Home » Мақалалар » Үш тілде оқыту заман талабы

Үш тілде оқыту заман талабы

Еліміз өркениетті елдер қатарына қосыламыз деп қарыштап қадам басып жатқан тұста, білім жүйесіне де тың өзгерістер енуде. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпы адамзаттық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау» делінген. Осы бағытта жұмыс жасау үшін білім сапасын арттыру ісіне ерекше мән беру қажеттілігі артады. Сапалы білім беру педагогтардың шеберлігі мен іскерлігіне байланысты. Ал педагогикалық шеберлік пен іскерлікті дамытуда жаңа технологияны қолданудың маңыздылығы зор.

Техникалық және кәсіптік білім саласының педагог маманы бола тұра, теориялық және зертханалық сабақтарды жүргізудің әр түрлі әдіс-тәсілдерін тәжірибеде, өндірісте ұштастыру арқылы сапалы маман даярлауда толыққанды қалыптасу үшін бүгінгі таңда жан-жақты, коммуникабельді, көптілді меңгерген, ізденімпаз оқытушы болу шарт.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2015 жылғы 5 қарашадағы №622 бұйрығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 9 қарашадағы №344 бұйрығы және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 13 қарашадағы №1066 бірлескен бұйрықтарымен бекітілген, «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы», Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру (бұдан әрі – ТжКБ) ұйымдарында үш тілде білім беруді кең ауқымды енгізу үрдістерін белгілейді және білім берудің барлық деңгейлерінде үш тілде оқыту үдерісіне қол жеткізу үшін қажетті белгілі шараларды көздейді.

Жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар білім алушының мемлекеттік және ресми тілді – қазақ, ұлтаралық тілдесу тілі ретінде орыс тілін және әлемдік қоғамдастыққа табысты интеграциялануының құралы ретінде ағылшын тілін игеруге ықпал етеді. Осы мақсатта ҚР бойынша техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің педагог мамандарына 2017 жылы қараша-желтоқсан айларында шетелдік тағылымдамамен Ұлыбритания, Финляндия, Малайзия, Чехия елдерінде тәжірибе алмасуы жоспарланды. Қызылорда облысы бойынша барлығы 14 оқытушы, оның ішінде Ұлыбританияға 5 оқытушы жіберілді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 7 қарашадағы №13-6/313 хатына сәйкес 2017 жылдың 21 қарашасы мен 20 желтоқсан аралығында Ұлыбритания мемлекеті, Глазго қаласы «Глазго Каледониан Университетінде» тәжірибе алмасу мақсатында 1 айлық тағылымдамадан өттім. Тағылымдама тақырыбы – «Academic English and Teacher Training». Тағылымдаманың мақсаты: ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыру, шет тілін білу деңгейін анықтаудың бірыңғай еуропалық критерийлеріне сәйкес ағылшын тілін жетілдіру (Common European Frame work of Reference).

Тағылымдама шеңберінде мынадай негізгі тақырыптық мәселелер қаралды:

  1. Speaking and Listening (Сөйлеу және тыңдау)
  2. Language Skills (Тілдік дағдылар)
  3. Educational Trainer Talk (Талқылау)
  4. Workshop / Independent Study (Семинар / Тәуелсіз зерттеулер)
  5. Academic Study Skills (Академиялық дайындық дағдылары)
  6. Testing and Assessment (Тестілеу және бағалау)
  7. Tutorials (Оқу құралы/ Кеңес беру)

Тағылымдама барысында дәрістерді INTO  Глазго Каледониан  университетінің (INTO Glasgow Caledonian University) оқытушылары өткізді:

  • Ян Бучарт (Ian Butchart), Centre Director INTO Glasgow Caledonian University
  • Мелани Грей (Melanie Grey), English Language Programme Coordinator
  • Крис Бейтман (Chris Bateman), English Language Teacher
  • Simon Smith, English Language Programme Manager
  • Пол Стил (Paul Steele),
  • Леда Елиазкова (Leda Jeliazkova)
  • Тони Гилрой (Tony Gilroy), Head Of Student Services & Systems INTO Glasgow Caledonian University
  • Алан Шерри (Alan Sherry), Директор Глазго-кельвин Колледжа
  • Кэролайн Бодди (Caroline Boddie), Deputy Head Of International External Relations University Of Glasgow

Ұлыбританиядағы білім беру жүйесіндегі ерекшеліктер:

  • Мектептер жеке және мемлекеттік түрде жұмыс жасайды;
  • Оқу үрдісінде жоғары оқу орнында оқу үшін колледжді міндетті түрде  тәмамдау қажет;
  • Оқу жүйесі 3 семестерден, әр семестр 10 аптадан тұрады;
  • Семестар соңында бағалау ішкі және сыртқы  түрде жүргізіледі (ішкі – оқытушының өзі бағалайды, сыртқы бағалау – оқу орнында құрылған комиссия мүшелері тексеру және зерттеу жұмыстарын жүргізіп, семестрдегі сол студенттің бағасын шығарады);
  • Жоғары оқу орындары мемлекет қорынан қаржыландырылғанымен, өзі тәуелсіз жұмыс жасайды. Яғни, мамандық ашуда және есеп беру кезінде жоғары оқу орындарының бас ғалымдарынан құрылған ғалымдар ұйымы сараптап, белігілі бір мәселе шешімін қабылдайды.
  • Оқу орнындағы кітапхана қорының ерекше көптігі және білім алушыға өз бетінше жұмыс жасауға қолайлы жағдай жасалуы.

Кембридж тәсілі бойынша оқытылатын бағдарламаның мақсаты, міндеті және бағдарламаның қолжетімді жеті модулі:

  • оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;
  • сыни тұрғыдан ойлауға тәрбиелеу;
  • оқыту үшін бағалау және оқудағы бағалау;
  • оқытуда ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану;
  • талантты және дарынды балаларды оқыту;
  • білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;
  • оқытудағы басқару және көшбасшылық . Оқыту формасы адамзат қоғамының дамуымен бірге қалыптасты.

Тағылымдама барысында аталған университет тарапынан ағылшын тілінің дағдыларын жетілдіруді қамтамасыз ету мақсатында көптеген экскурсиялар ұйымдастырылды. Тарихи орындар және оқу орындары туралы жаңа білім алуға мүмкіндік берді, олардың МТБ-ны көруге мүмкіндік берді. Дәлірек айтсақ, Университетпен таныстыру  INTO GCU, Қаланың тарихи орталығына экскурсия, қаланың тарихи-мәдени мұрасымен танысу, ескерткіштеріне бару, The Riverside Museum (Museum of Transport), Peoples Museum & Winter Gardens  тамашалау, George Square & St Enoch, Location:  City Centre, тарихи университетке бару The University of Glasgow, Scotland, UK ерекшелігін көру мақсатында Глазгодағы өнер және мұражай  Kelvingrove Art Gallery and Museum, Глазго ғылыми орталығы (Glasgow Science Centre), Виски зауыты  Glengoye distillery, Glasgow Kelvin College. Колледж, білім беру және бағдарлама жайлы дәріс (колледж директоры Alan Sherry  жүргізеді), Эдинбург, Стирлинг, Лондон, Бэлфос қалаларына экскурсия.

Тағылымдама нәтижесінде қатысушы оқытушылар аталған университеттен халықаралық деңгейдегі сертификатпен марапатталды.

Қызылорда облысы бойынша шетелдік тағылымдамадан өткен оқытушылар тарапынан жаңа технологияларды тиімді қолдану арқылы өзара тәжірибе алмасу мақсатында жылдық жоспар жасалып, бекітілген жоспарға сәйкес бірнеше іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, 2018 жылдың 1 наурызында Қызылорда Облыстық Оқу Орталығы ұйымдастыруымен М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжінде «Арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытудағы жаңа технологияларды пайдалану шет ел тәжірибесінде» тақырыбында өткен Облыстық семинар-тренингі өтті.

М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінде 2018 жылдың 26 наурызында «Шет елдерде ағылшын тілін оқытудағы ерекшеліктер (Ұлыбритания, Финляндия, Чехия, Малайзия)» тақырыбында өткізілген қалалық семинар-тренингі өткізілді. Семинар-тренингтің мақсаты — шет елдерде тілдік тәжірибеден өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары оқытушылары арасында тәжірибе алмасу. Семинарға Ұлыбритания, Финляндия, Чехия, Малайзия елдерінде тілдік тағылымдамадан өткен оқытушылар және өндірістік оқыту шеберлері қатысып, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

2018 жылдың 19 маусымында Қызылорда Облыстық Оқу Орталығы «Модульдік құзіреттілік тəсілдеме негізінде əзірленген техникалық жəне кəсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру» тақырыбындағы облыстық семинарда жыл бойы Халықаралық, Республикалық, Облыстық, Қалалық дəрежеде үздік еңбек еткен оқытушылар қатарына, жоғары тəжірибелік жұмыстары негізінде тиісті тараптан алғыс білдірілді. Аталған семинарда «Электронды әдістемелік құралдардың студенттердің функционалдық дайындығын жетілдірудегі рөлі» тақырыбында баяндама жасадым. Семинар қатысушылары: Қызылорда облыстық техникалық және кәсіптік колледждерінің әдіскерлері және оқытушылары.

Білім саласында жұмыс жасайтын оқытушы үздіксіз білімін жетілдіріп отыруы – заман талабы. Білім жетілдіру курстарын кәсіби және педагогикалық бағыттарда жетілдіре отырып, 2016-2018жж. аралығында КЕАҚ «Кәсіпқор» Холдингінің» көптеген біліктілікті арттыру курстарынан өттім. Сонымен қатар, «Кәсіпқор» Холдингі» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық семинар-конференцияларына қатыстым: «Модульді-құзыреттілік негізінде әзірленген білім бағдарламаларды енгізу бойынша аймақтық семинары» (Шымкент қ., Оңтүстік Қазақстан аграрлық техникалық колледжі, қараша, 2016ж.), «Қолданбалы бакалавриат ендіруде оқу үдерісін ұйымдастыру және жұмыс берушімен өзара қарым-қатынас жасауда Көкшетау қаласының жоғары колледжі тәжірибесін зерттеу» республикалық семинар-практикумы (Көкшетау қ., Көкшетау қалалық жоғары колледжі, сәуір, 2018ж.). Сонымен қатар, 2018 жылы «Кәсіпқор» Холдингі» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының шаттан тыс тренері қатарына қосылдым.

Жыл сайын «Кәсіпқор» Холдинг» КЕАҚ  ұйымдастырып отырған «CLIL әдістемесі: арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту процесінде пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыру курстары бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері мен оларға теңестірілген тұлғалары үшін өткізілуде.

«CLIL әдістемесі: арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту процесінде пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту»  біліктілікті арттыру курстары нәтижесінде курс тыңдаушылары:

  1. Студенттердің  кең ауқымды дағдыларын дамыту жолдары туралы түсінікке ие болды;
  2. CLIL әдістемесін еңгізуде топтық, жұптық, жеке, өзара  жұмыс формалары арқылы ұйымдастыру  жолдарымен танысты;
  3. CLIL әдістемесі еңгізілген оқыту әдіс-тәсілдері бойынша  тәжірибе  алмасты.

Оқытудың интербелсенді ресуртары:

  • “Смартия” ресурсы — smartia.me. “Смартия” өзекті мамандықтармен таныстыра отырып, осы бағытта жұмыс жасауға бағыттап отырады. Қажетті мамандықты таңдай отырып (фотограф, веб-дизайнер, т.б.), оған қажетті біліктілік дағдылар тізімін көре аласыз. Аталған дағдыларды өз бетінше игеру мақсатында бірнеше оқу материалдарына сілтеме жасалған. “Смартия” ресурсы орыс тілінде жұмыс жасайды, бірақ көптеген материалдар ағылшын тілінде ұсынылған.
  • “BilimLand” оқыту платформасы – bilimland.kz. “BilimLand” – электронды оқытудың әлемдік көшбасшысының алдыңғы қатарлы жетістіктері негізіндегі білім онлайн платформасы. Сервис бір уақытта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді заманауи білім контентінің топтамасын ұсынады. Жалпы білімдік пәндері бойынша интербелсенді ресурстар оқу үрдісін ұйымдастыруда оқытушы үшін де, өз бетімен білім алу мақсатында — студент үшін де тиімді.
  • “Quizlet” — quizlet.com. Кез-келген пәнді игеруге мүмкіндік беретін ең қарапайым құрал. Миллиондаған модульдерден таңдай отырып немесе өз модуліңізді жасай отырып жұмыс жасауға болады. Карточкалар, ойындар және көптеген құрал көмегімен үлгерімді жақсарту мүмкіндігі мол.

Quizlet — бұл карточкалармен жұмыс жасауға мүмкіндік беретін веб-сервис, ол ағылшын тілінде сабақ беруге, терминдерді түсіндіруге, анықтамаларда жаттауға ыңғайлы әрі танымал ресурс, сонымен қатар семинарларда оқытушы мен білім алушының әрқайсысы үшін тиімді болуы мүмкін.

Оқытушы үшін қызықты тренажер болып табылады, студенттің қайталайтын негізгі түсініктер мен анықтамаларды тек бір рет енгізу жеткілікті. Сонда жүйе әртүрлі ойын әрекеттерін біріктіреді. Ал студент өзін өзі үйренетін «ойын» арқылы таңдап, оқу тақырыбын қайталай алады.

Quizlet көмегімен студент зерттелетін ақпаратпен өз бетімен жұмыс істейді және өзін тексереді. Сонымен қатар, оқытушы өз топтарын құруға, содан кейін жауаптардың статистикасын көруге мүмкіндік алады.

Quizlet көбінесе шетелдік сөздерді үйрену қызметі ретінде қарастырылады, бірақ бұл құралды оқу шеберлігінде шет тілдеріне ғана емес, сондай-ақ арнайы пәндерде термин-анықтамамен жұмыс жасауға тиімді ресурс болып табылады.

  • Kahoot, Plickers, Quizlet, Google формы, Proprofs, Classmarker, Easy Test Maker – қарапайым және күрделі интербелсенді тестілеу немесе ағымды бағалау құралдары болып табылады.

Арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды  іске асырудағы мақсаттар:

  • Арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту процесін ұйымдастыру;
  • Практикалық тапсырмаларды ағылшын тілінде орындауда шығармашылық белсенділікті қамтамасыз ететіндей жағдай жасау;
  • Пән ерекшелігіне қарай ғылыми – техникалық мәтіндерді түсініп, аудармасын жасауға дағдылану;
  • Оқыту барысында кездесетін ғылыми-техникалық  терминдердің мағынасын түсініп, сабақта қолдана білу;
  • Оқыту процесіне инновациялық технологияны енгізе отырып, арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуда кіріктірілген сабақ жүргізу.

 

Жунусова Жазира Кенжебековна
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық  техникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы, «Информатика, есептеу техникасы және байланыс радиотехникасы» пәндік комиссиясының төрайымы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.