Home » Білім және тұлға » Ұжымын ұйымшылдықта ұстайтын басшы

Ұжымын ұйымшылдықта ұстайтын басшы

Небір данышпан да, қарапайым еңбек адамы да ұстаздың алдынан өтеді. Ал ұстаз болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес. Сондай жандардың бірі – қарапайым ұстаздықтан директорлыққа дейін көтеріліп, білім саласында аттай 34 жыл абыройлы еңбек етіп келе жатқан Алла Абдрахманованы облыс жұртшылығы тәжірибелі ұстаз, білікті басшы ретінде жақсы таниды.
Алла Сағындыққызы1958 жылы 16 қазанда Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында дүниеге келген. 1982 жылы сол кездегі  А.Пушкин атындағы Орал  педагогикалық институтын  «тарих пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде жоғары біліктілік санаттағы мұғалім. Ол тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігінің, білімі мен біліктілігінің арқасында 2011 жылы  Ақсай қаласындағы №1 мектепке директор болып тағайындалады. Алла Абдрахманова – еліміздегі білім саласын заманауи талаптарға сай басқару қажеттігін түсінетін тәжірибелі басшы. Ол әлемдегі технология мен педагогика саласында болып жатқан өзгерістерді ескеріп, өзінің тәжірибесі мен білімін қайта қарап, жаңартып отырады. Басшылық тізгінді алған екі-үш жылдың ішінде  мектепті үздік білім ошақтарының қатарына қосып, материалдық базасын жақсартып, мектеп ісінің ілгері дамуына, білім мен тәрбие беру үрдісінің нәтижелі болуына үлкен еңбек сіңірді. Білім ошағын біліктілігімен, іскерлігімен басқарып қана қоймай, білім сапасының артуына да зор үлесін қоса білді. Мектеп оқушылары пәндік олимпиадалар мен спорттық сайыстарда жүлделі орындарды бағындырса, жыл сайынғы ҰБТ-да жоғары көрсеткіштерге қол жетіп, олардың арасынан «Алтын белгі» иегерлері шықты.  Бұл, әрине, мектеп ұстаздары мен шәкірттерінің бойындағы қабілетті, іскерлікті, білімі мен біліктілігін дөп басып, өркениетті елдің болашақ ұрпағын даярлауға аянбай тер төккен іскер басшы екендігінің тағы бір дәлелі. Білім саласындағы жемісті еңбегі үшін білікті басшы 2012 жылы «Ыбырай Алтынсарин» медалін кеудесіне тағып, Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Ұжымдағы   әр мұғалімнің   педогогика  саласындағы   жетістіктерді  білуіне, жаңа  технологияны  тәжірибеге  енгізуіне де  еңбектеніп, нәтижесінде оқытушылар облыстық деңгейдегі байқаулардың жүлдегерлері атанды. Байқауға қатысатын оқушы немесе мұғалім болсын, бұл кісінің әдістемелік қоржынынан өзімізге қажетті идея мен әдіс-тәсілдерді алмайынша, дайындық жұмыстарын бастамайтынбыз. Кез келген пән бойынша ол барлық жағынан толыққанды көмек беріп, іс-тәжірибесімен емін-еркін алмасады.
Кейіпкеріміз ата-аналармен де  тығыз жұмыс жүргізе біледі. Отбасылық жағдайымен келген әрбір ата-анамен жеке сөйлесіп, барлық мәселенің түйінін тарқатуға атсалысады. Соның арқасында ата-аналар мен оқушылардың мың мәрте алғысын арқалады. Алла Сағындыққызы қоғамдық  жұмыстарға белсене  араласады. Өзінің бойына дарыған жауапкершілік, адамдармен тез тіл табыса алу қасиеттері, ұйымдастырушылық тәжірибесі әріптестер арасында, облыстық, қалалық педагогикалық қауымның ортасында беделді болуына ықпал етті.
Іскер әрі қабілетті басшы бұл қызметке келген кезде бір-ақ жыл еңбек өтілі бар, ұстаздық ұлы жолдың қыр-сырын жете түсіне  алмай, таңғалыспен жүрген мендей жас маманға өмірлік сабақ болар ақыл-кеңесін аямай берді. Жас маман ретінде білікті басшының маған көп көмегі тиді. Ашық сабақ өткізерде немесе байқауларға қатысарда басшының тарапынан қолдау көру – маман үшін үлкен көмек.
Осындай тәжірибелі мамандық иесімен алты жыл бірге жұмыс жасап,  кәсіби өсу жолыма көп азық алдым. Қазіргі таңда еңбек жолымды басқа ортада жалғастырып жүрсем де, оның айтқан ақылы мен берген тәлімі санамда сақтаулы.

Ақгүл НАХМЕТОВА,
Ж.Досмұхамедов атындағы
педагогикалық колледжінің оқытушысы, әдіскер

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.