін өзіндік тәрбие-тағлымдық қасиеттерін жоғалтпай, керісінше бүгінгі және келешек ұрпағымыздың өмірлік рухани азығы болып келе жатқанын көреміз.

Тарихымызға зерделі көзбенен назар сала қарасаңыз, қай заманда да болмасын жыраулар елді бірлік пен ынтымаққа үндеп, халқымыздың рухын оятып, жұртшылықты тұтастыққа шақырып, ел мен жердің, отанымыздың, мемлекетіміздің тағдырына оң ықпалдарын тигізіп отырған. Түп тарихымыз танылған заманнан бергі қарай ата-бабаларымыздың ғұмырын сараптай қарасақ қарапайым халықтың ішінен шыққан арқалы жыраулардың қалың бұқараның алдындағы беделдері ел билеген әміршілер мен хан ағзамдардан да жоғары тұрғанын көреміз.

Олай болса, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші кезекті 9а сынып оқушысы Айбаров Нұрлыбектің орындауындағы «Адай»күйін қабыл алыңыздар!!!

Жүргізуші:

«Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Маңғыстау өлкесінде ХҮІІ ғасырдан бүгінгі күнге дейін тау өзеніндей тасқын жырларымен ақпа-төкпе ақын-жыраулар, олардың сөзін ел арасына таратушы небір термеші-жыршылар, бармағынан бал тамған, өнер төгілген күйшілер, ән әуенін алты қырдан асырған әншілер өткен.

Олардың ішінде күйшілер: Абыл Тарақұлы,  Құлшар Бақтығалиұлы, Есір Айшуақұлы, Жолды, Әлмұрат Құлшарұлы, Төлеубек, Тұрарбек Қойшыбайұлы, Бекен Кендірбайұлы, Сәулебай, Арал Тағаниязұл, Өскінбай Қалмамбетұлы, Мұрат Өскінбайұлы, Шамғұл Ыбырайымұлы, Атанғұл Сүйесінұлы;

Ақын-жыраулар: Абыл Тілеуұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы, Аралбай Оңғарбекұлы, Өгізбай, Айтуған Тайұлы, Мұрын (Тілеген) Сеңгірбекұлы, Сәттіғұл Жаңғабылұлы, Түмен Балтабасұлы, Сүгір Бегендікұлы, Елбай Қосымбайұлы, Қалнияз Шоңқыұлы, Медетбай Тәжұлы, Түйте ахун Өтесбайұлы, Шәйім Мұңайтпасұлы, Қожали Мекенұлы, Өмір Қараұлы, Ыбырайым ахун Құлбайұлы, Зәкәрия Жұбанұлы, Ұзақбай Қазжанұлы.

Жыршылар: Айтқұл, Өришан, бәйбіше Дүйсенбай, Қожанбай Қойбас, Мұса, Мұқан Мәулімберді; әншілер: Қайып Қарабайұлы, Хамит Өскінбайұлы, Қазихан Нұрғазыұлы, Досат Бәйменбетұлы, Тастемір Шыршығұлұлы, Әділ Өтеғұлұлы, Тұрсын Алдашұлы, Шолтаман Байсарұлы;

Билер: атақты Ермембет би, Мәтжан би, Сейіт би, Бегімбет Мәмбетнияз және т.б. өткені белгілі осы өнер жұлдыздарының ізбасар-мұрагерлері де баршылық.

Ендеше, келесі кезекті ақын-жыршы Ұзақбай Қазжанұлының өмірі мен өлең-жырларына береміз!

10 а сынып оқушысы Қарасаев Салихатты қарсы алыңыздар!

Жүргізуші:

Иә, Басқасын айтпағанда, ұлттық өнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізуші әнші-жыршылар: Жақсылық Елеусінұлы, Ізбасар Шыртанұлы, Сүгір Бегендікұлы, Жеткізген Сейітұлы, Айтқұл Шыманұлы, Керелбаев Бүркітбай, Күріш Тасболатұлы, Қоблаш Бекмағанбетов, Жеткізген Сейітов, Рухия Махмутқызы, Жалғас Мұқанұлы, Мұрат Өскінбайұлы, Ұзақбай Қазжанұлы Әлиев, Шамғұл Ыбырайымұлы, Амандық Көмекұлы, Орынбасар Тәжұлы, Әлқуат Қожабергенов, Қырықмылтық Бүркітбай, Әбіл Жұмағұлұлы, Бауыржан Сатыбалдин, Ұзақбай Сахыұлы, Мұрын жырау және жас талант, республикаға белгілі Елдос Хабиболлаұлы Еміл, «Бүкілодақтық халықтар творчествосы байқауының» лауреаты Мақсұт Аяпов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қосанова Айгүл Шоданқызы, Қазақстан халық артисі, домбырашы Роза Тайманқызы Айдарбаева, Жұманов Қыдырбай Шарауұлы, Қондыбай Шалабаев, Разбаев Қармыс, Шаулиев Болат Жақсылықұлы, Ақмарал Тастанбекқызы Ерімбетова, Назгүл Нұрғалиқызы Айдарбаева, Жүзімгүл Бекназарқызы Репназарова, Ақылбек Тасқараұлы Өтешов, республикаға белгілі домбырашы Сержан Шәкірат Ысқақұлы, құнанорыс Базарбай жырау, жыңғылдылық Алтынбек Тілегеновты, жетібайлық Аманбек Сәуірбаевты, жаңаөзендік Дәмегүл Ізбасарованы, кейінгі толқын ақтаулық Қылышбек Ізмұратты, бейнеулік Бейсенқұлов Болат, Қалқан Ізжанды, ақтаулық Сәттіғали Нұрдәулетов, Әзімхан Беймағанбетовтарды Маңғыстаудың кең жазира сахнасын ән-күй, жырмен кернеп тұрған, өлкенің көкбайрағы өнер туын көкке желбіретіп нық ұстап келе жатыр деуімізге де болады.

Біз кейінгі ұрпақ насихат қып ата-бабаның айтқан сөзін ардақтай тыңдап, ерекше құрметпен есте қалдырған халықпыз.

Сонымен, ендігі кезекті мәнерлеп оқитын 10а сынып оқушысы Айбергенова Айнұрға  береміз.

Жүргізуші: Ұзақбай Қазжанұлы Әлиев(1897-1976ж.ж.) – Маңғыстау өңірінен шыққан көрнекті жыр перендерінің бірі. Ол 1897жылы Маңғыстау жерінде дүниеге келген. Ел басына ауыртпалық тауқыметі түскен аласапыран жылдарда Түрікменстанға қоныс аударып, ұзақ жылдар бойы сол жақтағы Жаңғақ жерінде тұрып, түрлі шаруашылық салаларында қызмет істейді. Кейінгі жылдары өзінің ата жұртына оралып, 1976 жылы өмірден өткен. Ұзақбай Қазжанұлының өмірі мен шығармашылығы туралы деректер тым тапшы немесе жоқтың қасы деуге болады.ол туралы көбінесе жергілікті «Жаңаөзен», «Менің атым – Ұзақбай», «Маңғыстау маңғаздары», «Не хабар?» атты газеттері мен «Жыр-дария», «Мен қашанғы жүйрігің», «Жүйрігі едің Адайдың» атты кітаптарда және журналдарда жыршы жөнінде мақалалар жазылған. Бұл кітаптарда көрсетілген Ұзақбай жыраудың рулық-шежірелік ататек таралуын да айта кеткен жөн болар: «Ұзақбай жырау Адайдың Мұңалынан таралатын Қырымқұл ауылының перзенті. Шежірелік таралуды оның былайша түзіледі: Адай – Келінберді – Мұңал – Бәйімбет – Алдаберді – Райымберді – Текей – Әнет – Қырымқұл – Әлі – Қазжан – Ұзақбай, сонда Ұзақбай жырау – Адайдың он бірінші ұрпағы болып саналады, ал Қырымқұл атаның шөбересі».

Ұзақбай жырау жас кезінен сөз өнеріне жақын болып, жыршылық-әншілік жолын таңдайды. 18жасынан бастап біржола жыр соңына түскен өнерпаз халық ақындары Ақтан, Нұрым, Қашаған, Қисықбас, Өмір шығармаларын, халық әндерін көпшілік алдында орындап, көзге түседі.

Олай болса, арнайы шақырылған қонағымызға кезекті берейік!

Утеханов Ағарыстың орындауындағы  жырды қабыл алыңыздар!

Жүргізуші: Ұзақбай жырау Қашаған, Өмір, Қисықбас секілді ақындармен кездесіп, олардан үлгі-өнеге алған, солармен көңіл жақын сыйлас, пікірлес-сұхбаттасып болған. Белгілі өнерпаз Сүгір жырау Бегендікұлымен дос-жар, сапарлас болып, бір-бірінен шалғай тұрған кездерінде хат жазысып, хабарласып тұрады. Ол өзі барған, сөзі жеткен Маңғыстау, Хорезм, Шағадам, Балқантау өңірлерін мекендеген халыққа ақындық, жыршылық өнерімен танылып, жұртшылықтың қошеметіне бөленген. Бұл туралы жыраудың өзі де халық ақын-жырауларының дәстүрімен:

Менің атым – Ұзақбай,

Атағым тегіс жайылды

Қараның ұлы қазаққа-ай.

Тыңдағанға насихат,

Сөзім бар шырын-шаратпай…

…Алла берген өнерді,

Мен жүйрігің едім өнерлі…

…Атақ алдым ақындық

Кіші жүзді аралап,

Тұяғым тайпақ жорғамын

Жолға салған тағалап,

Алуан түрлі асыл сөз

Аузымнан өнген балалап… – деп жырлағандай, Ұзақбай жыраудың жырларына береміз!

9 сынып оқушыларын қарсы алыңыздар! (Исщанова Мөлдір, Досаева Диана, Алламұратова Сағадат, Барақов Жолдасбай, Серікбаева Айдана, Мұрат Салтанат)

Жүргізуші:  Сөз өнерінің телегей-теңізі болған Сүгір жыраудың күш-қуаты мол, жалындағанын жастық шағында неше түрлі сазбен мақамға салғаны жөнінде өзінің жастай бірге өскен замандасы, тағдырлас інісі Қырымқұл Ұзақбай оған арнаған толғауында анық көрсетіп кеткен. Сүгірдің бүкіл елге әйгіленген жиын 1921 жылы өткізілген Әли Тауанның асы екен, кейіннен Қырымқұл Ұзақбай жырау Сүгірге арнаған арнауында:

Әлі Тауының асында,

Сен жиырма жеті жасында,

Бегендікұлы сен бе деп

Бір көруге мұң болып.

Екі мың атты астыңды

Сұлулар талай бүгілген… деп жыр арнапты.

Ендеше, келесі бейнероликті тамашалаңыздар! Құлап түріп, назар аударайық! (видеоролик көрсетіледі)

Жүргізуші: Біздің бабаларымыздың шариғат ұстанғаны, бұдан бөлек пайғамбарлар тарихынан мол мағлұмат білгені жыр-термелерінде, насихат сөздерінде көрініс тапқан. Мұның алдында Өмір Қараұлы, Қашаған секілді жүйріктермен жолыққан Ұзақбай жырау Қазжанұлы туралы қысқаша ақпар мен насихат термелерінің бірінен үзінді берген едім. Осы ретте сол кісінің тағы бір жыр жолдарымен бөліскім келіп отыр. Мұнда жырау Иса Пайғамбар, Қиямет және оның белгілері туралы айтады.

Әрине, шалдар білім нәрін Құран мен сүннеттен алғанына ешқандай дау жоқ. Сөйтіп, оның бәрін біздерге насихат ретінде қалдырып отырған:

«Нешелер заман өтіпті

Тарихтан байқап қараса-ай.

Әуелде де Мұхаммед,

Ақырда да Мұхаммед

Адамның артық данасы-ай.

Кезі екен діннің азайған

Көбейіп жұрттың қарасы-ай.

Хақ Расулым келгесін,

Пайғамбарлық енгесін

Табылды жолдың тазасы-ай,

Әбу-Жәһил бас болып

Кәпірлердің көп болды

Бұған да жанжал таласы-ай.

Расулы Нәбиге

Қырық жасына келгенде

Пайғамбарлық бекінді.

«Кәләм-Шариф» берілді

Ислам жолын үнде деп

Бұйрық еткен делінді.

Алланың бұйрық-әмірін

Қауымына хабарлап:

«Жасаған Алла бір, — деді,

Хақ пайғамбар мен, — деді

Құранның сөзі шын» — деді.

Әбубәкір әуелі

Пайғамбарға иланып

«Құранның сөзі шын — деді

Ла илаһа иллаллаһ

Мұхаммадун Расул Аллаһ»

Мұсылмандық дін, — деді.

Омар, Оспан, Ғалимен

Бұлар да көңіл бірледі,

Кәләмға келді тілдері

Ислам болды діндері.

Сосын-ақ жұртты кем-кемнен

Ислам жолға үндеді

Сахабалар көбейіп

Күннен күнге дүрледі.

Кәпірге теңдік бермеді». Ұзақбай жырау Қазжанұлы.

Ендігі кезекті, жыршы Ұзақбайға арналған бейнетаспаны тамашалайық! (слайд көрсетіледі)

Жүргізуші:  Маңғыстаулық Светқали Нұржанов бір сөзінде: «Әдебиеттегі сопылық бағытқа кетуіме, сопылық жолда жүруіме рухани ортаның болмауы себеп болған жоқ. Менің әу бастағы ортам сопылық ілімді игерген, сол мектептен шыққан шалдар еді. Бала кезімде Сүгір Бегендікұлы, Ұзақбай Қазжанұлы, Шамғұл Ыбырайымұлы сияқты қазақтың соңғы жырауларын көзіммен көрдім. Бұл жыраулар кешегі Мұрын жырау Сеңгірбекұлының, Сәттіғұл шайыр Жанғабылұлының алдын көрген шәкірттері еді. Олар «Жүрек» ілімін оқыған, Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанып, оның хикметтерін өміріне шырақ, темірқазық сынды бағдар еткен жандар болатын. Сол жыраулар маған рухани құбыланама, бағдаршам болды. Солардың шығармаларымен сусындап, сол ортада пісіп-жетілдім. Және олар ұстанған Ясауи, Шәкәрім аталарымыздың жолын ұстадым»- деген екен.

Олай болса, кезекті 11а сынып оқушысы  әрі өздігінше домбырамен жырға әуестеніп жүрген  Оңғаров Ералыға береміз. Қабыл алыңыздар!

Жүргізуші:  Ең көп таралған сюжет – Алланың барлық мақұлықты жаратуы, оларға жан беріп, өзінің тірі сипатының аясында көктеп-көгертуі. Адамның нәсілі, неден шыққандығы жайлы жыр жолдарының авторлары өз сөздерінің дәлелін Құраннан келтіріп, көңілде күмән, күдік қалдырмаған. Солардың бірі Ұзақбай Қазжанұлы (1897-1976) «Өткен пайғамбар, шайқылар» деп аталатын толғауында:

Бірнеше жылдай кідіріп,

Жаралған тәнге жан берді.

Жан ауызына келгенде,

«Алһамду-лилләһи, рәббиил

Ғаламин» деп мән берді.

Жүргізуші:

Ұзақбай жыраудың айтқан сөздерін жеткізушілердің немесе жыраудың өзінің де бұл жырды құбылтып айтуы мүмкін екендігін ескерсек, өзге жыраулардың шығармасы секілді толғаулардың да бірнеше нұсқасы болуы заңды.

Халық даналығы – өмірдің өрен бейнесі, терең ойдың қордасы. Уақыттың әр кезеңге лайық өз үдерісі, мүмкіндігі бар. Еліміз егемендік, тәуелсіздік алғанына міне 25 жыл. Ұмытылғанды еске түсіруге, өшкенді тұтатуға, барды жарқырата көрсетуге кең тыныс, мол мүмкіндік ашып отырған кез. Олай болса, жоғалтқанды түгендеп, бардың берекесін ел бойына дарытарлық ынта-ықыласпен оқу білім алу, еңбек ету әр қазақ азаматының парызы.

Арттағы ұрпағына сөзімен де, ісімен де, ақылымен де, парасатымен де, өнерімен де үлгі өнегесін қалдырған ата-бабаларымыздың аруағын ардақтап мұрасын, мақтан тұтайық!

Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін мың алғыс!!!

Сау-сәлематта болайық ағайын!!!

 

Жолмухамбетова  Венера  Жумашевна 

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы,

 №9 орта мектептің тарих пәнінің оқытушысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.