Home » Мақалалар » Үш тұғырлы тіл

Үш тұғырлы тіл

«Тіл – халықтың тарихы, шежіресі, халықтың күллі өмірінің жаңғырығы мен ізі, онан сол тілді жасаушы халықтың арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні естіліп тұрады. Тіл – адам қатынасының аса маңызды құралы. Тіл – адам баласы қоғамының өмір сүруінің жəне дамуының қажетті шарты. Ол əрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады», — деп К.Аханов айтқандай, тіл – біздің өміріміз бен қоғамымыздың ажырамас бөлігі. Қазіргі Қазақстанда тіл мəселесіне көп мəн беріледі. Əсіресе, үш тұғырлы тіл туралы айта кеткен жөн. Елбасымыз «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны алғаш рет 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XII құрылтайында жария етіп, 2007 жылғы жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мəдени жобаны кезең- кезеңмен іске асыруды ұсынды. Бұл жоба бойынша Қазақстан халқы үш тілде сөйлейтін жоғары білімді ел ретінде бүкіл əлемге танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі жəне ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі. Біздің халқымыз үшін қазақ тілінің маңыздылығын жəне оның еліміздегі орын алуы туралы қазақ халқының зиялы азаматтарының ерте заманнан бастап айтқандары белгілі

Енді келесі кезекте біздің республикамызда мемлекеттік тілмен бірдей дəрежеде қолданылатын орыс тіліне тоқталамыз. Ұзақ уақыт бойы Қазақстан Ресей империясының, кейіннен КСРО-ның құрамында болды. Сол уақытта орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып бекітілді. Қазақстандағы орыс тілділіктің ерекшелігі осы тілде сөйлейтін адамдардың көпшілігі этникалық орыстар еместігінде болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының 2-бабында мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен бірдей дəрежеде орыс тілі қолданылатындығы жазылған. Орыс тілі жаңа Қазақстан жерінде ХХ ғасырдың басында кеңес билігі орнауымен, түрлі этникалық топтардың көшірілуімен, орыстандыру саясатының орнатылуының нəтижесінде кең таралды жəне ұлтаралық қатынас тіліне айналды. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Бұл жайлы қазақтың біртуар ақыны ұлы Абай да айтып өткен болатын. Ақын «Орысша оқу керек, хикметте, мал да, өнер де, ғылым да – бəрі орыста зор», «сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады» дейді. Дəл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тəтті ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Осыған байланысты Елбасымыз тіл саясаты бірде-бір тілге қысым көрсетілмей жүргізілу қажеттігін айтып өтті. Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі, орыс тілінің ресми мəртебесі жəне барлық этностар мен олардың мəдениеттерінің тең жағдайда дамуы туралы мəселе шешілген. Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді бұрынғыдан бетер теңдестіріп, бірлікті нығайта түседі. Ширек ғасырдан бері біз тіл саясатында айқын бағытпен келеміз – мемлекеттік тілді біртіндеп дамытудамыз жəне бүкіл этностар тілдерінің дамуы үшін жағдайлар жасаудамыз. Бүгінде Қазақстан тұрғындарының көпшілігі кем дегенде екі тілде сөйлейтін елдердің бірі. Мемлекеттік тілдің жоспарлы дамуы орыс тілінің дəрежесіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы үшін ең негізгі сыртқы саясаты – көршілермен тату болуымыз керек

Орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас пен интеграциялық қызметтердің діңгегі. Ақпараттық кеңістігімізде орыс тілі əлі де маңызды рөл атқаратынына ешкім де дау айта алмас. Сондай-ақ, əлемдік алты ресми тілдің қатарына кіретін орыс тілін меңгеруге бəсекеге қабілетті ұлттың кез-келген өкілі ұмтылуы тиіс деген отандық ғалым Н.Кекілбекованың пікірімен келісуге болады. Осы орайда бүкіл білім ошақтарында орыс тіліне, ағылшын тіліне жүктемелер көптеп беріліп тіл үйренуге зор мүмкіндік жасалып отыр. Әрине тілді үйретуде қандай оқу тәсілдерін жүргіземіз? Оқытудың бірнеше тәсілдерін пайдаланып тілді оңай меңгертуімізге болады. Педагогика-психология негіздерінің негізін қалаушы Ж.Аймауытұлының баланы оқытып тәрбиелеуде, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы мұғалімнің еңбегінің өлшеусіз екенін мына айтылған пікірлерінен байқаймыз: « Мұғалімнің кіндік қазығы шәкірттің жаратылысына біткен икемдері танып біліп, сол арқанның бойымен шәкіртінің білімін шырғаға тартып, молайта беру. Оқытушының сөйлегеніне де баланың ынтасы көбірек аударады.Жақсы оқытушы болу үшін ілтипатты, тұрақты, кең, мінезі ауыр, сөзі жатық, ойына берік, ұстамды болуы керек. Ұлы әдіскер педагог А.Байтұрсынұлы: «Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек.»- деген пікірінде де оқытушының білімді, білікті болуымен қатар, баланың психологиясын жақсы білуі керектігін айтқан. Бүгінгі білім жүйесінде аталған мәселені шешуде педагогтар мен әдіскерлер оқыту үдерісіне оқытудың белсенді түрлерін қолдану қажеттігіне назар аударуда. Осы орайда, қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуда қолданылатын, оқушылардың тілді үйренуге деген қызығушылығын туғызып, белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін әдістердің бірі — интерактивті әдістер. Бүгінгі заман талабы білімді, парасатты, адамдармен тіл табыса білетін, жауапкершілігі мол тұлға қалыптастыру. Мұғалімнің ақыл- ойы, жүріс- тұрысы, іс -қимылы, сөйлеген сөзі, шеберлігі оқушының білімге ынтасы, қызығушылығы, қабілеті және басқа да психологиялық ерекшеліктері маңызды орын алады. Сондықтан тілді оқыту әдістемесінде де студенттердің психологиялық сипаттары ескерілуі қажет. Білім алушының тілді үйренуге деген ынта — жігері, қызығушылықтары, тілді оқу мақсаттары мен міндеттерін анықтай алуы, оны орындаудың тиімді тәсілдері мен амалдарын белгілеуі, өз жұмысының барысын өзі бақылап отыруы және оның нәтижесін бағалап, тиісті қорытындылар жасай білуі қалыптасуы тиіс. Тек осылай саналы түрде ұйымдасқан іс әрекет, еңбек негізінде ғана білім алушы тіл үйрену әрекеті мақсатты түрде дамиды. Білім алушының бойындағы осындай ерекшеліктерді дәл көре білу және дамыту оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда қозғаушы күш болып табылады. Интерактивті оқытуды тіл үйренудің психологиялық моделімен салыстыруға болады. Адам басқалармен қарым қатынас жасай отырып ойлануға үйренеді. Білім алушы тіл үйрену кезінде үш кезеңнен өтеді.

  1. Обьектіні басқару. Мұнда студент айтатын сөзін қалай дұрыс құрастыруды ойлайды.
  2. Басқаларды басқару. Жұптағы серіктесінің бірінің сөзін екіншісі түзетіп, дұрыс айтылуын қадағалайды.
  3. Өзін өзі басқару. Студент өзінің ойындағы сөзін емін еркін жеткізуге тырысады. Студенттің өзін өзі басқаруының осы үш түрі қатысымдағы негізгі үш элементті біріктіреді.Олар: Мұұғалім, білім алушы, тіл. Қазіргі әдістеметанудағы педагог психологтардың қолданып жүрген интерактивті оқыту тәсілдерінің бірі ынтымақтастықта оқыту әдісі.
  4. Міне, осы үш түрлі тәсілді пайдалана отырып сабақтың құрылым дұрыс жасауға болады және де оң нәтижеге қол жеткізуіміз әбден мүмкін. Болашағынан зор үміт күткізер саналы ұрпақ тәрбиелеуде тіл үйрену, меңгеру, іздену үлкен нәтижелі іс деп білеміз. Қазіргі нарықтық заманда кез келген қиыншылыққа төтеп беріп, қарсыласын тек білектің күшімен емес, білімнің күшімен жеңетін ұрпақ тәрбиелеу біздің міндетіміз!

    Байғабылова Күнзада,
    Қызылорда облысы,
    Жаңақорған аграрлы техникалық колледжінің
    орыс тілі пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.