Бұл жерде ескеретін мәселе баршылық. Дүниежүзілік қауымдастықта Қазақстан өзінің лайықты орнын алу жолында басқа мемлекеттермен экономикалық және мәдени тығыз қарым-қатынасқа түсу барысында соған сәйкестелген тілдік саясатында да оңтайлы даму қажеттігі туындайды.
Бүгінде Білім және ғылым министрлігі үш тілде оқытудың бағдарламасын жасап, оны кезең-кезеңмен жүзеге асырудың жобасын дайындағаны баршаға белгілі. Үш тілде оқыту енді сөз жүзінде қалмай, оны мектепте оқудың пәндік негіздері алдағы үш жылда толық жүзеге асатын болады. Мұның тиімділігін министр Ерлан Сағадиев бұған дейін бірнеше рет мінберлерден айтып үлгерді. Бұдан кейін алдағы үш жылда жоғары сыныптың оқушылары кейбір сабақтарды тұтас ағылшын тілінде өтпек.
Елімізде тілдің үш тұғырлы саясаты мәселесі сөз болғанда оның тиімділігіне баса назар аударылады. Бірінші кезекте бұл халықтың өзара түсінісуі мен ынтымақтастық жағдайында өмір сүруі үшін аса қажет өркениеттің негізгі талабы болмақ. Қазір орта мектептерде үш тілді оқытудың негізін қалыптастыру, әр түрлі оқыту технологияларын қолдану арқылы оқушының бойына тілге деген қызығушылығын, оны үйренуге деген құштарлығын арттыруды жолға қою үшін кешенді бағдарламалар әзірленуде.
Мұның барлығы оқушының болашақта заман талабына сай өмірге икемделуіне бағыттау мен оның шетелдің тілін, мәдениетін танып білуіне ықпал ету, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ойлау дағдыларын қалыптастырудан туындап отыр. Атап өтерлігі, орта мектептерде үш тілді оқытудың тиімділігі және оқыту тек тілдік білім жүйесін оқытумен шектелмейтін болды. Ең бастысы ағылшын тіліндегі сөз әрекетін қарым-қатынас құралы ретінде меңгертіп, нәтижесінде көптілдік және көптүрлі мәдениетті түсінетін тұлғаны қалыптастырады деп күтілуде.
Бүгінде елімізде басқа мемлекеттермен салыстырғанда қарым-қатынасты арттыра отырып, үш тілді еркін меңгерген, өз білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын ұрпақ тәрбиелеу қажет. Қазақстанның білім беру жүйесінде үш тілді оқыту технологиясының әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып білімді, ізденімпаз, шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілмекші. Өскелең ұрпақтың есте сақтау қабілетін жетілдіре отырып еркін сөйлеуге, өз ойын айту дәрежесіне жеткізе алатындай қалыптасуы үшін үш тілде яғни, ағылшын, орыс, қазақ тілінде оқытуда жаңа технологияларын қолданылады.
Әлемнің оқу үрдісінің негізгі тетігі жаңа технологиялар екені мәлім. Әрбір оқыту жүйесінде өзіндік жаңа әдіс-тәсілдермен ерекшеленіп отырғаны әмбеге аян.
Үш тілде оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін мұғалім ізденісі арқылы оқушының қабілетін, қабылдау деңгейіне қарай ерекшеленіп қолданылады. Мәселен, бастауыш сынып оқушыларының дамуына, қабілетінің артуына жаңа технологиялар білім беру жүйесінің дамуындағы елеулі бағыт беріліп отыр. Бұл жерде әрбір әдіс-тәсілдің ұстаздар үшін маңызы аса зор. Бірінші кезекте ағылшын тілінде оқыту арқылы оқушылардың қызығушылығын ояту басты талап етіп қойылады. Себебі, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мен ынталандыра білгенде ғана нәтиже болады.
XXI ғасыр дамудың жаңа кезеңінің бастауы болып табылады. Білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамуы еліміз үшін маңызды қадамның бірі. Сондықтан, орта мектепте үш тілді оқытудың тиімділігі оқушылардың пәнге деген қызығушылығымен бірге сабаққа түгел атсалысатындығы, бәсекеге қабілеттілігі болып отыр.
Жалпы алғанда тіл саясаты, оның ішінде үш тілде білім беруде жаңа қадамдарға барудың тиімділігі көп. Бұл арқылы өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына және әлемдік мәдениет пен көзқарасының қалыптасуына тигізер септігі баршылық. Білім және ғылым министрлігі бұған дейін эксперимент ретінде бірнеше мектепте осындай жүйені қолданып келгені белгілі. Оның нәтижесі әзірше жаман емес. Енді алдағы бес жыл ішінде Қазақстан мектептері үш тілде білім берудің толық жүйесіне көшіп, одан тиімді нәтиже шығарарына көпшілік күмән келтірмейді.
Камелхан Гульжазира
«№1 қосымша білім беретін мектеп орталығы» КММ
Қарағанды облысы, Абай қаласы