Жахандану заманында кең тараған ағылшын тілін білу ең негізгі міндеттердін бірі болып отыр. Үштілді білім берудің басты мақсаты — әр білім алушы үшін жеке қабілеттерін көптілде дамыту. Көптілді меңгерген, өзін-өзі әлеуметтік және кәсіби билеуге, өздігінен дамуға қабілетті тұлға қалыптастыру.
Мемлекеттік тілді және басқа тілдерді үйрену арқылы балалар мен жастардың әлем және ұлттық мәдениетті игерулеріне, өз халқы мен басқа халықтардың дәстүрлері мен мәдениетін зерттеуіне және қабылдауына жағдай жасау керек, яғни полимәдениетті тұлға қалыптастыру керек.
Үштілділік жөніндегі сөз Елбасымыздың “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы: “Мектептерге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тарту қажет. Кез келген ортанқол мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет”, — деп ерекше атап көрсеткен.
Білім министрі 2019 жылға дейін елімізде үш тілді білім беруге көшуде еш кедергі болмауы керек деп санайды. 2019 жылға дейін жоғары сыныптарды осы жүйеге көшіретінін айтты. Бір айта кететіні, мектепте жоғары сыныптарға техникалық мамандықтар пәнін (химия, физика, биология,информатика) ағылшын тілінде өткізе отырып, оқушының әлемдік оқудағы үдерістерге ықпалдасуына жағдай жасайтынын тілге тиек етті.
Физика пәнінде ағылшын тілін дамытудың негізгі мақсаты — тіл дамыту негізінде білім қабылдауға дайындығын қамтамасыз ету. Оқушыны үштілді мәдениетке баулудың мақсаты: тілді дұрыс меңгерту, ауызекі сөйлей білуді үйрету, физикалық құбылыстарды түсініп, өз ойларын ағылшын тілінде жеткізе алу. Мамандардың ұсынылған педагогикалық іс-тәжірибесінде үш тілді оқу іс-әрекетті ұйымдастыру үшін төмендегідей бағыттар қамтылған:
– Баланың сөздік қорын кеңейте тілін дамыту;
– Жаңа сөздердің мағыналарын жетік түсіну;
– Синонимдер мен антонимдерді қолдана білу;
– Сөз тіркесі, сөйлемдерді дұрыс қолдану;
– Сөзді байланыстырып сөйлеуге үйрету;
– Диалог түрінде сөйлей білу.
Сондықтан ағылшын курсын бітірген физика пәнінің оқытушысы ретінде мен де өз тәжірибеммен бөліскім келеді.
Мен 7-8 сыныптар арасында физика пәнінен жақсы және орташа оқитын, бірақ ағылшын тілінен қызығушылықтары бар оқушыларды іріктеп алып факультатив сабақтарын өткізуге бел будым. Топта 15 оқушы іріктелініп алынды, әрбір сабақты ағылшын тілінде оқушылардың қал жағдайларын сұрап, әрбір әрекеттері туралы әңгімелесуден бастаймыз. Содан кейін қарапайым физикалық терминдермен танысып, әрі қарай негізгі физикалық құбылыстарды түсінуге тырысамыз. Оқушылардың бойында коммуникативті дағдылары қалыптасады, сонымен қатар физикадан білімі орташа оқушылардың физикалық түсініктері дамиды, себебі ағылшын тілін кіріктіру арқылы физика пәнін оқығанда мағынаны тану өте үлкен жетістіктерді көрсетті.
Заман талабына сай ақпараттық технологияны тәжірибеге енгізу негізінде «бейнекөрсетілім» әдісі, интерактивті – мультимедиялық әдістерді қолданудың пайдасы зор. Интерактивтік жаттығулар — балаларға жаттағуларды дұрыс жасауға және өзін-өзі тексеруге қажетті құрал.
Үштілді меңгерту барысында сөздік жұмыстың алар орны ерекше.
Тілді, оның грамматикалық құрылысын меңгеру балаларға өз пікірлерін айтуға, сұрауға, қорытынды жасауға, заттар мен құбылыстар арасындағы алуан түрлі байланыстарды аңғара білуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, сөздік жұмысы сөз арқылы баланы дәл ойлауға үйретеді, оның шыармашылық қабілетін арттыруға, сөйлеудің мазмұны мен формасының бірлігін қамтамасыз етуге бағытталады. «Сөз байлығы – қоғамның байлығы және сол сияқты әр адамның байлығы. Сондықтан балаларға сөздік жұмысын жүргізудің маңызы зор.
Қорыта келгенде үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік.
Егемен еліміздің ең басты мақсаты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Қазіргі білім берудің басты мақсаты да сол — жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру.
Шаймаханова Гүлсім Шахмарданқызы,
Әлкей Марғұлан атындағы
№40 орта мектептің физика пәні оқытушы,
Астана қаласы