Home » Баяндамалар » Үштілділік – уақыт талабы

Үштілділік – уақыт талабы

ХХІ ғасыр бұл біздің үлкен қызмет атқарып, көптеген алға қойылған мақсаттарымызды жүзеге асырып, елдің пайдасына үлкен жемісті еңбек етуімізге жағдай жасалған даңғыл дәуір десекте артық айтпағанымыз. Оның тағы бір дәлелі Елбасымыздың «Үш тұғырлы» тіл саясаты.

Қазақстанның бүкіл әлем алдындағы беделін көтеріп, алдыңғы қатарлы мемлекет ретінде таныту мақсатында Елбасы 2006 жылы «Үштұғырлы тіл» туралы идеясын жария еткені белгілі. Көп ұзамай аталған идея негізінде  “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жоба қолға алынды.

Аталмыш жобаға қатысты бір кездері талайдың көкейінде түрлі сауал туындағаны даусыз. Алайда, «Үштұғырлы тіл» саясаты туралы Елбасымыз: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады», —  деген болатын. Қазіргі уақытта  осы жоба қазақстандықтардың тарапынан қолдау тауып, тетігін іске қосу бағытында түрлі жұмыстар атқарылып жатыр.

Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің дәрежесі уақыт өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бірден тұғырға көтерілмеді деп айтуға оңай, әрине. Шын мәнінде, бәріне уақыт керек. Уақыт өте келе тіліміздің өзінің мемлекеттік мәртебесіне сай дамитынына сеніміміз мол.

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында» мемлекеттік тілді ұлттар арасындағы бір­ліктің ұйытқысына айналдыру мақсатында басым бағыт ретінде қазақ тілін меңгеру мен оқытуды барлық білім беру жүйесінде дамыту, ағылшын тілін және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену туралы айтылып, нақты тапсырмалар берілген. Мәдени жоба мен бағдарламада көрсетілген межеге жету мақсатында Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында  бірқатар шаралар жүзеге асырылып, жемісін беріп жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» және «Тілдер жөніндегі» Заңдарының ережелерін басшылыққа ала отырып, Филиал педагог-мамандарды қазақ және орыс тілдерінде оқытады және ісқағаздарын жүргізеді. Осы уақытқа дейін құжаттар тек ресми тілде толтырылатын. Филиалдың профессорлық-оқытушылар құрамының тілдік дайындығы қазақ және орыс тілдерінде біліктілікті арттыру курстарын жүргізудің сапалы деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мамандарды кәсіби дамытудың білім сапасын көтеруде маңызы зор. Заман көшінен қалмай, уақыт талабына бейімделу – барлық қазақстандықтың негізгі міндеті. Білікті маман үшін мемлекеттік  тілді білу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Осы орайда «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілі сияқты қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» деген Елбасы пікірі Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша азаматқа түрткі болып, ой салуға тиісті.

Кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында атқарылған сан алуан істің ұйытқысына айналған институт ұжымы үшін де жоғарыда көрсетілген мәселе бүгінгі күні күн тәртібінде тұр. Бірнеше тілді білу бәсекеге қабілеттіліктің айғағы деп түсінетін институт басшысы, профессор С.Д. Мұқанова аталмыш мәселені шешу жолдарын қарастырып, мемлекеттік тіл саясатын дамыту бағытында ұжымға нақты тапсырмалар беріп отыр.

Осы орайда, биылғы жылдың 24 наурызында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ «Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасы  «Үштілділік – уақыт талабы» педагогикалық идеялардың облыстық Форумының аяқталу кезеңін өткізді.

«Үштілділік – уақыт талабы» атты педагогикалық идеялардың облыстық Форумы білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында білім беру сапасын қамтамасыз ету үшін талантты педагогикалық қызметкерлерді анықтау,  оларды қолдау мен ынталандыру, үштілділік білім беру процесін дамыту бойынша ең үздік педагогикалық тәжірибені жалпылау және тарату, үздік педагогикалық идеяларды насихаттау мақсатында өткізілді. Форумға үштілділік білім беруді жүзеге асырушы Қарағанды облысы мектептері  директорларының орынбасарлары, сынып жетекшілері мен психологтары, мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешілері мен әдіскерлері, білім беру ұйымдарының барлық түрлерінің педагогтері қатысып, өз бақтарын сынады.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері, «Сарыарқа дарыны» АҒПО және Қарағанды облысының ББД ОӘО басшылары, Қарағанды қаласы ББ әдіскерлері, Қарағанды қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары  қазылар алқасының құрамында болды. Олар «Тілдерді оқытуға жүйелі көзқарас», «Тілдерді оқытуға әдістемелік қоржын», «Шығармашылық толқын» бағыттары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Педагогикалық идеялар облыстық форумының жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Осы Форумның жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, өткізілуіне мұрындық болған Филиалдың тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушылары Меруерт Мукушева мен Лаура Абзалбектің еңбегін ерекше құрметпен атап өтпеске болмас.    Форум 2016-2019 жылдарға арналған білімді және ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының басым міндеттерінің бірі ретінде үштілді жүзеге асыруға үлес қосты.

Мекеме басшысы тарапынан мемлекеттік тіл саясатын дұрыс жүргізу мәселесі алғашқы орында тұрғанмен, ұжымдағы мамандардың қазақ,  ағылшын тілдерін меңгеру деңгейі де күн тәртібінен қалыс қалған жоқ.

2015 жылдан бастап ұжымдағы мамандар үшін мемлекеттік тілді, ал 2016 жылдан ағылшын тілін деңгейлеп оқыту курстары ұйымдастырылды. Сәулеш Дімкешқызының басшылығымен алғаш рет Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы тарапынан ұйымдастырылған курсқа қатысқан мамандар мемлекеттік тілді меңгерудің А1 Қарапайым деңгейінде білім алып шықты. 2016 жылдан ағылшын тілін оқытуға да бетбұрыс жасалды. Өткен жылы 72 сағаттық бағдарламамен 1-топ ағылшын тілін оқыту курсынан өтсе, 2017 жылдың маусымында 2-ші топ ағылшын тілін оқыту курсын аяқтап, сертификаттарын алды.

Сондай-ақ Елбасының тілдер туралы бастамасын жүзеге асыру мақсатында біздің мекемемізде тілдерді оқыту әдістемесін жетілдіру, оқушылардың тілдік дайындық деңгейлерін арттыру үшін аймақ педагогтарына арналған семинарлар, шеберлік сағаттар, әдістемелік десанттар, он-лайн консультацияларды үзбей өткізіліп тұрады.

Жоғарыда айтылған жайттардың түйінін жасар болсақ, педагог-мамандардың біліктілікті арттыру институтында тіл саясатын жүзеге асыру бағытында ілкімді шаралар атқарылуда және одан әрі жалғасын таба бермек.

Тілеу Туғанбаева

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Қарағанды облысы бойынша

ПҚ БАИ бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.