Home » Білім және тұлға » ҰБТ: ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР

ҰБТ: ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР

Өскелең елдің айбынды болашағы үшін ең әуелі сапалы білім қажет. Ол үшін еліміздің білім саясатындағы ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, ілім-білімнің басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске енгізу – инновациялық дамудың негізгі көзі. Білім мен ақпарат дамыған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі бөлігі болып табылады. Сондықтан да біздің билік білім беру саласына мән беріп, білім берудің жаңа реформасын енгізді. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Айқын мақсатты жүзеге асыру үшін ҰБТ-ның қолданыстағы форматы жетілдірілді. Осы бағытта 2016-2017 оқу  жылында  Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңде өткізіледі. ҰБТ рәсімін мектепте қорытынды аттестаттауға және жоғары оқу орнында түсу емтихандарына бөлу, одан әрі оқуға деген қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, ағылшын тілін меңгергендігін, сондай-ақ базалық құзыреттілігін (функционалдық сауаттылық) айқындауға бағытталған тесттерді пайдалануды кеңейту екені нақтыланды. Бүгінде орта білім беретін мекемелердің барлығы ҰБТ-ның жаңа форматына сай  жұмыстарын бастады. Осы тұста Қызылорда облысындағы іргелі білім ордасы – №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының дайындығына тоқталсақ.

№4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты ұжымы мектеп бітіруші түлектерге  жаңа форматтағы ҰБТ-ға енгізілген өзгерістер бойынша оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бағдарламаның мақсат, міндеттерін негізге алып, әр пән бойынша арнайы жүйелі жоспарлар жасауда. Түлектердің қорытынды аттестаттау емтиханына 5 пәннен, оның ішінде 4 міндетті және оқыту бейіні ескеріле отырып, 1 таңдау пәні бойынша дайындықтар жүргізуде. Ал ҰБТ жоғары оқу орнына түсу емтиханында математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, таңдаған  мамандық  бойынша 2 пәннен бір жауапты, бірнеше жауапты сұрақтарға дайындықтар ұйымдастырылып, нәтижеге бағытталған  түрлі форматтағы сабақтар, қосымша сағаттар бойынша жаңашыл сабақтар сериялары  өткізілуде.

Мектеп жаратылыстану-математикалық бағытқа бейінделгендіктен жаңа форматтағы ҰБТ-ға математика пәні бойынша мектептегі қорытынды аттестаттау жазбаша емтиханында бақылау жұмысын жазатын болса, ал жоғарғы оқу орындарына түсу үшін ҰБТ өткізудің жаңа форматтары бойынша математикалық сауаттылықтан тест тапсырады. Сонымен қатар,  бейінді пәндер таңдағандар (физика мен георафия) математикадан тест тапсырады. Осы кезеңде жүргізіп жатқан жұмыстарын үш бағытта жасауда.

І. мектептегі жазбаша емтиханға дайындық;

ІІ. математикалық сауаттылыққа дайындық;

ІІІ. бейінді пән таңдағандар үшін тестке дайындық, жұмыстар арнайы құрылған кесте арқылы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізіледі.

Жазбаша емтиханға дайындық, оқушылардың бақылау жұмысының жазылу талаптарын жан-жақты меңгеруінен басталады. Жазба жұмыстарына 5 тапсырмаға  5  сағат беріледі. Дайындық үшін есептер мен жаттығулар тақырыптар бойынша жүйеленген және математика курсының негізгі тараулары бойынша оқушылар даярлығын тексеруге мүмкіндік туады. Математиканың даярлығына қойылатын талаптарға сай, әр тараудағы тапсырмалар үш деңгеймен беріледі: «А» – міндетті деңгей болып есептеледі, «В» – жылжытылған деңгей, бұл деңгейдегі тапсырмалар сәл күрделеніп келеді, «С» – жоғары деңгей, бұл деңгейдегі тапсырмалар едәуір күрделі. Есептер мен жаттығулар екі нұсқада беріліп, дайындық жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, белсенді, өмірге талпынысы, қызығушылығы бар адамды мектеп табалдырығынан дайындап шығарудың ең бір тиімді тәсілі ол – оқытудағы математикалық сауаттылық. Математикалық сауаттылықтың тиімділігі оқушының математиканың әлемдегі рөлін анықтау және түсінуге, әртүрлі формада берілген сандық ақпараттарды оқу, талдау, түсіндіріп беруге, дұрыс негізделген математикалық пайымдаулар айтуға, есептерді шығарудың тиімді тәсілдерін табу, орындау, өзін-өзі тексеру, математикалық білімді өмірлік жағдаяттарда кездесетін түрлі мәселелерді шешуде еркін қолдануға бағыттау. Математикалық сауаттылықтан берілетін тапсырмалар саны – 20.   Ұсынылған бес тапсырманың бір дұрыс жауабын таңдайды. Мұнда функционалдық сауаттылық, логика, сандық салыстырулар бойынша тапсырмалар болады. Осыған орай, математикалық сауаттылыққа дайындыққа қойылатын талаптар:

— қажеттілігіне қарай анықтамалық материалдарды және қарапайым есептеуіш құралдарды пайдаланып, формулалар бойынша тәжірибелік есептер жүргізу;

— геометриялық, физикалық, экономикалық және т.б. мазмұнды қоданбалы есептерді шешу;

— ең қарапайым математикалық модельдерді құрастыру және зерттеу;

— нақты байланыстарды функцияның көмегімен суреттеу және зерттеу, оларды график түрінде беру; нақты үдерістердің графиктерін түсіндіру;

— оқып игерткен формулалар мен фигуралардың қасиеттері негізінде қарапайым тәжірибелік жағдайларды зерттеу (модельдеу);

— шынайы объектілердің ұзындықтарын, аудандарын және көлемдерін есептеу. Оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыруда PISA есептерін қолдану тиімділігін іс-тәжірибелеріне енгізуде.

ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша түлектердің қорытынды аттестациясының өткізілуі және ЖОО-ға түсу принциптері туралы жаңа форматты  пән мұғалімдері іс-тәжірибеде зерттеп, оқушылар үшін қажеттілігі мен тиімділігін төмендегідей көрсетті.

Жазбаша емтиханда біріншіден, оқушы дайын жауапты таңдамайды, яғни дұрыс жауапты өзі іздеп табуы керек. Екіншіден, оқушының математикалық сауаттылығын толық көрсетуге мүмкіндік береді (математикалық символдар, кванторлар, есептің шығарылу процессін қалай жазу керектігі). Үшіншіден, оқушының есеп шығару талаптарын толық меңгергендігін көрсетуге мүмкіндік алады (есептің шартында не берілген, нені табу керек немесе дәлелдеу керек, есеп шығару процессі, алынған жауаптың дұрыс, бұрыстығын тексеру).

Ал математикалық сауаттылықтың тиімділігін тізсек:

  1. Оқушы берілген есепті шығару үшін оның математикалық моделін құрастыра білуі керек;
  2. Берілген есептердің өмірмен байланысты болуы;
  3. Әртүрлі формада берілген сандық ақпараттарды оқу;
  4. Нақты байланыстарды функцияның көмегімен суреттей және зерттей алуы;
  5. Шынайы объектілердің ұзындықтарын, аудандарын және көлемдерін есептеуді күнделікті өмірлерде қолдана білуі.
  6. Өзін-өзі тексеру мүмкіндіктері артады.

Жаңа форматтағы ҰБТ-ға қазақ тілі пәні бойынша мектепте қорытынды аттестаттау емтиханында эссе жұмысын жазатын болса, ал жоғарғы оқу орындарына түсу үшін ҰБТ кезінде талапкер кешенді тестілеу өткізудің жаңа форматтары бойынша оқу сауаттылығынан тест жұмысын жүргізеді. Осы бағытта ұстаздар  эссе жазу барысында қатаң сақталынуы тиіс талаптар мен эссенің жазылу жоспары ( Кіріспе – эссенің 30% көлемі, негізгі бөлім – эссенің 60% көлемі, қорытынды – эссенің 10% көлемі), бағалау критерийлері, эссе жазуда ұстанатын 9 нақты қадамдарды анықтап, оқушыға түсіндіріп, жадынама ретінде таратуда. Оқушыларды эссе жазуға дағдыландыру – апталық мектепішілік сынақпен тексеріледі. Әрине, жаңа мазмұндағы жұмысты үйлестіруде кедергілер мен қиыншылықтар да кездесуде. Атап айтсақ, оқу сауаттылығына байланысты тапсырмалар қорының жоқтығы, 2016-2017 оқу жылына арналған әдістемелік көмекші құралдардың басылымдар арқылы жарияланбауы. Осы негізде  оқушыларға арнайы мәтіндер беріліп,  берілген 4-5 мәтін бойынша тест тапсырмаларын құрастырып, оқу сауаттылығына пән мұғалімдері материалдар жинақтауда.

Ал Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихынан негізгі басымдылықтарды басшылыққа ала отырып, пән мұғалімдері оқушыларға төмендегідей міндеттерді жүктейді:

∙ Үйге берілген тапсырманы оқулық бойынша оқуды;

∙ Оқыған материалды тарихи тілмен мүдірмей айтып беруді;

∙ Тарих сабағына арналған (жылдар, жаңа сөз, зиялы қауым пікірлері) дәптерлерінің  болуы және толық  толтырылуы;

∙ Тақырыпқа байланысты кесте жасауды, венн диаграммасын сызуды, даталарды жатқа айтуды, тірек схемасын сыза білуді;

∙ Тарихи құбылыстар мен процестердің өздеріне ғана тән, неғұрлым елеулі белгілерін айқындау, оларды көрсетілген белгілер бойынша жіктеу;

∙ Жеке тарихи қайраткерлер қызметінің уәждерін, мақсаттарын және нәтижелерін түсіндіру, дағдыларын иелену.

Осы орайда негізгі орта және жалпы орта білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орындарындағы бітіруші 11-сыныптардағы оқушылардың таңдау пәні дүниежүзі тарихы бойынша тест тапсырмаларын  орындауға машықтандырып, дайындық деңгейін анықтау қажет. Дайындық барысында 11-сынып оқушыларына арналған тест құрылымы мынадай жүйеде жасалады:

  • Дүниежүзі тарихы пәнінен – 40 тест тапсырмасы;
  • Тест бір дұрыс жауапты (берілген бес жауап нұсқасынан бір дұрыс жауапты таңдау, 25 сұрақтың 1 сұрағы мәтінді сұрақ) 25 тапсырмадан;
  • Бір немесе бірнеше дұрыс жауапты (берілген сегіз жауап нұсқасынан бір немесе 2-3 дұрыс жауапты таңдау) 11 тапсырмадан;
  • Сәйкестендіру тест 2 тапсырмадан;
  • Толықтыру тест 2 тапсырмадан тұрады;
  • Таңдаған жауапты жауап парағында берілген пәнге сәйкес орынға, дөңгелекшені толық бояу арқылы белгілеу қажет;
  • Тестінің бір тапсырмасын орындап шығуға берілген уақыт – 1,5 минут;
  • Тест тапсырмасын толығымен орындау – 60 минут.

Ал жоғарғы оқу орнына түсудегі таңдау пәніне (дүниежүзі тарихы)  дайындалудың тиімділігін атасақ, негізгі орта және жалпы орта білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орындарындағы бітіруші 11-сыныптардағы оқушылардың таңдау пәні дүние жүзі тарихы бойынша мәтінмен  жұмыс, жаңа сөздермен жұмыс тест тапсырмаларын  орындауға машықтандыру нәтижесінде: дайындық деңгейі жақсарып, мақсаттарына жетуге мүмкіндіктер туады.

Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында тиімділігі – бар сұрақтарды талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді. Сонымен қатар, бірнеше жауап варианттары бар тесттер жауаптарды тек жатталып, немесе болжау арқылы беруге тосқауыл болады. Түлектердің білім деңгейін нақтырақ анықтауға жол ашады. Жаңа форматтағы тест жүйесі ойлау қабілеті дамыған, білімді түлектерге өз білімдерін толық көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушының өзіндік ізденісін, білімді жүйелі түрде игеріп, логикалық ойлау, зеректік  қабілеттерін дамытатыны көрінеді.

Қорыта келе, ақын М.Дулатовтың  «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» деген сөздері қазіргі таңда да  өміршең. ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стандартқа сай  жаңа білім беру  –  жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол!

 

Балзия Абдуллаева,

№4 облыстық дарынды балаларға арналған

мектеп-интернат директоры,

Қызылорда қаласы

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.