Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!..
Қазіргі біздің еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта елімізге үш тілді меңгерген, өз білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адам қажет. Егеменді еліміздің білім беру жүйесінде үш тілді оқыту технологиясының әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып терең білімді, ізденімпаз, шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән беріледі және олардың есте сақтау қабілетін жетілдіре отырып еркін сөйлеуге, өз ойын айту дәрежесіне жеткізу. Орта мектепте үш тілде яғни, ағылшын, орыс, қазақ тілінде оқытуда оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы терең білім берілуде.
Тілдер гармониясы дегеніміз – тілдердің үйлесімде бірлесіп өмір сүруі. Бұл көпұлтты мемлекетке тән құбылыс. «Ұлттардың бір-бірінен тілдік айырмашылығы олардың кеңістіктегі гармониялық бірлігін де қамтамасыз етеді. Дүниенің сұлулығы, табиғаттың кереметі – ондағы сан алуан түстердің гармониясы болуымен құнды десек, адамзаттың рухани әлемінің байлығы – әртүрлі ұлт мәдениеті мен ұлт тілдерінің гармониялы дамуымен де ерекше». «Үштілділік» бағдарламасының негізінде қазақ тілі орыс тілі ағылшын тілдерін меңгеру көзделуде.
Орыс тілін білу – тарихи артықшылығымыз. Орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымындары мен араласатын орталарын кеңейтіп жатыр.
Ағылшын тілін меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі.
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Еліміздің тәуелсіздігінің нышаны. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, яғни қазақ тілі – болашақтың тілі. Өзге ұлт өкілдерінің тілдерін оқып-білуге, үйренуге жағдай жасау арқылы әр тілдің өзіндік ерекшелігін білеміз, салт-дәстүрі мен таныс боламыз.
Орыс тілі мен ағылшын тілі мектеп қабырғасында жас ерекшелігіне қарай оқытылады. Сонымен қатар, тек грамматикасын меңгертіп қана қоймай, мұғалімдер оқушылардың еркін сөйлеп, өзіндік пікірін білдіре алатын дәрежеде оқытылып шығуларына баса назар аударғаны жөн. Бұл шараның іске асуы, нәтижелі болуы барлық жағдайдың жасалуын қажет етеді. Ағылшын тілі мен орыс тілін меңгерген азамат шет елде білім алып, ел экономикасымен, саяси ахуалымен, салт-дәстүрімен, болмысымен таныса алады. Оны еліміздің түрлі салаларында қолданып, жетістіктерге қол жеткізе алады. Тілді білудің ерекшелігі де осы. Сабақтан тыс шараларда, факультативтерде, үйірмелерде үш тілді бірдей қолдану тілді білуді әрі қолдануды қажет етеді. Бұл шаралар тілдердің қолданысы мен дамуына жағдай жасайды. Қорыта келгенде, Қазақстанның тілдер саясатындағы басты бағыт – тілдердің үштұғырлылығы.
Біздің мектебімізде үштілді білім беруді дамытуға арналған кешенді бағдарлама құрылып, жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгертуді көздеп отыр. Көпұлтты мемлекет үшін бұл қалыпты жағдай. Физика, химия, биология пәндері ағылшын тілімен біріктіріліп жүргізілсе, дүние жүзі тарихы пәні орыс тілімен біріктіріліп жүргізіледі. Бұл бір жағынан оқушылардың жан-жақты білім алуын қамтамасыз етумен бірге, олардың болашақ мамандық таңдағанда да пайдасы болатынына сенімдіміз. Үштілді білім беру бағдарламасы жоспарлы түрде жүргізіліп, мектепте өткізілетін түрлі іс-шараларда, пән апталықтарында, сыныптан тыс іс-шараларда көрініс табуда. Оқушыларымыз түрлі халықаралық зияткерлік сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Үштілді білім берудің ерекшелігі – өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан – жақты дамыту, жас ерекшелігіне сай ақпараттық сауаттылығын жетілдіру.Орта мектепте ерте жастан оқушыларды ақпараттық қоғамға бейімдеу, ақпараттық ойлау қабілетін дамыту, әлемдік білім кеңістігіне даярлау. Оқушыларымыз мектеп қабырғасынан физика, химия, биология ғылымдарының терминдерін тек қазақ немес орыс тілдерінде біліп ғана қоймай, ағылшын тілінде де меңгерсе, болашақта ғылыммен айналысса немесе жоғары оқу орнына түскенде де олар үшін пайдасы мол болады деген сенімдеміз.
Парпиева Рушана Рустамовна,
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы
№10 «Қарабұлақ» жалпы орта мектебінің ағылшын пәні мұғалімі