Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Бүгінгі заман бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ.
Ал, ана тілін жақсы меңгермейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын кеңінен қолданбайынша, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес. Әлемде қанша ұлт бар, соларды бір-бірінен даралап тұратын басты құрал – туған тілі. «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті»,- деп Ахмет Жұбанов тілдің адамзат өміріндегі маңыздылығын өз еңбегінде түсіндірді.
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз… «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйымдастыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ететіні сөзсіз… »
Қазақстан Республикасы Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлығы туралы ойды алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассемблеясында атап өтті. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» — мәдени жобасын іске асыруды ұсынды. Тілдердің үштұғырлығы идеясында Елбасы оған нақты анықтамасын былай берген: «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі –ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі». Елбасының 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты жоспарын айқындап берді.
Тіл – халықтың жаны. Жанымызды қалай сақтасақ, тілімізді де солай сақтауымыз керек. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу – әрбір азаматтың міндеті. Бүгінде еліміз жаңа ғасырдың табалдырығын абыройлы көрсеткіштермен аттап, дамыған елу елдің қатарына қосылуға бет бұрғандықтан, еліміздің білім беру жүйесі де әлемдік білім талаптарына сәйкес болуы тиіс. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің талабы. Тілдің адам өміріндегі ең шешуші рөл атқаратыны әркімге де түсінікті. Ол – танудың, түсінудің, дамудың құралы. Ал үш тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Еліміздің шет елдермен байланыстарын дамыту үшін көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу – әр ұстаздың міндеті.
Үштілді оқыту – жас ұрпақтың білімді жан-жақты меңгеруіне ашылатын, әлемдік ғылым құпияларын ашуына, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілді дамыту керек, орыс тілін қолданамыз және ағылшын тілін үйренеміз. Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12-ші сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет»-деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті. Бірнеше тілді меңгерген ұрпақтың қабілеттерінің жан-жақты дамуына көп көмегін тигізеді.
Сондай-ақ, ағылшын тілін меңгеру келешекте латын тіліне көшу мәселесін шешуде де септігін тигізері әр қазаққа аян.
Қазақ елі тәуелсіздік алғанына жиырма бір жыл толды. Бүгінгі жастар еліміздің өркендегенін, жылдан-жылға дамып келе жатқандығын көріп, олар азат рухта тәрбиеленіп, өздерінің бай тарихына мақтана алатындай сезімде бой түзеуде. Сондықтан отаршылдық санада емес, тәуелсіздік рухтағы қазіргі қазақ жастары ұлтын сүйетін патриоттық сезімде қалыптасып келеді.
Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық. Сондықтан латын әліпбиін қазақтың табиғатына лайықты етіп жасау қажеттілігі туындайды.
«Қазақстанның келешегі – қазақ тілінде» демекші, қазір өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін мойындап келеді.
Қорыта келе, болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңін көркейте түсері сөзсіз. Жас ұрпақтың білімді болуы оларға жасалған жағдайлар арқылы мүмкіндіктер туғызу.
Үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Әр қазақ азаматы өз тілін шет елдерге дәріптеп жүрсе, ол елдің мақтанышы. Сондықтан да келешектің бұлыңғыр болмауына бірден-бір септігін тигізетін құрал – бірнеше тілді меңгеру. Ендеше еліміздің өркендеуіне жастардың көптеген үлес қосуына сәттілік тілеймін.
Меделбаева Жидегүл Қуаналықызы,
«Өрлеу» «БАҰО» АҚ
Ақтөбе облысы бойынша ПҚБАИ
Мониторинг және талдау бөлімінің бас маманы, магистр