Арай Станбекова,
Көктал орта мектебі директорының
әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары,
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы
Отандық білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға сай жетілдіру жолында Білім және ғылым министрлігі үштілді білім беруді қолға алып, кезең кезеңімен жүзеге асырмақ. Билікте талай талқыланып, таразыға түскен жаңа жоба қазіргі таңда еліміздегі санаулы оқу орындарында іс-тәжірибеден өткізілуде. Осыған дейін үш тілді білім беруді дамыту дарынды балаларға арналған 33 экспериментті мектепте, 20 НЗМ-нің және 30 қазақ-түрік лицейлерінде сынақтан өткізілсе, бүгінде орта мектептер де тәжірибе алаңына айналды. Солардың бірі Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Көктал орта мектебі.
Ағымдағы оқу жылы үш тілде білім беруді оқыту және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, CEFR негізінде тілді деңгейлеп оқыту (қазақ, орыс, ағылшын) бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ол үшін арнайы іріктелген мектептерде сынықтар жүргізіліп, нәтижеге сай бағдарлама жасалады. Осы мақсатта Көктал аралас мектебінде 8 «В» сынып оқушыларына химия пәнін қос тілде (орыс, ағылшын тілі) оқыту тәжірибесі жүргізуде. «Химия в задачах» курсын ағылшын тілін меңгеру курсынан, тестілеуден өткен Сатут Нуфарова жүргізеді. Білім беру саласында 10 жылдық тәжірибесі бар, ІІ санатты маман балалардың екі тілде де тақырыпты түсінуі үшін түрлі әдістерді қолдануда. Ағылшын тілінде білім берудің алғашқы сатысы болғандықтан сабақ түбегейлі ағылшын тілінде өтілмейді. Жамбыл облыстық білім басқармасы әдіскерінің басшылығымен жасалған жоспар бойынша, салаға қатысты терминдер ағылшын тілінде айтылады. Дәріс барысында оқушылар сөздікпен жұмыс жасайды. Орыс тіліндегі сөздің ағылшынша атауы қолданылып, балалардың жадында ұзақ сақталуы үшін жұмыстар жасалады. Арнайы курс 34 сағатқа жоспарланған. Тақырыптардың деңгейіне қарай сағат сандары белгіленген. Тәжірибелік сабақ аптасына 1 сағат жүргізіледі.
- «Химия в задачах» курсы қазір 8-сынып оқушыларына өтілуде. Сыныпта 8 оқушы бар. Балалардың пәнді ағылшын тілінде өтуге деген қызығушылығы жоғары. Қиындықтар да жоқ емес. Ағылшынша еркін сөйлесетін база болмағандықтан, терминдерді ағылшын тілінде жаттауымызға тура келеді. Бұл тәжірибе алаңы болғандықтан да қазір тек арнайы сөздерді ғана ағылшын тіліне аударып қолданудамыз. Болашақта арнайы ағылшын тілді пән мұғалімдері дайындалған тұста ағылшын тілінде білім беру бағдарламасы толық жүзеге асады деп ойлаймын,- дейді химия пәнінің мұғалімі Сатут Шабановна.
Үш тілді білім беруді дамыту бойынша кең ауқымды іс-қимыл жүргізу үшін 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Соған сай арнайы мектептер сынақтан өткізіліп, енді жоғарғы сынып оқушыларына 2017-2018 оқу жылынан бастап үштілді білім беру төрт пән бойынша (информатика, физика, химия және биология) жүргізіледі. Ол үшін шетелдік оқулықтар мен ағылшын тіліндегі оқу әдістемесі дайындалады. Қазақстан Республикасындағы білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңартылған білім беруге көшуді ескере отырып, ЖОО-ның да білім беру бағдарламасының мазмұны жаңартылады. 2017-2018 оқу жылынан бастап жаратылыстану-математикалық бағыттағы 4 педагогикалық мамандық бойынша педагог кадрлар даярлауды жүзеге асыратын 15 базалық ЖОО-да жоғары оқу орындарына арналған білім беру бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерін әзірлеу арқылы ағылшынша оқытуға көшу жүзеге асырылады. Педагогикалық жоғары оқу орындарында студенттердің IELTS-ты 6.5 балдан кем емес тапсыруға талаптарды күшейту тәжірибесін енгізу тетігі қарастырылатын болады. Және бұл талап мектеп мұғалімдерін кезең кезеңмен ағылшын тілі курсынан өткізу арқылы оларға да қойылатын болады. Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап, жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктеріне қарай, пилоттық режимде ағылшын тілінде оқытатын сыныптар ашылады деп болжануда.
Үштілді білім беру немесе үштілділік турасындағы тақырып кеше не бүгін қаузалған жоқ. Елбасы еліміз егемендік алғаннан бері өркениетті елдер көшіне ілесу үшін, бәсекеге бейім, білімді ұрпақ қалыптастыруда ағылшын тілін игеріп, әлемдік тілдегі ақпаратты еркін алып, кәдесіне жарататын жастарды тәрбиелеуіміз керек екендігін үнемі айтып жүр. Бұған мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың: «Біз үштілділікті енгізуді жеделдетудеміз. Бұл біздің ойлап шығарғанымыз не біздің қалауымызбен емес, бұл – қажеттілік. Қазірдің өзінде 20 пайыз қазақстандықтар ағылшын тілін меңгеріп отыр, яғни үш тілді білу – бұл жаһанданған өмірге жолдама, бұл адам өмірінің сәттілік қағидасы. Осы жаһанданған әлемде біздің балаларымыз ғаламшар азаматтары болады – олар барлық жерде және кез келген жұмысты атқара алулары керек және де олар осынау қилы заманда суда жүзген балықтай болулары керек», деген сөзі дәлел бола алады. Олай болса орта мектеп оқушыларына да әлемдік стандарттарға сай білім беру, олар үшін арнайы тәжірибе алаңын жасап, сараптау маңызды мәселе. Тек ел болып қолға алған істі болашағымыз үшін бәріміз бір кісідей қуаттап, қолғабыс етсек нәтижелі болар еді.