Home » Мақалалар » ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛДЕРДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАЛАМАЛАРЫ

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛДЕРДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАЛАМАЛАРЫ

Тіл — ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық құбылыс. Кез — келген халықтың ойлау ерекшелігі оның ұлттық тілінде көрініс табады, халық даналығы, дүниетаным көзқарасы тілінде түйінделеді. Әлемдегі тіршіліктің бар саласын қамтитын әр ұлттың өзіне ғана тән көркем сөз орамдарын — фразеологизмдерді молынан табуға болады.

Қазақстанның жедел дамып отырған адамзат қоғамының көшінен қалмай, қазіргі заманға лайық биіктен көрінуі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында атап көрсетілгеніндей, ұлттық білім беру жүйесінің деңгейіне байланысты. Елбасымыздың биылғы жылғы Жолдауында “Тілдердің үш тұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуді атап өтті. Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдаған “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына ” сәйкес еліміздің жас ұрпағы алдына мемлекеттік тіл — қазақ тілін, орыс тілін және ағылшын тілдерін білу міндеті қойылып отыр. Бүкіл дүние жүзінде интеграциялық процестер бел алып келе жатқан қазіргі кезде ендігі жаңа буын, жас ұрпақтың мемлекеттік тілді, сонымен бірге шетел тілдері мен орыс тілдерін жақсы білуі— уақыт талабы.

Білім мен тәрбие тұғыры тіл болғандықтан, тілдерді оқыту жайы қашан да басты назардан қалмай келеді.

Халқымыздың тарихының жарқын беттерімен қатар жабырқаңқы сәттері де аз болған жоқ.Солардың біріне оның тіліне байланысты жағдайлары жатады. Тіліміздің болмыс — бітіміне кінәрат жабысқанына да біраз уақыт өтті.

“Батпаңдап кіріп, мысқылдап шығатын індеттей” ол созылып келеді. “Ол неден? ”— деген сауалға берілетін жауап та көп. Пайымдай келе айтарымыз:

— тіл тынысының тарылуы сонау отаршылдық заманнан басталған;

— тоталитарлық режимнің егемендікке дейінгі біржақты қитұрқы саясаты- мен жалғасқаны да;

— тіліміздің бүгіні мен болашағы үшін күрес тоқтаусыз жүріп келе жатыр, нәтижелері ойдағыдай емес.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жалпы бағдарлауы бойынша бүгінгі жаһандану үдерісіне, нарықтық заманға байланысты Қазақстанда үш тілдің — қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің қатар дамуы көзделеді.

Қазіргі уақытта тіл білімінің жүйесінде, нақтырақ айтсақ ағылшын тілін үйренудің мазмұны мен мағынасында қомақты өзгерістер орын алуда. Ағылшын тілінің маңызының өсуі оны халықаралық деңгейде меңгерудің мәжбүрлігін туғызып отыр. Ағылшын тілін үйренуге деген көзқарастың өзгеруі жаһандану процесімен және еліміздің басқа елдермен экономикалық тұрғыдан болсын, мәдени тұрғыдан болсын қарым-қатынасының кеңейуіне де байланысты болып тұр.

Халықтың талай ғасыр сомдап шығарған тұрақты тіркестері — фразеологизмдер — тіл қазынасының бір бөлшегі. Тіл — халықтың рухани болмысымен біте қайнап, ұлттың тағдырына қызмет етіп, өмірімен өзектес жүріп отырады. Әр кезең, әр дәуір өзіне қажетті жаңалықтар туғызады. Бүгінде егеменді қазақ халқының бүкіл әлем халқымен терезесі тең. Қазіргі таңда дүние жүзі халықтарының қақпалары айқара ашылып, бір-бірінің тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін құрметтеп салыстыра зерттеу үрдісі белең алып келеді.

Тіларалық фразеологиялық сәйкестіктер және етістікті фразеологизмдер, тіларалық фразеологиялык, сәйкестіктердің типологиялық тұрғысынан зерттеуіне шолу жасау арқылы ағылшын, қазақ және түрік тілдеріндегі фразеологизмдердің қалыптасуы мен сипатын және лексика-семантикалық ерекшеліктерін анықтап, мағыналарына байланысты тақырыптық топтарға топтастыру, яғни олардың лексика-семантикалық сипатын айқындау — бүгінгі күн талабы болып отыр.

Тіларалық фразеологиялық сәйкестіктер — тілдердегі фразеологиялық бірліктердің мағынанасының, мазмұнының толық немесе жартылай сәйкес келуі. Тіларалық фразеологиялық сәйкестіктер фактілерін типологиялық тұрғысынан зерттеу – тіларалық фразеологиялық сәйкестіктердің ерекшеліктерін, басқаларға ұқсастық және өзгешелік жақтарын айқындайды.

Тіларалық фразеологиялық сәйкестіктерді типологиялық тұрғысынан зерттеу барысында жеке тіл фразеологизмдерін зерттегенде байқала бермейтін құбылыстардың ұқсастықтарын, ерекшеліктерін, өзара айырмашылықтарын көреміз.

Ағылшын, қазақ және түрік тілдеріндегі етістікті фразеологизмдердің қалыптасуы үш халықтың ұлттық-мәдени ерекшеліктері, тұрмыс-салт, діни наным-сенімдерге байланысты пайда болып, әр халықтың рухани байлығына айналған және рухани өмірін суреттейді.

Зерттеуші ғалымдардың фразеологизмдерді тақырыптық топтауда қолданған теориялық пікірлерін, яғни фразеологиялық бірліктердің мағыналарын ескере отырып жүйелеу принципін басшылыққа алдық.

Үш тілдегі етістікті фразеологизмдердің үш тілде қатар кездесіп бір мағына беретіндігін, сонымен қатар қарастырып отырған үш тілдегі етістікті фразеологизмдердің тек қана ағылшын, қазақ тілінде не түрік тілінде қолданылатындығын анықтадық.

Зерттеудің бағдар болашағы. Етістікті фразеологизмдердің лексика-семантикалық сипаты өте бай, сондықтан да біз қарастырып отырған тақырыптық топтар әлі де болса әр қырынан зерттеле бермек.

Ел мәдениеті тілден басталады, қазіргі өскелең ұрпақ “үш тұғырлы тіл” мәдени бағдарламасын уақыт талабы, болашақ ұрпаққа қажет деп түсінеміз, оған үлес қосуымыз, жүзеге асыруымыз жауапкершілікті ұғу деген ой.

“Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты-еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. “Жаңа он жылдық-жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” — атты Қазақстан халқына Жолдауында (Егемен Қазақстан, 2010 жыл, 30 қаңтар) – Он жылдықта ойдағымыз орындалады — ел халқына Жолдауы осылай боларына сендіреді.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. — Алматы: Санат, 1996. — 127 б.
  2. Spears R.A. Phrases and Idioms. A practical Guide to American English Expressions.-NTC Publishing Group,1998-305б.
  3. Apperson G.L. The Wordsworth Dictionary of proverbs. 1993. — 125 p
  4. Кунин А.В. Фразеология современного английского языка.-М.: Высшая школа, 1996.-280 б.

 

Нұрмаханова Гүлзада Мырзахметқызы,
Қызылорда қаласы.
Қызылорда облысының білім басқармасының
Еркін Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған
№ 4 облыстық мектеп – интернаты» коммуналдық мемлекеттік
мекемесі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.